Жаңа ғана дүниеге келген әлсіз сәбидің бойына сіңіп, күш беретін ана сүті ешбір өніммен теңеспейтін құнды тағам. Мединица қанша дамыса да, оның орнын алмастыратын жасанды балама әлі күнге дейін табылған жоқ. Бұл ана сүтінің қаншалықты пайдалы һәм теңдессіз екенінің дәлелі емес пе?

Осы орайда Астана медицина университеті, академик Е.Д.Дәленов атындағы профилактикалық медицина ҒЗИ, салауатты өмір салты орталығының жетекші ғылыми қызметкері, дәрігер-диетолог Жанна Нұрбергенмен байланыстық.

Иә, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәрестенің алты айлығына дейін тек ана сүтімен қоректендіруді ұсынады. Себебі оның құрамы баланың жасына, қажеттілігіне қарай өзгеріп, әр кезеңде ең қолайлы қоректік заттарды ұсынады.

− Ана сүтінің басқа тағамдардан басты айырмашылығы – оның «тірі», өзгермейтін күрделі биологиялық құрылымында. Оның құрамы тәуліктің уақытына, ананың тамақтануына, баланың жасына байланысты өзгереді.

Ұзақ мерзімді ғылыми зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, ана сүтінің метаболизмді реттейтін биологиялық белсенді заттарына байланысты ана сүтімен қоректенген балаларда семіздік қаупі төмен болады, сонымен қатар олардың арасында І және ІІ типтегі қант диабеті, астма, аллергия, қан қысымының жоғары болуы секілді түрлі дерт өте сирек кездеседі, − дейді Жанна Нұрберген.

Сұхбат барысында дәрігер «Ана сүті – нәрестенің алғашқы «вакцинасы» деп нықтап айтты. Бұлай деуге себеп − ондағы IgA, IgG, IgM сияқты антиденелер баланы тыныс жолы инфекцияларынан, ішек ауруларынан, вирустық және бактериалдық инфекциялардан қорғайды.

− Сүтте кездесетін пайдалы май қышқылдары – ми жасушаларының құрылыс материалы. Ана сүтімен қоректенген балаларда құлақ қабынуы, тұмау, пневмония, іш өту жағдайлары 2-3 есе аз кездеседі, IQ көрсеткіші жоғары, тіл үйрену, есте сақтау қабілеті жақсы дамиды және нейрондардың байланысы жылдам қалыптасады.

Ана сүті нәрестенің әлсіз ас қорыту жүйесіне дәл бейімделген. Мысалы іш қатуды азайтады,шаншудың алдын алады, аллергия қаупін төмендетеді, ішек микробиомын дұрыс қалыптастырады, − деп түсіндірді дәрігер.

Сондай-ақ емізу баламен қатар анаға да пайдалы.

− Мысалы артық салмақтың табиғи жолмен кетуіне ықпал етеді, сүт безі және аналық без қатерлі ісігі қаупін төмендетеді, окситоцин бөлінуінің әсерінен эмоциялық күй де тұрақталады. Ал баланы қоректендіру кезінде ана мен сәбидің арасында ерекше психологиялық байланыс қалыптасады. Бала өзін қауіпсіз сезінеді, екеуінің де эмоционалды үйлесімі күшейеді.

Ана сүті – нәресте үшін ең табиғи тағам. Оның пайдасы бала денсаулығына ғана емес, ана денсаулығына да ұзақ мерзімді оң әсер береді. Сондықтан ана сүтімен қоректендіру – баланың өмір бойғы денсаулығының берік іргетасы, − деп түйіндеді Жанна Нұрберген.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!