Әкесінің денсаулық жағдайына алаңдаулы Фариза Туреханова есімді қала тұрғыны кәсіби медицинадан ем таба алмаған соң, аурудан құтылудың түрлі жолын қарастырды. Еліміздің өзге өңірінде ерекше шипагерлік қасиетімен танымал болған емшіні іздеп тапқан ол, ойланбастан отбасын ертіп, сонда аттанады. Ол кісі таудың етегіндегі шағын ауылды мекендейді. Бұрын дәрігер болып қызмет атқарған, медициналық білім алған бұл емшіге кейіннен ата-бабаларынан ерекше емшілік қасиет дарыған деседі. Емші апа онкологиялық дерттерді, сондай-ақ өзге де ауруларды емдеумен айналысады.

Бұл кісінің басты емдеу әдісі – шөппен емдеу. Науқастың тамырын ұстап, диагноз қояды және сол бойынша шөптен дәрі дайындайды. Шипалы өсімдіктерді апта сайын таудың басынан өзі жинап алып келеді екен.

Көпшілікке онша танымал болмағанымен, емші апаның атына алыс-жақыннан келушілер үзілмейді. Оның алдынан шипа тапқан жандар арасында әсіресе онкологиялық дерттен айыққандар көп. Кезекте тұрғандардың ішінде бұрын емделіп, дертінен құлан-таза айыққан адамдар да бар. Олар емшінің шөптен дайындалған дәрілерінің оң нәтиже бергенін айтып, ризашылықтарын білдіреді.

Солардың бірі – ауыр онкологиялық сырқатқа шалдыққан науқас. Емші апаға қаралып, оның қойған диагнозы мен шөп дәрісінің арқасында науқастың дертінің таралуы тоқтап, уақыт өте келе сырқатынан мүлдем айыққан. «Бұл кісінің шөптен жасаған дәрілерін тұтынғаннан кейін дәріханалардағы дәрі-дәрмектерге қажеттілік қалмады» дейді науқас.

Иә, мұндай ғажайыптың болғаны көңіл қуантып, сан жүрекке үміт сыйлайтыны рас. Алайда дәстүрлі емес медицинаның толық қанды не туралы екенін көбі біле бермейді.

Дәстүрлі емес медицина – адамзаттың ежелден келе жатқан тәжірибелеріне сүйенетін, бірақ қазіргі заманғы ғылыми негізге ие емес емдеу тәсілдерінің жиынтығы. Кейінгі жылдары бұл медицинаның түрлі әдістері қоғамда кеңінен қолданылып жүр. Біреулер оны емделудің баламасы ретінде көрсе, өзгелер қауіпті деп есептейді. Дегенмен оның пайдасы мен зияны туралы әлі күнге дейін ортақ пікір жоқ.

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында бақсы-балгер мен емшінің ерекше орны бар. Көшпелі өмір салты кезінде кәсіби дәрігерлердің болмауы халықты табиғатпен үндесіп, сырқаттарын шөптермен, тылсым күштермен емдеуге итермеледі. Бақсылар бубеннің үнімен рухтарды шақырып, ем жүргізсе, балгер болашақты болжап, науқасқа шипа іздеді. Бұл сенім ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықтың сана-сезіміне терең орнықты. Бүгінде де кейбір адамдар сырқаттанғанда алдымен емханаға емес, емшіге жүгінуді жөн көреді. Алайда дәл осы сенім кейде адамдарды ғылыми негізі жоқ, қауіпті емдеу әдістеріне итермелеп, денсаулықтарын қатерге тігеді.

Кейбір адамдар үшін дәстүрлі емес медицина науқастың рухани, физикалық және эмоционалды қалпын жақсартудың бірден-бір жолы. Бұл салада фитотерапия, акупунктура, гирудотерапия сияқты әдістер көп таралған. Олардың кейбіреулері ғасырлар бойы пайдаланылып келеді және белгілі бір деңгейде оң нәтиже көрсеткен жағдайлары да бар.

Мәселен, акупунктура (ине терапиясы) ауырсынуды азайту үшін тиімді деп саналады, ал фитотерапия табиғи дәрілік өсімдіктерді қолдану арқылы иммунитетті нығайтады. Мұндай әдістерді қолдайтындар олардың табиғи жолмен емделуге мүмкіндік беретінін алға тартады. Көпшілік біз білетін кәсіби медицинадан ем таппаса, бақсы-балгер аралап, тау-тасты жағалаудан да тайынбайды. Ал ұсынатын емдік дәрісінің құрамы шөп болғандықтан, оның зияны жоқ деп пайымдауға бейім.

Алайда дәстүрлі емес медицина ғылыми дәлелдерге сүйенбейтіндіктен, оның көлеңкелі тұстары да жеткілікті. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп, құқықтық реттеудің жоқтығы науқастардың денсаулығына айтарлықтай қатер төндіретінін атап өтті.

– Мәселе мен тәуекелге тоқталсақ, дәстүрлі емес медицина саласын нақты заңнамалық реттеудің болмауы келесі мәселелерге әкеледі. Пациенттердің денсаулығына қауіп: дәлелденбеген немесе қауіпсіз емес емдеу әдістерін қолдану денсаулық жағдайының нашарлауына немесе асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін. Бақылау және жауапкершілік механизмдерінің жоқтығы: пациентке зиян келтірілген жағдайда, жауапкершілікке тарту және зардап шеккендердің құқықтарын қорғау үшін нақты механизмдер жоқ, – деді сенатор.

Дәстүрлі емес медицина саласында құқықтық база болмағандықтан, пациенттердің денсаулығына зиян келтірілген жағдайда жауапкершілікке тарту механизмі де жоқ. Бұл, өз кезегінде, медициналық тәжірибесі жоқ тұлғалардың халықты емдеу ісімен айналысуына мүмкіндік береді.

Мәселен, кейбір шөптік препараттар мен «халық емдері» жанама әсер тудырып, аурудың асқынуына әкеліп жатады. Бибігүл Жексенбай ұсынғандай, осы салада дәлелдерге негізделген әдістер мен практикалардың тізімін жасау және лицензиялау жүйесін енгізу арқылы ғана қауіп-қатерді азайтуға болады.

Қазақ халқының табиғатқа жақын, емдік шөптер мен халық емдеріне сенім артуы дәстүрлі емес медицинаның танымал болуына негіз болуда. Дегенмен сенімі сүттей халық үшін мұның тұзақ екенін ескеру қажет. Өкінішке қарай, біліксіз емшінің қолына түсіп, емделудің орнына денсаулығын нашарлатып алған жағдайларды азды-көпті естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан дәстүрлі емес медицинаны қолдану кезінде сақтық танытып, білікті дәрігерлердің кеңесін алу қажет.

Дәстүрлі емес медицина – екі қырлы құрал. Оның кейбір әдістері тиімді болуы мүмкін, бірақ ғылыми негіздемесі жоқ тәсілдер мен бақылаусыз емдеу қауіпті. Халықтың денсаулығын сақтау үшін бұл саланы құқықтық реттеу маңызды. Лицензиялау, бақылау және қауіпсіз әдістерді тіркеу арқылы дәстүрлі емес медицинаны көлеңкелі аймақтан шығару қажет.

Медициналық қызметтерді пайдалану кезінде адам әрдайым өзінің денсаулығы үшін жауапты екенін ұмытпауы керек. Сондықтан дәстүрлі емес медицина әдістеріне жүгінбес бұрын, ғылыми дәлелденген, мамандар мақұлдаған тәсілдерді таңдаған дұрыс.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!