Қазір елде қытай көлігіне деген сұраныс жоғары. Оны айналадағы көпшіліктің темір тұлпарына қарап байқау қиын да емес.

Бірнеше жыл бұрын автосалондар саусақпен санарлық болатын болса, қазір қаланың кез келген аймағынан жарнамасы жарқырап тұрған ғимараттары көзге түседі. Одан қалды Армения, Грузия, Дубайдан тасымалдайтын делдалдар әлеуметтік желілерде қызметін жарнамалап әлек. Неге десеңіз, ішкі нарықтағы сұраныстың көптігі соншалық, 10-20 жыл пайдаланылған көліктер де жылдам «иесін» тауып кетіп жатады. Жә, бұл мәселенің мәні белгілі. Біздің айтпағымыз, қытай көліктерінің жайы.

КӨРСЕТКІШ КӨТЕРІЛДІ

Жуырда «Кolesa.kz» қосымшасында Қытайдан келген көліктердің пайызы артқанын жариялаған. Яғни, ондағы өнімдердің үлесі 50 пайыздан асқан. Қызығы сол, 2022 жылы Қытайдан келген машиналар барлық хабарландырудың бірнеше пайызын ғана құраса, жапон және кәріс маркаларының көрсеткіші 70 пайызға жуық еді. 2025 жылдың аяғына қарай 50 пайыз қытайлардың еншісінде болды. Ал жапон және кәріс брендтерінің үлесі 29 пайызға дейін азайды.

Қытай автоөнеркәсібі экспансиясын баяулататын түрі жоқ. 2026 жылдың басында Қазақстанда «Soueast» өнімдері саудаға шықты, MG-дің жұмысы жанданды, BYD топтамасына бірнеш модель қосылды, Lynk & Co 08 гибрид крассовері жарық көрді. І тоқсан қорытындысы бойынша Қытайдың жаңа көліктерін сату туралы хабарландыру саны 61,6 пайыз артты.

Бұл аз десеңіз, Changan, Chery, Haval, Geely, Li Auto, Zeekr, Jetour көліктері қаптап тұр. Ал бұлардың бағасы да қолжетімді, заманауи дизайн және жаңа технологияларымен сұранысқа ие. Соның ішінде Changan, Chery, Haval көліктері Қостанай және Алматы қалаларындағы зауыттарда отандық құрастырудан өтеді.

2033 жылға қарай Қазақстанда он жылдан асқан машиналардың үлесі – 80%, 20 жылдан асқан машиналардың үлесі 56%-ды құрайды. Ал 3 жылдан аспайтын жаңа көліктердің үлесі небәрі – 8,2 пайыз. «Jusan Analytics» сарапшыларының зерттеуінде кейінгі 20 жылда елдегі автокөліктер саны үш есе өскені айтылған. Мысалы, 2003 жылғы 1,14 миллионнан 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 3,9 миллионға дейін жеткен. Рекордты көрсеткіш 2014 жылдың ортасында 4 миллион данадан астам болып тіркеліпті. Бұл рубль доллар мен теңгеге қатысты әлсіреген тұспен сәйкес келеді.

Нақты деректерге сүйенсек, осы жылдың жеті айында елімізде ең танымал Hyundai, Chevrolet және Kia секілді автобрендттердің сатылымы анағұрлым азайған. Есесіне, қытайлық көліктердің сатылым қарқыны күшейіп отырған сыңайлы.

Қазақстан автомобильдері одағы (ҚАО), автокөлік дилерлері 2023 жылы 200 мыңға жуық жаңа автокөлікті сатып, алдыңғы жылмен салыстырғанда +60% жоғары нәтижеге қол жеткізген керемет көрсеткішті әлі де ұстап келе жатқанын айтып отыр. Осы арада нарықты өткен жыл деңгейінде ұстап тұруға қытайлық көліктердің үлесі көп екенін байқайсың.

Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, 2024 жылдың жеті айында Chery және Haval автокөліктері сатылымының өсімі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 50%-ды құраса, ал Jac тіпті екі есе өскен. Ал кейінгі екі жылда Changan автокөлігінің сатылымы өте жоғары. Бұл брендтерден басқа, сатылым көшбасшыларының ондығына Jetour және Geely секілді көліктер де кіріп отырғаны көрінеді.

Қазақстан автомобиль одағының басшысы Анар Мақашеваның айтуынша, қазір үлкен өсім көрсетіп отырған қытай брендтері, былтырғы жылдың есепті мерзімінде нарыққа енді шықса керек немесе өз көлемін жаңадан өсіре бастаған болуы керек.

– Отандық тауар өндірушілер алдағы уақытта да жетекші позицияларды сақтайды. Қазір қазақстандық өндірушілер уақытша статистикалық құлдырауды бастан кешіруде, өйткені өткен жылы олардың көрсеткіштері өте жоғары болды. Бұл әртүрлі себептермен нарықта кешіктірілген сұраныстың болуына байланысты. Ал одан кейін нарық стандартты сатылыммен қалыпты жағдайға оралады. Сондықтан салыстыру кезінде құлдыраудың байқалуы заңдылық. Бірақ іс жүзінде отандық брендтер де жетекші орынға ие, – деп сендіріп отыр ҚАО президенті.

Десек те, ел нарығына қытай көліктерінің қаптап келуіне не себеп деген мәселеге оралсақ, «қытайлықтар» сатуды ынталандыратын қаржылық өнімдердің әртүрлі пакетін ұсына отырып, бюджеттік сегменттегі қолжетімділіктің арқасында өз үлесін арттыруда екен. Өйткені, нарықтағы тауашаны біреу толтыруы керек еді, мұны қытайлық көлік брендтері толтырып жатыр, олар қарапайым бюджеттік, сапалы әрі бағасы қолжетімді.

– Бүгінде қазақстандық сатып алушылар ҚХР-дың көптеген автомобилі өздерінің аса беделді бәсекелестерінен еш кем түспейтінін біліп алды. Қытайлық брендтердің танымалдылығы автомобильдердің технологиясына және баға мен сапа арасындағы оңтайлы теңгерімге байланысты артып келеді. Ақылға қонымды ақшаға қытайлық өндірушілер дизайны стильді, жайлы, белсенді қауіпсіздікті қамтамасыз ететін опциялардың кең ауқымын, сондай-ақ озық технологиялық шешімдерді ұсынып отыр. Сонымен қатар тартымды кепілдік шарттары, уәкілетті дилерлік орталықтардың кең желісі және қосалқы бөлшектер түпнұсқасының көптеп болуы сияқты артықшылықтарын да атауға болады. Қытайлық брендтерге тартымды және пайдалы қаржылық бағдарламалар бар. Міне, осының бәрі қытай көліктерінің ел нарығын жаулап, сатып алушылар сұранысын арттыруға ықпал етіп отыр дегенге саяды, – дейді қытай брендтерін сатумен айналысатын компания өкілдері.

АРЗАН КӨЛІКТІ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЙДІ

Қытай көліктері келгелі бірсыпыра корей мен жапон көліктерінің сұранысы төмендегені белгілі болды ғой. Оған қоса арзан көліктерді де тығырыққа тіреп, сатылымын төмендеткені тағы бар.

Әріден бақылайтын болсақ, 2008 жылы елге оң рульді автомобильдерді әкелуге тыйым салынғандықтан, импорт екі есе төмендеді. 2010 жылы Қазақстан Кеден одағына кіргеннен бастап «ескі» көліктерге салынатын кедендік баж айтарлықтай өсіп, он жылдан аса пайдаланылған автокөлік импорты тиімсіз бола түсті.

Сарапшылар 2014-2015 жылдардағы жағдайды ерекше атап өтеді. Бұл кезде рубльдің теңгеге әлсіреуіне байланысты Ресейден салыстырмалы түрде төмен бағамен екі есе көптеген жаңа және пайдаланылған машина әкелінді.

2016 жылы алғашқы тіркеу және кәдеге жарату үшін төлем енгізілгеннен кейін Қазақстанға үш жылдан асқан машиналарды әкелу өте қымбатқа түсті. Осыдан бастап Қазақстанның автомобиль нарығы негізінен отандық өндіріс немесе жаңа автомобильдер импорты есебінен толтырыла бастады. Сонымен қатар елде сапалы және арзан автокөліктердің тапшылығы пайда болды.

Қазақстанның автонарығын талдау және мониторинг орталығының бас директоры Артур Мискарянның пікірінше, қытайлық компаниялар Қазақстанда сатылымды арттыруды жалғастырады. Сонымен қатар, Қазақстанда төменгі емес, орташа баға сегментіндегі автомобильдер сатылатынын атап өтті: олар еуропалық және жапондық өндірушілердің шығарылған модельдерін алмастырады. Біздің нарықта арзан «қытайлық көліктер» жоқ. Ішкі нарығында кейбір жергілікті өндірушілер көп жағдайда арзан әрі шағын жиынтықтағы электрлі көліктер модельдерін ұсынады. ҚХР мұндай техникаға тұтынушылық сұранысты ынталандырып келді. Сарапшылардың айтуынша, әдетте мұндай модельдері тұтынушылық қасиеттер жиынтығына, техникалық сипаттамаларына, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарына байланысты Қытайдан тыс нарықтарда сертификатталмайды.

ҚЫТАЙДА КӨЛІК КӨП, ЖЕТКІЗУ ҚИЫН

Қытайдың көліктері елімізде ғана емес, әлемдік нарықта да айтарлықтай сұранысқа ие бола бастаған. «Moody’s» агенттігінің мәліметтері бойынша, Қытай автокөліктерінің жылдық экспорты 2021 жылы Оңтүстік Кореяны, 2022 жылы Германияны, ал 2023 Жапонияны басып озған. Бұл көрсеткіш әлі де жоғарыламаса, төмендемейді.

«Financial Times» басылымы бұл бетбұрыс еуропалық, америкалық, жапон мен оңтүстік кореялық компаниялардың үстемдігінің аяқталғанын білдіреді десе, «The New York Times» Қытайдың автокөлік экспортын шектеп отырған тасымал кемелерінің жеткіліксіздігі деп жазады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, елдің автомобиль өнеркәсібіндегі терең құрылымдық проблемалар оның жаһандық нарықта үстемдік етуіне алғышарт болып отыр.

Қытай зауыттарындағы өндіріс пен жергілікті сұраныс арасындағы сәйкессіздік ішінара қате болжамның нәтижесі дейді мамандар. Себебі нарықта ішкі жану қозғалтыштары бар автомобильдер сұранысы күрт төмендеп, ал электромобильдерге деген қызығушылық керісінше арта түскен. Дегенмен барған сайын урбанизациялана түскен ондағы қала халқы бірлескен жолаушылық сервистерді құп көріп, электр көліктеріне де сұраныс бәсеңдеген.

Қытайдағы Chrysler-дің бұрынғы басшысы Билл Руссо осы құбылыстың салдарынан елде автоөнеркәсіптің қуаттылығы жоғары зауыттары қажетсіз қалу қаупіне ұшырағанын айтады. Елдегі жеке секторды қолдаушы өнеркәсіптік саясат пен инвестициялар Қытайдың осы саладағы бәсекеге қабілеттілігін арттырғаны сөзсіз. Отандық өндірушілер, соның ішінде электр көліктер бойынша чемпион саналатын BYD қазір шетелдік автомобиль өндірушілерден асып түсіп, тіпті сыртқы нарықтарға назар аудара бастаған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, жиһаздан бастап тұрмыстық электроникаға дейінгі қытайлық тауарлардың жалпы экспорты 2023 жылдан бері төмендеген болса, Қытайдың автомобиль өнеркәсібі кейінгі үш жылдың ішінде экспортты төрт есеге арттырған. Қытайдың көптеген тауарының экспорты құлдыраса да, шетелге тасымалданатын автокөліктер саны азаймай тұр. Керісінше, өз халқы бас тартып жатқан бензинмен жұмыс істейтін автомодельдердің шетелдік сатылымы айтарлықтай өскенін атап өту қажет.

Қорытындылай келе, қытай көліктері бүгінде қолжетімді бағасы, заманауи технологиясы және түр-түрінің көптігі арқылы нарықтағы орнын нығайтты. Сапасы да бұрынғыдай емес, жылдан-жылға жақсарып келеді. Дегенмен, кей модельдерге қатысты сенім, қосалқы бөлшек пен ұзақ мерзімді төзімділік мәселелері әлі де талқылануда. Сондықтан көлік таңдауда бағаға ғана емес, сапа мен қауіпсіздікке де мән берген жөн.

Нұр БАҚЫТ
Сурет ашық дереккөзден алынды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!