Қызылорда облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған 145 мыңнан астам азамат бар. Олардың көпшілігі облыс орталығы, Байқоңыр қаласы, Қазалы және Жаңақорған аудандардың Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер мен жалдамалы қызметкерлері. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Ұлт денсаулығы мәселелері» жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесінің отырысы барысында МӘМС жүйесінде азаматтарды өзектендіру мәселелері көтерілді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтың айтуынша, кәзіргі танда аймақ тұрғындарының 81,8% МӘМС жүйесінде сақтандырылған, ал 2020 жылы облыс халқының 87%-ын медициналық сақтандырумен қамту міндеті қойылған.

Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың жұмысына шағымдар көбейді. Басым үлесі медициналық көмек көрсету сапасыздығы, медициналық көмек көрсетуден бас тарту. 2021 жылдың 6 айында қызылордалықтардан 78 шағым түскен. Мониторингтік тексерулер барысында медициналық ұйымдарға 973 898 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Отырыс барысында тиісті ведомстволардың алдына халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, қызметкерлердің, жеке кәсіпкерлердің МӘМС үшін тұрақты төлемдерін қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және т. б. міндеттер қойылды.

Медициналық көмек көрсетуден бас тартқан жағдайда, медициналық қызмет сапасыз болған жағдайда, пациент байланыс орталығына 1406 нөмірі бойынша немесе Qoldau-24/7 мобильді қосымшасы арқылы шағымдана алады.