Балаларға арналған «Спутник V» вакцинасын салу Ресейде келесі жылдың қаңтар айында басталуы мүмкін. Бұл туралы Мәскеудегі №5 аурухана баса дәрігері Марьяна Лысенко Бірінші арнаға берген сұхбатында айтқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

«Менің ойымша, балаларға вакцина салу келесі жылдың қаңтарынан басталады. Қазір клиникалық зерттеулер жүргізіліп жатыр. Барлығы сәтті өтіп жатқан секілді, бізде әзірге нәтижелері жоқ. Егер барлығы жақсы болса, желтоқсан-қаңтар айларында балаларға арналған вакцина таныстырылуы мүмкін», – деп бөлісті дәрігер.

Марьяна Лысенконың айтуынша, балаларда коронавирус ауыр өтеді. Сондықтан вакцина салу маңызды болып отыр. 

Бұған дейін Гамалеи атындағы орталық басшысы Александр Гинцбург балаларға да вакцинаның екі компонентін салу жоспарланып отырғанын айтқан еді. Тек вакцинаның концентрациясы төмендетілген. Бұл вакцинаны елімізде қолданатыны әлі белгісіз. 

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің балалар мен жүкті әйелдерге Pfizer вакцинасын салу жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.