Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі екі жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жарналарды уақтылы төлейтіндер және «Сақтандырылған» жүйесінде мәртебеге ие болған адамдар қолдағы бар игіліктерді пайдалануды үйренді.

Халықтың тұрақты түрде төлем жасамайтын немесе мүлдем төлем жасағысы келмейтін шағын бөлігі уақтылы медициналық көмек алу мүмкіндігінен айырылып, өзінің жағдайын шұғыл медициналық көмекке зәру болуға дейін жеткізеді. Сақтандырылған халық үшін жасалынатын артықшылықтар туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақпараттық-түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Ирина Подскочая айтып береді.

Егер «МӘМС туралы» Заң мен Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексті қарастыратын болсақ, онда сақтандыру бойынша медициналық қызметтер тізіміне төмендегілер кіреді:

1. Амбулаториялық жағдайдағы медициналық көмек (ауруларды диагностикалау және емдеу);

2. Стационарды алмастыратын жағдайлардағы медициналық көмек

(ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда); сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда үйдегі стационардың қызметтері;

3. Стационарлық жағдайдағы медициналық көмек;

4. Медициналық оңалту;

5. Патологиялық-анатомиялық диагностика;

6. Қайтыс болғаннан кейінгі донорды дайындау;

7. Медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету.

Алайда, бұл бәріне түсінікті бола бермейді, сондықтан жүйені басқа қырынан қарастырайық.

– Ирина Владимировна, Сіздің халықпен және медициналық қоғамдастықпен жұмыс істеуде тәжірибеңіз мол. Әрине, сіз күн сайын МӘМС жүйесіне деген қарсылықтар мен отандық медицинаның сапасына қатысты наразылықтарға тап болатын боларсыз. Келесідей позицияны ұстанған адамға қалай жауап беру керек: «Мен МӘМС үшін  ешқашан төлем жасамадым және бұл маған ешқандай да кедергі келтірмейді. Неліктен мен ай сайын қосымша шығындар жасауым керек? Сонымен қатар, егер жағдайым нашарлайтын болсамаған көмек шұғыл түрде көрсетіледі».

– Жарналарды төлеу бойынша міндет Мемлекет басшысы қол қойған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңда көзделген. Яғни, бұл еліміздің әрбір азаматы, сондай-ақ Қазақстан аумағында жұмыс істейтін ЕАЭО елдерінен келген еңбекші көшіп-қонушы шетелдік азаматтар және олардың отбасы мүшелері жасауға тиіс міндетті төлемдер болып табылады.

МӘМС жүйесінде сақтандырылушы мәртебесі болған кездегі артықшылық медициналық қызметтердің неғұрлым кеңейтілген тізбесін алу мүмкіндігі болып табылады. Шұғыл көмек шынымен сақтандырылмағандар үшін де көрсетіледі, себебі ол ТМККК шеңберінде жүргізіледі. Алайда, барлық дерлік аурулардың диагностикасы, барлық оңалту (туберкулезді қалпына келтіруден басқа) және жоспарлы емдеудің көп бөлігі тек МӘМС тізіміне кіреді. Мысалы, шұғыл шараларды қажет ететін өткір жағдай жоқ, бірақ мазаңыз болмаған жағдайда. МӘМС арқылы сіз бейінді мамандардан кеңес ала аласыз, диагностикалық процедуралардан, көптеген зертханалық сынақтардан өтіп, ауруханада ем ала аласыз. Жоспарлы операциялар, соның ішінде заманауи жоғары технологияларды қолдану арқылы жасалынатын бірегей операциялар да міндетті медициналық сақтандыру бойынша жүзеге асырылады.

Адам жарнаны заңда көзделген міндет болғандықтан ғана емес, өзінің денсаулығы үшін қоғам алдында ортақ жауапкершілікте болғандықтан да төлейді. Скринингтік зерттеулерден өту үшін жағдай жасай отырып, МӘМС-ке өз қызметкері үшін аударымдар жүргізу арқылы жұмыс берушіге де осындай жауапкершілік артылады. Үшінші қатысушы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қамқорлық танытатын, яғни барлық жағдайды жасайтын мемлекет болып табылады.

– Жүйенің екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын ескере отырып, адамдар өз денсаулығына саналы түрде қарайтын болды деп айта аласыз ба? МӘМС-ті қазір қалай қабылдауда, төлем жасаушылар саны көбейді ме?

– Иә, қазір адамдар реформаның қарқынды жүріп жатқанын және оның жойылмайтынын түсінеді. Бұл ретте халық қазірдің өзінде оның барлық артықшылықтарын сезінуде. МӘМС жүйесі іске қосылғанға дейін адамдар кейбір медициналық қызметтерді ала алмады, ал енді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің арқасында медициналық қызметтердің көп саны МӘМС пакетіне кірді және сақтандырылған азаматтар үшін тек жарналар есебінен, осы қызметтер қосымша төлемсіз қолжетімді болды. Қазір көптеген адамдар МӘМС аясында медициналық көмекке сенім артады және оны сапалы, уақтылы алады. Әрине, коронавирустың таралуына байланысты медицинадағы қиын жағдайды ескере отырып, медициналық кадрлардың жетіспеушілігінің проблемасы туындады, өйткені негізгі күштер коронавирустық инфекциямен күресуге және оның таралу қарқынын төмендетуге жұмыс жасауға мәжбүр болды. Осыған байланысты барлық медициналық қызметтерді күтпестен тез алу мүмкін болмады. Қор өз тарапынан медициналық ұйымдардан қызмет көрсетудің тиісті мерзімдерін сақтауды талап етеді және әкімдіктер медициналық кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу бойынша жұмыс жүргізуде, бірақ бұл мәселені тез арада шешу мүмкін емес. Менің ойымша, көптеген адамдар бұл жағдайға түсіністікпен қарайды, өйткені әркім коронавирустық инфекцияны жұқтыруы мүмкін екенін біледі және қазіргі уақытта уақтылы медициналық көмек алу өте маңызды.

– Неліктен медицина тарапына көптеген шағымдар түседі? Адамдар өзіне МӘМС арқылы көрсетілетін қызметтерден бас тартылғандығын, оларды ақылы түрде өтуді ұсынатындығын жиі айтады. Бұл дәрігерлердің заңды білмеуі немесе талап етілгенді орындағысы келмеуі ме. Немесе мұндай жағдайлар белгілі бір дәрігер өзін дұрыс ұстамаған кезде адам факторына байланысты орын ала ма?

– Иә, Қорға халықтан шағым түседі. Бірақ қазір медициналық ұйымдар мен нақты дәрігерлердің атына көптеген алғыс айтулар да келіп түсуде. Біздің 1406 байланыс орталығының операторларына мәселені шешуге көмектескені үшін жиі алғыс айтылады. Менің ойымша, өтініштердің барлық түрлерінің статистикасы жалпы өсуде және бұл адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, пациенттердің құқықтарын зерделеп, олардың сақталуын талап ететіндіктен болады. Адамдар Қордың пациенттердің омбудсмені ретіндегі ұстанымын қолдана отырып, өздерінің заңды мүдделерін қорғайды. Бұл бүкіл әлемдегі қалыпты тәжірибе.

Халықтың өтініштерінің арқасында біз денсаулық сақтау жүйесінде қандай кемшіліктер бар екендігін білеміз, проблемалардың туындау себебін мұқият зерделейміз. Талдау негізінде шағымдар туындайтын жағдайларды реттеу бойынша басқарушылық шешімдер қабылданады.

Сондай-ақ, медициналық ұйымдарда кадрлардың тұрақтамауын айтпауға болмайды. Көбінесе пациент жеткілікті тәжірибесі жоқ жаңа қызметкерлерге жүгінген кезде жанжал туындайды. Қормен осындай мәселелер мұқият пысықталады және апта сайын пациенттердің өтініштерімен жұмыс істеу және осындай жағдайларға жол бермеу бойынша медициналық ұйымдар қызметкерлерінің қатысуымен кеңестер, вебинарлар, сабақтар өткізіледі.

– Егер жаңа қызметкерлердің пациентке дұрыс кеңес беру тәжірибесі әрдайым жеткіліксіз болса, оның міндетті медициналық сақтандыру туралы заңды білуі, медициналық қызметтерді пакеттер бойынша саралау мүмкіндігі туралы сұрақ туындайды. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Күн сайын дерлік филиалдардың қызметкерлері мен Қордың Орталық аппаратының өкілдері медициналық қызмет көрсету ережелеріне, проблемалық жағдайларға, жиі кездесетін қателерді қарауға баса назар аудара отырып, медицина қызметкерлерінің мақсатты аудиторияларын оқытады. Сондай-ақ, мессенджерлерде чаттар мен арналар тұрақты негізде жұмыс істейді, онда туындаған күрделі жағдайлар бойынша медицина қызметкерлеріне жедел кеңес беру жүргізіледі, Қорға барлық байланыс арналары бойынша келіп түскен өтініштер талданады. Оқыту тақырыптары тіркеу және анықтама бөлімінің қызметкерлері үшін, МСАК дәрігерлері мен медбикелері үшін, пациенттерді қолдау қызметінің қызметкерлері үшін бөлек қарастырылған.

 Жылдың соңы жақындаған сайын, оқырмандарға 2022 жылы МӘМС ставкалары қалай өзгеретінін түсіндіріп өтсеңіз? Сақтандырылған болу үшін және сіз айтқан барлық қызметтерге қол жеткізу үшін не қажет?

– Келесі жылы жұмыс берушілердің МӘМС-ға аударымдарының мөлшері 3%-ға дейін өседі. Алайда жарналар жалақының 2% мөлшерінде бұрынғысынша жалақыдан ұсталатын болады.

2022 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін ұлғаятын болғандықтан, дербес төлеушілер үшін жарна мөлшерлемесі де 2 125 теңгеден 3 000 теңгеге дейін өзгереді (1 ЕТЖ-дан 5%). Тиісті өзгерістер ЖК, АШ иелеріне және жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қатысты – 2 975 теңгеден 4 200 теңгеге дейін (1,4 ЕТЖ-дан 5%). Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін БЖТ мөлшері өседі, өйткені бірыңғай жиынтық төлем айлық есептік көрсеткішке байланысты. Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін ол 3 063 теңгені (1 АЕК), басқа елді мекендердің тұрғындары үшін – 1 532 теңгені (0,5 АЕК) құрайды.

Естеріңізге сала кетейін, халықтың 15 жеңілдік санаты үшін мемлекет жарна төлейді. Сондықтан, бұл адамдар автоматты түрде сақтандырылған болады және барлық МӘМС қызметтері тегін алулары керек.

Сақтандырылған болу үшін алдыңғы 12 айға жарналар төленуі қажет. Сақтандырылушы мәртебесін алуға болатын БЖТ төлеушілер үшін келесі үш төлемнің болуы ерекшелік болып табылады. Егер сіз БЖТ төлемін ағымдағы айда немесе алдын-ала уақтылы жасамасаңыз, онда мәртебе жоғалады және оны қалпына келтіру үшін Сіз БЖТ-ның үшінші дәйекті төлемінің басталуын тағы да күтуіңіз керек немесе тәуелсіз төлеуші ретінде алдыңғы 12 айдағы қарызды өтеуіңіз керек. Көбісі кезеңді жіберіп алмау үшін алдын-ала төлем жасай бастады. Бүгінгі таңда адамдардың жарналарды саналы түрде жасайтыны және МӘМС арқылы қолжетімді болатын барлық қызметтерді алғысы келетіні қуантады.

Егер сізде сақтандырылған тұлға мәртебесін алуға немесе медициналық көмек алуға қатысты сұрақтар туындаған болса, сіз әрбір медициналық ұйымда бар Пациентті қолдау қызметіне жүгіне аласыз немесе өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш қалдыра аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы  SaqtandyryBot .