Мемлекет жекелеген азаматтардың жағдайын жасауға қолайлы мүмкіндіктер туғызады. Қазақстан өзгелермен иық тіресіп, дамудың дара даңғылын салып үлгерген мемлекеттердің қатарын бетке алып  келеді. Сондай-ақ, елімізде көптеген ұлт өкілдері өмір сүруде. Қазақстан жұртының мақсаты — бейбітшілік пен тыныштықты ту етіп, халықтар достығына сызат түсірмеу. Әртүрлі ұлттардың басы қосылған елде татулықты сақтап, оларды айрандай ұйытып отыру үшін көрегендік, үлкен қажыр-қайрат қажет.

Тұтас бір ел емес, тіпті бір отбасы мүшелерін тәрбиелеп, татулыққа шақыра білу үшін де ақыл-парасат, үлкен сабыр керек. Еліміздегі ынтымақ-бірлік Елбасымыздың дана саясатынан бастау алып отыр. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген халық даналығы әрдайым жадымызда жүруі тиіс. Еліміздің өркендеп-өсіп, дамыған елдер қатарына қосылуы жолында әрқайсысымыздың адал еңбегіміз, маңдай теріміз қажет. Біздің дәстүрлі ұстанып келе жатқан дініміз де Отанға деген адалдыққа, сүйіспеншілікке үндейді. Кейінгі ұрпақтың болашағы жарқын болуы, жақсы тұрмыс кешуі, басқалармен терезесі тең болуы да осыған байланысты.

Бүгінде Қазақстанда көптеген этнос өкілдері ұлтқа, діни сеніміне қарамастан бір шаңырақ астындағыдай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Орыс, украин, поляк, әзербайжан, армян, болгар, татар, неміс, кәріс, шешен, тағы да басқа ұлттар қазақ халқының қонақжайлылығына дән риза. Осы орайда, Елбасымыз «әрбір қазақстандыққа салт-дәстүр, мәдениет пен дінді таңдауға ерік беретін, еркін әрі ерікті қоғамның негіздерін нығайтуға тиіспіз», — деп атап көрсетіп кеткен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбір мысықтілеулер Қазақстан Республикасын құру мүмкін емес деген болжамдар айтып жатты. Олардың мұндай «диагноз» қоюына республиканың көп ұлтты болуы себеп болса керек.

Тіпті, елімізге қатысты «көп ұзамай ұлтаралық жанжалдар туындайды» деген болжамдар да айтылды. Әлбетте, мұндай негізсіз, дәйегі жоқ болжамдардың барлығы барша халықтың еліміздің ертеңіне, ұлтымыздың болашағына, күдікпен қарауға себеп болды. Тәуелсіздік алған жылдары талай жұрттың елімізді тастап көшкені соның дәлелі. Алайда, соның өзінде елімізде қалған сан түрлі этнос өкілдері жетерлік еді. Сондықтан, осынау аумалы-төкпелі кезеңде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық жағдайды тезірек қолға алу қажет болды. Жағдайды тез бағдарлап үлгерген Мемлекет басшысының ұзақ жылдарға арналған стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз.

Ел ішінде қалыптасқан осындай ахуалдың арқасында еліміз ұдайы даму үстінде. Жыл сайын ішкі жалпы өнімнің үлесі артып, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар еселеніп көбейіп, халықтың өмір сүру көрсеткіші артып келеді. Бұл, ең алдымен, еліміздегі тұрақтылықтың арқасы екені даусыз. Алдағы уақытта одан әрі дамуды мақсат еткен еліміз бәсекеге қабілетті елдер қатарында көш бастауды айқын көздеп отыр. Сондықтан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да — осы!

Экономикалық, әлеуметтік-саяси, демократиялық тұрғыдан алғанда, әлем Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде мойындайды. Біздің еліміз бұл жетістікке, ең алдымен, қоғамдағы татулық пен тұрақтылық арқылы жетіп отыр. Қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында дінаралық келісімді сақтау ерекше маңызды мәселе болып табылады. «Дінаралық келісім — біздің халықтарымыздың бірлігінің негізі», — деді Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгі күні елімізде дінаралық келісімді сақтау бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жолында үлкен қадамдар жасалып жатыр. Дінаралық келісім – әр түрлі дін өкілдерінің бір-бірінің діни сеніміне төзімділік таныта отырып, бір-біріне өз діни сенімдерін таңбай, өзара сыйластық пен тең құқылы қарым-қатынас жасауы.

Дінаралық келісімнің басты мақсаты – діндердің рухани беделі мен күші арқылы әлемдегі кейбір өзекті мәселелердің оң шешімін табу болып табылады. Сонымен қатар, қоғамдық қатынастардың ізгілік сипатын арттыруда, әсіресе қазіргі жаһандану заманында оның алатын орны ерекше. Түрлі дін өкілдерінің өзара мәмлеге келіп, ортақ шешім қабылдауы бірқатар өзекті мәселелердің реттелуіне оң ықпал етеді. Тәуелсіздік жылдарында діни институттар көбейіп, сонымен бірге, сапасы жетілуде.

Діни бірлестіктер бірнеше есе өсіп, рухани дәстүрлер жаңаруда, жаңа мешіттер, шіркеулер, ғибадат үйлері, синагогалар бой көтеруде. Тұрғындардың діни сауаттылығы да артып келеді. Бұл – елдегі ар-ождан бостандығы мен рухани жаңғыруды қамтамасыз етуге, этносаралық келісім мен азаматтық татулықты сақтау мен нығайтуға бағытталған саясаттың нәтижесі және зайырлылықтың айқын көрінісі.

Шахмардан Әжімбет,

Қызылорда облысының дін істері басқармасы

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» КММ-нің

Шиелі ауданы бойынша бөлімше меңгеруші

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!