Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласындағы  «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде қасиетті Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІ республикалық байқауы өтті. Байқауда Құран Кәрімнің 30 парасын жатқа оқыған 19 жастағы Иманәлі Мырзагелді темір тұлпарды тізгіндеді.

      Екі күнге жалғасқан байқауға еліміздің түпкір-түпкірінен 80 үміткер қатысты. Облыстық іріктеу кезеңдерінен оқ бойы оза шапқан сайыскерлер 4 аталым, яғни Құран Кәрімнің 10, 20 және 30 парасын жатқа оқу, сондай-ақ мәнерлеп оқу бойынша бақ сынады. Алдын ала ұйымдастырылған жеребе тарту рәсімі барысында үміткерлердің реттік нөмірі белгілі болды.

     Байқау барысында қатысушылардың Құранды қатесіз жатқа және тәжуидімен көркем оқуына баса мән берілді. Әрі қариларға толық Құранды жатқа оқу номинациясы бойынша республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орын алмаған болуы керек деген талап қойылды.

       Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сауапты іс-шараға демеушілік жасаған Бахаридин Аблязимов және зиялы қауым өкілдері қатысты.

       − Аллаға сансыз шүкірлер болсын, жасынан Құран жаттаған қарилардың байқауын қорытындылап, марапаттап отырмыз. Осы байқауды өткізуге атсалысқан ҚМДБ ұжымы мен Қызылорда облыстық өкілдігіне, қариларды бастап келген облыстардың бас имамдары мен барша дін қызметкерлеріне, сонымен қатар демеуші болған Бахаридин Нұғманұлына, Сәдуақас Олжабаев қариымыз бастаған әділқазы мүшелеріне алғысымды білдіремін. Байқауға қатысқан қариларымыздың бәрі жеңімпаз атанды деп санаймын. Өйткені бұл байқау әрбір қариға үлкен жігер сыйлады. Жүлделеріңіз құтты болсын! − деді Бас мүфти марапаттау сәтінде.

     Әділ қазылар алқасының шешімімен «Мәнерлеп оқу» номинациясы  бойынша Арман Жамбылұлы (Атырау облысы) жеңімпаз атанды. «20 пара» бойынша Ақмал Рақымқұлов (Алматы облысы) жеңіс тұғырынан көрінсе,  «30 пара» бойынша І орынды Иманәлі Мырзагелді (Жамбыл облысы) қанжығасына байлады. Ал «Көрермен көзайымы» аталымы бойынша ынталандыру сыйлығы Қызылорда облысынан қатысқан Аюбай Нұр-Мұхаммед қариға бұйырды.  

     Қарилар байқауы жалпы жұртшылыққа Діни басқарманың «Munara TV» телеарнасы мен «Муфтият ҚМДБ» YouTube-арнасынан, сонымен бірге @muftiyatkz инстапарақшасынан тікелей көрсетілім ретінде ұсынылды.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!