Бәтима ЗӘУІРБЕКОВА, суретші-гобеленші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
‒ Бәтима апай, 75 жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Құдай қаласа, ғасырлық мерейтойыңызды да халықпен бірге тойлауды бұйырсын дейміз. Көңіл-күйіңіз қалай? Әлі де шығармашылықтан қол үзбеген боларсыз…
− Көңіл-күйім, денсаулығым бәрі жақсы. Иә, әлі де шығармашылықтан қол үзгенім жоқ. Мен оны тастай алмаймын ғой (күліп). Қазір Түркияда эскизбен айналысудамын. Өнердегі ең басты дүние – идея, эскиз. Алдымен эскиз сызып, сурет салып, содан кейін Алматыда 15-20 жылдан бері өзіммен бірге жұмыс істеп жүрген шәкірттеріме тоқуға беремін. Жұмыстарым сол жақта дайындалу үстінде.
− Ал идея қайдан келеді? Оны қағазға толық түсіріп шығуға қанша уақыт қажет?
− Әрине, ол дегенің оңай жұмыс емес. Қанша ойланып, толғану керек, жақсы көңіл-күйдің болуы да маңызды. Өнер адамы болған соң қарап жүрмей, барған жерімізден көп әсер аламыз. Кейін соның бәрі қағазға түседі. Қазір бос уақытымды натюрморт салуға арнап жүрмін, оның өзі үлкен тақырып, өз алдына бөлек жанр. Бір жағы демалыс, бір жағынан осылай шығармашылыққа көңіл бөлген де дұрыс деп ойлаймын.
− Түркия − өнеріңіздің екінші тынысын ашқан ел. Бұл жақтағы қолөнердің қазіргі жағдайы қалай? Туыс мемлекетте сіздің қанша көрмеңіз өтті?
− Осыған дейін Түркияда тоғыз рет жеке көрмемді өткіздім. Бұл елді алғаш көргеннен ұнатып, тез бауыр бастым, сондай бір жайлы, адамға күш беретін жер. Әлде теңіздің, судың күші ме, өзіңді-өзің үнемі жақсы сезініп жүресің. Адамдары да сондай мейірімді, әсіресе қазақтарды «туыспыз» деп қатты жақсы көреді. Түркияда болған үш жылда өте көп жұмыс жасадым. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиын уақытта Алматыда жүріп шаршаған екенмін, Түркияға келгенде қайтадан дүниеге келгендей шығармашылыққа зор ықыласпен ден қойдым. Оның өзі маған біраз азық болды, көп эскиздер дүниеге келді. Өнерге деген көзқарас қанша жыл өтсе де өзгермейді ғой. Бұл жақта түріктер живопись өнерін, графика, акварелмен жасалған жұмыстарды әлі де жақсы көреді. Қызығушылықтары керемет енді… Кез келген түріктің үйіне барсаң, бірнеше картинаны көресің. Мен соған қызығамын. Бірақ түріктер гобелен өнерімен аса қатты таныс емес. Сондықтан дәл қазіргі уақытта мұнда гобелен тоқуға мүмкіндік жоқ болған соң, живописьпен айналысып, көрме ашсам деген ойым бар. Бұл жерде де маған «студия, мектеп ашыңыз, көрме ұйымдастырайық» деген сұраныс түсуде. Әзірге ойланып жүрмін. Тіпті кейде «мектепке сіздің атыңызды берейік» дейді түрік ағайындар. «Жоқ, маған керек емес» деймін мен. Түркияда студия ашылып, балалар мен жасөспірімдер бізден үйреніп жатса, оның өзі үлкен жетістік қой. Құдай бұйырса, өнер орталығын өз елімде ашайын деп ниеттеніп жүрмін.
− Қолөнерге келуіңізге анаңыздың себепкер болғанын, кейін өзіңізде «гобеленнің анасы» атанғаныңызды дүйім халық біледі. Көзіңіздің қарасындай көретін саф өнердің өз еліміздегі бет алысы қандай?
− Бұрын елде картинаны іздеп келіп, сатып алушылар болмаушы еді. Біз Түркиядан оралған соң елдегі жағдайдың өзгере бастағанын байқадық. Шетелден көрген соң адамның ішкі мәдениеті өсіп, танымы кеңейді ғой, халықта қолөнерге деген жылы ықылас пайда болыпты. Сол кезде көп жұмысым сатылып, өзім ойламаған жағдай болған. Соның алдында ғана 1997 жылдары суретшілердің жағдайы өте жұпыны еді, себебі мәдениет министрлігі тапсырыс алмайтын болды, арада ешқандай келісімшарт та жоқ. Бірақ мен суретшілердің бұл қиындығын білмеппін, өйткені ол уақытта Анкараға кетіп қалған едім. Кейін суретшілер: «Сен сол жағдайды біліп кеттің бе?» деп сұрайды. Мен, әрине, ешнәрсе білген жоқпын. 1995 жылы Түркияда Қазақстанның мәдени күндері өтетін болып, Мәдениет министрлігі сол күндердің аясында ұйымдастырылатын көрмеге қатысуымды сұрады. Министрдің өзі бастап барған сол сапарда түрік кәсіпкері «Түркияда гобелен өнерін үйретіңіз» деп ұсыныс жасады. Мен бірден келіспей, «үйіммен ақылдасайын» деп ойландым. Кейін шақыртуды қабыл алып, қайта бардым. Сол жақта әрі кетсе 2-3 ай боламын деп ойлағанмын, қайдағы?! Үш айым үш жылға созылды. Сол кездің өзінде бір ғана Анкарада 120 галерея бар екен. Ал біздің елде ешқандай галерея болған жоқ. Елге қайтар уақытта түріктер «біз жағдайыңның бәрін жасаймыз, неге кетесің?» деп сұрайды. Сонда елімді, үйімді қатты сағынғанымды айттым.
Қазір пандемия өнерге де әсер етіп тұр ғой. Былтыр Германияда көрмем өтті, одан әрі қарай жалғастырып алып кететін мүмкіндік болды, бірақ аяқ астынан пандемия басталды. Көрмеге көп адам шақыруға да қорқасың. Әйтпесе қазір үлкен көрме ашатын мүмкіндігім бар. Жұмыстарымның бәрі дайын. Ә.Қастеев атындағы музейде не болмаса Нұр-сұлтан қаласында жеке көрмемді ашуыма болады, бірақ балаларым елдегі жағдай реттелсін деп күтіп отыр.
− «Қазақфильмнен» «Өнер» комбинатына жұмысқа орналасқан кезіңіз, 34 жасыңызда мемлекеттік сыйлықты иеленуіңіз шынымен тарихи оқиға. Сол ұмытылмас сәттерді оқырман ойына қайта түсіріп, әдемі естеліктерді айтып беріңізші…
− Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде оқып жүрген кезім ғой, марқұм Әмен Қайдаров оқу орнына келіп жұмысымызбен танысып, бірнеше суретшіні «Қазақфильмге» мультипликаторлыққа шақырды. Солардың құрамында мен де киностудияға жұмысқа орналастым. Ол жерде жұмыстарым жақсы жүрді, суретшілер менің туындыма жақсы баға беріп, ұнатты. Бірақ кейіннен жанашыр әріптестерім «мультипликациялық тақырыптар аясында шектелмей, көрмелерге қатысып, еркін шығармашылықпен айналысқан дұрыс» деген соң, ақыры Молдахмет Кенбаев ағамыздың ақылымен «Қазақфильмнен» кетіп, «Өнер» комбинатына жұмысқа орналастым. Ал «Өнер» ол уақытта нағыз шығармашылықтың ортасы болды. Сонда Қ.Тыныбековпен танысып, гобелен тоқудың техника-тәсілдерін үйрендім. 1977 жылы Қ.Тыныбеков, И.Ярема, Е.Николаева және маған сол уақыттағы ең биік ғимарат – «Қазақстан» қонақүйінің төменгі қабатын айналдыра 100 шаршы метр гобелен тоқу тапсырылды. «Радуга Казахстана» деп аталатын үлкен жұмысқа тыңғылықты дайындалдық, алдымен эскизін жасадық, оны Үкімет қарап, бекітті. Жанымыздағы бес-алты көмекшімен бірге он адам тоқуды бастап кеттік. 1977 жылы басталған жұмысты басқа жаққа мойын бұрмастан екі жыл тоқып, 1979 жылы аяқтадық. Қазақстан Суретшілер одағы төртеуімізді де Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Сыйлық гобелен мен суреттен арнаулы білім алған Құрасбек екеумізге берілді. Сол жылы мен туралы «Қазақфильм» деректі фильм түсірді.
Алғаш рет Мәскеуде өткен үлкен көрмеге 1976 жылы курстасым Камил Молашев екеуміз қатысып, дипломант атандық. Ол уақытта тақырыптық көрмелер көп және жиі өтетін. Тіпті кейде үлгермей жататынбыз. Шынын айту керек, қыздармен әңгіме айтып, шай ішетін уақыт болған жоқ ол кезде. Күніне 16-18 сағаттан таңға дейін жұмыс істедім. Соның арқасында біраз коллекция жинадым, қазір кез келген уақытта, шетелде болсын көрмемді өткізе аламын. Құдайға шүкір, осындай үлкен жетістіктерге жеттім.
‒ Гобеленнің отаны Францияға барғанда өнеріңізге қызыққан француздар сонда қалуыңызды өтініпті. Сол кезде қандай уәж айттыңыз? Олар қандай тақырыпқа қызығады?
‒ Ол оқиға былай болған: Франциядағы көрмеде жұмысымды бір француз ұнатып кетті. Сонда маған «Бұл туындыны сатпай тұра тұрыңыз, мен қазір әйелімді алып келемін» деп айтыпты. Мен оның тілін түсінбеймін ғой. Әлгі француз келемін дегенше туындыны басқа біреу сатып алып кетті. Сәлден соң әйелін ерткен жаңағы француз келді де, туындыны қайта сұрады. Мен жағдайды аудармашы түсіндірген соң барып ұқтым. Содан әлгі француз маған «барлық жағдайыңызды жасаймын, осында қалыңыз» деп ұсыныс жасады. Ол кез қиын уақыт қой, сол жақтағы қазақтар да маған «қалсаңызшы, бұл жақта байып кетесіз» деп көндіруге тырысты. «Жоқ менің кішкентай қызым бар, онсыз бұл жаққа келе алмаймын. Құдай сақтасын, ақшасы да құрсын, байлығы да керегі жоқ» деп айтып, елге қайтып келгенім бар. Ол жаққа да үш жыл қатарынан бардық, бәрінде жұмыстарымыз жоғары бағаланды. Қанша жұмыс апарсам да, бәрін пышақ үстінде бөліп алатын. Олар тек ұлттық тақырыпқа қызығады, соған ғана таң қалады, қатты ұнатқаны да сол туындылар болды. Біздің Еуропоға еліктеуіміздің оларға қажеті қанша?! Кейде олар туындының бәрі қолмен жасалды дегенге сенбейтін, машинамен тоқылды деп ойлайтын. «Жоқ, ол сантиметр, миллиметріне дейін өлшеп жасалатын жұмыс» деп өзімізше түсіндіремін, тіпті қалай тоқылатынын да сол жерде көрсеткенбіз.
‒ Әр туындының өзіндік тарихы болатыны анық. Көбіне қазақ аруларын басты тақырып еттіңіз, оған өзіңіздің нәзік жан дүниеңіз әсер еткен сыңайлы, солай ма?!
‒ Қайдан білейін?! (күліп) Әйтеуір өзім ұлттық дүниені, табиғи, инабатты, әдемі қыздарды жақсы көремін. Сондай қыздарды көшеден көрсем, асықпай қарап, картинаға салып, образын, жан дүниесінің әдемілігін беруге тырысамын. Қазақ арулары дегенде, мына жылы естелік ойымнан кетпейді: 2008 жылы Астанада өткен авторлық көрмемнің ашылу салтанатында ақын Фариза Оңғарсынова құттықтап тұрып: «Бәтима, мен саған ризамын. Осы уақытқа дейін көрмелерден, суретшілердің шығармаларынан көріп жүрген қыздардың бәрінің көздері сығырайып, солғын тартып тұрушы еді, бір түрлі сұ¬рықсыз көрінетін. Ал сен салған қыздардың көздері ботаның көзіндей мөлдір, ашық, тұңғиық, нағыз қазақ қыздарын көремін. Рахмет саған!» деген еді. Бұл менің өнеріме берілген үлкен баға болды.
‒ Гобелен туындысын қайталап көшіруге болатынын білеміз. Бірақ оған идея мен түстерді үйлестіру қанша уақыт алады?
‒ Гобелен жұмысы дегеніңіз, инемен құдық қазғанмен бірдей, оған өте көп уақыт кетеді. Әрбір миллиметрін есептеген соң, бір шаршы метрді бір-бір жарым ай тоқуға тура келеді. Мысалы, бір күнде бірнеше киіз басуға болады ғой, ал бір гобеленды аяқтауға айға жуық уақыт керек. Орта ғасырда ағайынды Гобелендер негізін салып, осы өнердің соңында жүріп, жанары көрмей қалса да, француздар олардың өнерін ұлттық өнердің санатына қосты. Ол ерте заманда ақсүйектердің сүйікті өнері болып саналатын, сол дәуірде өмір сүргендер гоболенді ерекше құрметтеді. Онымен патшаның сарайын, бай-бағландардың үйін безендіріп, тастан салынған зәулім сарайлар салқын болғанда қабырғасына жылу беру үшін кереге тұсына ілетін. Біздегі түкті кілемдер мен алашада гобеленмен ұқсастық бар ғой, өйткені бәрі де тоқыма өнері. Бірақ оның тықыр кілемнен, терім алашадан айырмашылығы түстерінің бай болуында жатыр. Бір жұмыстың өзінде 100-150-ге дейін бояу түсі пайдаланылады. Кейде он сантиметр суреттің ішінде бес-алты түсті бояу бір-бірімен жалғасып жатады. Өзім түрлі-түсті бояуларды қолданғанды жақсы көремін, гобелендерімнің ең басты ерекшелігі де осы .
‒ Жұртқа көз, көңіл қуанышын сыйлаған қолөнер шебер жанарының нұры іспетті. Айтыңызшы талай жылғы еңбек жолыңызда қолөнер денсаулығыңызға әсер етпеді ме? Бүгінге дейін қанша туынды дайындадыңыз?
− Тапжылмай жұмыс істегеннің әсерінен кейін мүлде тоқи алмай қалдым ғой. Таңға дейін 17-18 сағат жұмыс істеу оңай ма?! Мен қазір сол кездегі өзіме таң қалып, «қайдан келген күш?!» деп ойлаймын. 25 жыл гобеленді өзім тоқыдым, одан кейін шәкірттерім тоқитын болды. Ал эскиз, живописьті басқа ешкім жасай алмайды, сондықтан тек қана өзім сызамын. Осы уақытқа дейін әр түрлі көлемде тоқылған 250-ден астам дүние болды. Көп туындылардың қайда кеткенін білмеймін, бұрын мәдениет министрлігі сатып алып, жан-жаққа тарататын. Тіпті кейде туындыларды суретке түсіріп үлгерместен, шетелге алып кететін.
− Гобеленді арнайы іздеп келіп үйренушілер бар ма? Ізбасар шәкірттеріңіз жайлы да әңгіме қозғасаңыз…
‒ Иә шәкірттерім бар, кейде арнайы үйренгісі келушілерге тоқуды солар үйретеді. Гобеленді жай адам тоқи алмайды. Ол үшін бояудың түр-түсін ажырата білу керек, алдымен сондай талант керек адамға. Қазір академия бітірген қыздар гобелен тоқып жүр ғой, бірақ кейбір қыздарда мұндай талант туа бітті болады. Бірде маған Қытайдан келген Мания деген қыз төрт жыл шәкірт болды. Енді тоқығанын көрсеңіз?! Керемет… Суретші болмаса да, жылы түстерді, бояуларды ажырата білетін, сондай бір талантты қыз болды. Түсті талғауға келгенде бәрінен басып озатын. Міне, бұл қасиетті адамға үйрете алмайсың, ол сондай қабілетпен тууы керек.
‒ Қолөнерге келмес бұрын композитор болғыңыз келген екен. Қолыңыз босағанда ән шырқап тұратын боларсыз…
‒ Мен орта мектепті Меркеде оқыдым ғой, сонда өзімше бір композитор болғым келді. Әлі күнге музыканы жақсы көремін, әнсіз жұмыс жасамаймын. Бірақ ән айтып, өнер адамы болуыма анам Бүбіхан о баста қарсылық білдірді, ол кезде артистерге деген елдің көзқарасы жақсы болған жоқ. Мен мектеп бітірген жылдары «Қазақстан әйелдері» деген журнал үйге келіп тұратын. Сондай бір сәтте журналды парақтап отырған анам мұқабадағы Гүлфайрус Исмаилованың суретін көріп: «Қандай сұлу қыз, мынау! Сен де Гүлфайрус сияқты суретші болсаң ғой, әдемі қыздарға суретші болу жарасады екен» деді. Ішкі ойым Жамбылдағы мәдени ағарту училищесінің музыка факультеті болса да, мектеп бітірген соң анамның айтқан сөзін жерге тастай алмай, Алматыға келдім. Анам менімен бірге келе алмайды, өйткені үйде менен бөлек төрт бала бар. Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне құжат тапсыруға келгенде, директоры Ақырап Жұбанов көп көмектесті. Ол кісі ауыл балаларын ерекше жақсы көріп, үнемі қолдауға дайын тұратын.
– Қазір жастарға ақыл айтатын мотиватор көп. Алайда алдыңғы буынның тәжірибесі бәрінен құнды. Газет оқырмандарына өз тәжірибеңізден қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазақта “еңбек етсең, бақыт басын иеді” деген мақал бар. Кейбір адамдар еріншек болған соң, бүгінгіні ертеңге қалдырып, ертеңгіні бүрсігінге жалғастырып жүре бергенді жақсы көреді. Мен ондайды ұнатпаймын, бүгінгі жұмыс дәл уақытында жасалу керек, ал ертеңгі күннің өз жұмысы бар. Сол үшін “бүгін үлгермей қалдым” деген сылтауды айтуға үйренбеу керек. Кейде суретшілерде мынадай жағдай кездеседі, ұзақ уақыт еңбектенеді, сурет салады, сосын бір күні “құрсын, ешкім сатып алмайды бәрібір, бостан-босқа жасай береміз бе?!” деп қолды бір сілтейді. Сондай сылтаумен тоқырау кезінде қаншама суретші саудаға кетіп қалды. Бірақ ол дұрыс емес. Қандай қиындық болса да, бәрі де уақытша, сондай кезде “ертеңгі күні бәрі жақсы болады” деген үмітті үзбеу керек. Бәрі бір Алланың қолында ғой. Арада он жыл, жиырма жыл өтер, түбінде сол еңбегің өзіңе нәсіп болады. Жанымдағы әріптестеріме, шәкірттеріме “еңбек ешуақытта далада қалмайды” деп жиі айтамын. Мен оны өз тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын. Біз бұрын жұмыс жасаған кезде кім сатып алатынын ойламай-ақ, туындыны дайындап, коллекцияға жинай бердік. Түбінде сол еңбек далада қалған жоқ, талай жылдан соң өзімізге қуаныш сыйлады. Мысалы, менің зейнеткерлікке шыққаныма да біраз уақыт болды, күшімнің бар кезінде, жас кезімде шамамен 70-80 жұмыспен коллекция жасап алғанмын. Қазір адамдар сол жұмыстарға тапсырыс беріп сатып алады, бірақ кейбір туындыларды сатуға шығармай, көрме ашуға сақтап қойып жүрмін. Сондықтан жастарға еңбектің нәтижесін бүгін көрмедім деп шағымданбаңыздар, ол бір күні өздеріңзге бақыт әкеледі деп айтар едім.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИНОВА