Нұржаусын МАҚСАТ, эксперт бағдарлама әзірлеуші:

– Нұржаусын, сізбен бүгін кеңірек әңгі­мелесіп, ІТ, бағдарламалау тілі жайында сұхбат құрсақ. Halyk Bank-та экс­перт бағдарлама әзірлеуші екеніңізден хабардармыз. Меніңше, бұл салаға қа­лай келгеніңіз, жұмыс барысы оқыр­мандарға да қызық әрі пайдалы бо­латын тәрізді…

– Мұнда 2 жылдан астам уақыт­тан бері қызмет етемін. Жоғары білімді есептеу техникасы жә­не бағдарламалық қам­та­ма­сыз ету мамандығы бойынша Қазақ­стан-Британ техникалық уни­­вер­си­тетінде білім алып, қазір экс­перт бағ­дарлама әзірлеуші болып қызмет атқарамын. Жұ­мыс­тағы қызметіме ке­­­ле­­тін бол­сақ, Android операциялық жүйе­­сін­де Online bank мобильді банкинг қосым­шасын бағдарлаймын. Көбісі физи­ка­лық тұлғалар қолданатын Homebank қо­сым­ша­сымен шатастырып жатады, бі­рақ Onlinebank – Halyk Bank-тың заң­ды тұлғаларына қызмет көрсететін қосым­ша­. Айта кету керек, бизнеске арналған он­лайн қызметтері бар Halyk Bank Қазақ­станның бизнеске арналған мобильді банк­тері рейтингінде 1 орында және ТМД мен Кавказдағы үздік жиыр­малыққа енді.

Жұмыс барысы апталық спринттарға бө­лінген Agile методологиясымен өтеді. Аптаның басында командамен жиналып, маңыздылығы бойынша жоғары тапсырмаларды бөліп алып, апта көлемінде сонымен айналысамыз. Ко­ман­­дада жоба менеджері, Android және iOS әзір­­леушілер бар. Әр күні таңғы жиында тап­сыр­ма бойынша үйлестірушіге «Кешегі күні не жасалды, бүгін не жасаймыз?» деген сұрақтар бо­йынша қысқаша жауап береміз. Осылайша ко­манда мүшелері барлығынан хабардар болып отырады, сондай-ақ тайм-менеджментке көңіл бөледі.

– Қалай ойлайсыз, банктердегі ақпараттық жүйелер қауіпсіз деп айта аламыз ба? Олар кибершабуылдан толық қорғалған ба?

– Жалпы банктердегі қауіпсіздік жоғары дәреже­де деп айта аламын. Себебі банк өз ісінің маманын ғана түрлі дәрежедегі сынақтардан өткізіп, жұмысқа қабылдайды. Оған қоса мамандардың жыл сайын біліктілігін арттыратын оқыту курстарына жіберіп отырады. Ал банк жүйесіне келетін болсақ, қауіп­сіздік басты орында болғандықтан, жиі тексеру ша­ра­ларын жүргізіп, барлық кибершабуылдардың алдын алады. Ол үшін 24 сағат қызмет ететін ар­найы департаменттер бар. Ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы әріптестер жүйеде талдау жасап, іш­кі және сыртқы байланыстардың тұтастығы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз етеді.

– Банктың электронды жүйесіндегі қате не­нің әсерінен болуы мүмкін? Ара-тұра ақау бо­лып жатады…

– Банк жүйесі – күрделі жүйелердің бірі. Себебі ол басқа түрлі ұсақ және мемлекеттік деңгейдегі маңызды жүйелермен әрдайым байланыста. Сол се­бепті бір жүйеде болған ақау басқаларына да әсерін тигізуі мүмкін. Айталық, барлық қызмет көр­сету саласы ғаламтор арқылы байланыс орнат­қан­дықтан ғаламтордың қызмет көрсету жылдам­дығының нашарлап кетуінен де кейде сапа на­­шар­лайды.

– Маман ретінде қалай ізденесіз? Осы сала­дағы соңғы өзгерістер мен жаңалықтар қандай?

– Қазіргі заманда әрдайым өз біліміңді шындап отыру керек. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Университет қабырғасында алған білімді дамытып, жұмыс барысында қолданып, тәжірибемді шыңдап отырамын. Мамандығым бойынша түрлі сайттарға тіркеліп, ондағы жаңашыл тұстарды түртіп оты­рамын. IT саласында қызмет етсеңіз, ғаламтор мен Google  сіздің жақын досыңыздай болу керек. Бірақ жаңарып отыратын ақпараттарды ғаламтор берсе де, оның фундаменталды негізін толық жеткізуге келгенде кітаптан артық құрал жоқ.

– Қазір жастар университетте алған білімімен шек­телмей, жан-жақты болуға тырысады. Ал сіз жа­ңадан не үйренгіңіз келеді?

– Ақпараттық технологиялар бағытында жүр­ген­діктен оның түрлі салаларымен танысуды жалғас­тырғым келеді.  Ол – машиналық оқыту (Machine Learning), компьютерлік көру (Computer Science) секілді жаңа салалар. Осы технологиялардың негі­зіндегі өнімдер арқылы кәдімгі бизнес-процес­тердің көпшілігін автоматтандыруға қол жеткізуге болады. Басқаша айтқанда, машиналық оқыту арқылы үй­ретілген алгоритмдер мен роботтар барлық күн­делікті жұмыстарды жасай алады. Қазақстанда көп компаниялар осы сияқты заманауи шешімдерді қол­данып, сапаны жақсартуда. Мысалы, банк­терде несие тағайындау шешімін қабылдайтын, медицинада науқас туралы ақпараттарды сараптап, диагнозын қоятын алгоритмдер әлем бойынша пайдасын тигізуде.

Сұхбаттасқан:

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!