Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен ІТ идеялар фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті аталмыш фестивалге серіктес ретінде қолдау көрсетті.

Ауқымды шарада қатысушылар 24 сағат ішінде идеяларын прототипке айналдырады. Фестивальдың басты мақсаты – талантты жастардың ІТ идеяларын жарыққа шығару, ел үшін маңызды бастмалардың іске асуына қолдау көрсету.

«Бүгінгі «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі – талантты жастардың ІТ идеяларын жарыққа шығару, жаңа әлеуметтік жобалардың іске асуына қолдау көрсету мақсатындағы маңызды шара.

Фестивальда жеңімпаз атанған жобалар аясында ел үшін маңызды бастамалар жүзеге асады деген сенімдеміз. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде ІТ саланы игеремін, бизнес бастаймын деген жастарға жүйелі қолдау бар. Студенттер арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін университетте «Business-START» жастар кәсіпкерлігі орталығы жұмыс істейді. Резиденттерге бизнесін дамытуға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, бүгінгі фестивалде үздік танылған командаға жүлделі сыйлығымыз және ерекше жоба ұсынған бірнеше оқушыларға университет ректорының арнайы грантын ұсынатын боламыз», – деді Басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, іскерлік әкімшіліктендіру докторы Жандос Базартай.

Еске сала кетейік, фестиваль 15-16 желтоқсан күндері 4 секция бойынша ұйымдастырылады. Шараға 1500-ға жуық қатысушы тіркелді. Бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жаңа жобалардың жарыққа шығуына үлкен қолдау болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!