Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру саласындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстанға Үндістанның компанияларын шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы әлемдік басты тренд ретінде экономиканы цифрландыру қалып отыр. Қазақстанда электронды үкімет тиімді жұмыс істеп тұр. Экономиканың барша жүйе құраушы секторларын цифрландыру, сондай-ақ Smart қалаларды, медицина мен білім беру салаларын дамыту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Цифрлық шешімдер банктік-қаржылық жүйеде табысты қолданылып келеді», – деді Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Үндістан» саммитінде.

Сонымен қатар Президент қазіргі кезде жасанды интеллект енгізуі, Big data, онлайн коммерция мен киберқауіпсіздік секілді салаларды дамыту сұранысқа ие екенін атап өтті. Мұнымен қоса, Қазақстанда телекоммуникация, электронды өнеркәсіп саласында зертханаларды, сондай-ақ электронды техниканының жинақтау өндірістерін құру жобалары қызығушылық тудырады.

«Біз осы бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастыққа дайынбыз. Үндістан компанияларын қазақстандық нарыққа шақырамыз. Қазақстан халқына Жолдауымда 2025 жылға қарай 100 мыңнан кем емес жоғары білікті ІТ-маманды даярлау міндетін қойдым. Осыған байланысты ІТ және инженер кадрларды оқытуда Үндістанның мол тәжірибесі біз үшін қызықты болып тұр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент аталған саладағы тәжірибелік қадам ретінде «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркінің базасында Bagmane және басқа да үнділік ІТ-алпауыттармен бірлесе Орталық Азия үшін инженерлік кеңсе мен ақпараттық технология мектебін ашуды ұсынды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!