Әлеуметтік желіде жастардың ұйымдасуымен жарыққа шыққан «Бакош» есімді роботты танымал болуда. Елорда халқы аталған роботты қазан айының басында аңғарған. Робот Астана көшелерін аралап, тұрғындармен әңгіме айтуға дағдыланыпты. Түрлі тақырыпты сөз бастап, қойылған сұраққа орынды жауап беруге үйренген. «Бакошқа» кездескен адамдар роботты бейнеге түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Содан бері қала тұрғындары көшеден жасанды интеллектті кезіктіруге тырысып, әңгіме айтауға талпынады.


– Роботты алғаш көргенде әзіл есебінде қабылдағанымыз шындық. Балалар қуанып, сөйлесуге тырысты. Тіпті, әзіл айтып, сұраққа жауап бергенде таңқалдым. Қалада осындай роботтың болғаны қуантады. Дамыған елдердегі роботтарды көретінбіз. Енді мұндай жаңалық Қазақстанға да келді, – дейді елордалық тұрғын Мейрамгүл Әлайдарова.


Тағы бір қызығы, «Бакоштың» TikTok әлеуметтік желісінде арнайы парақшасы бар. Онда роботтың күнделікті өмірі мен адамдармен байланысы таспаланған. Бұл туралы «Бакоштың» желіде тараған бейнежазбада айтқан болатын. Роботтың сөзінше, ол жақында TikTok-парақша ашып, көп оқырман жинаған. Ал парақшасында 400 мыңнан аса оқырманы бар. Бейнежазбалар қаралым жағынан көш басында келеді. Мәселен, роботпен сөйлескен адамдар туралы бейне жазба орташа 2 миллион қаралым жинаған. Ең көбі – 3 миллион 800 мың қаралым.


Роботтың бейнелерінің арасында адамдардан бөлек, иттердің реакциясын көрсетілген кадрлар бар. Мұндай ерекшелік «Бакоштың» танымал болуына түрткі болып, халықтың назарын аударған. Сондай-ақ, белгілі блогер Нұрдәулет те кездесіп, сөйлейтін роботқа баскиім алғанын жариялаған еді.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, алдағы уақытта роботтың сөйлеу қабылетін дамыту, интеллект деңгейін көтеру секілді жүйелі жұмыс жүргізілмек. Сонымен қатар, роботтың түр-тұлғасына да өзгеріс енуі ықтимал.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!