Фото: ашық дереккөзден

Заманауи технология әлемінде шынайы және виртуалды ғалам арасындағы шекара уақыт өткен сайын бұлыңғыр болып барады. Осы саладағы қызықты және инновациялық әзірлемелердің бірі – Apple компаниясы ұсынған Vision Pro. Бұл құрылғы шындық пен қиял арасындағы дәстүрлі шекараны бұзып, пайдаланушыны иммерсивті виртуалды әлемге апарады деседі. Тіпті шынайылықтың жаңа дәуірін енгізуге уәде береді.

Жаңа әлемді кодтау

Apple Worldwide Developers Conference – дәстүрлі түрде Калифорнияда өтетін дүниежүзілік конференция. Алғашқы WWDC 1983 жылы Монтеррейде ұйымдастырылды. Жаңа өнімдердің таныстырылым алаңына айналған іс-шараның тақырыбы мен бағыты өзгеріп отырады. Мәселен, өткен жылдың маусым айында ұйымдастырылған жиынның басты девизі – «Жаңа әлемді кодтау». Тақырып аясында MacBook Air 15, Mac Studio, Mac Pro және жаңа операциялық жүйелері, сонымен қатар революциялық құрылғы санатына енген Vision Pro таныстырылды.

Өндірушелірдің айтуынша, Vision Pro – бұл заманауи теледидар, компьютер және VR көзілдіріктің жиынтығы. Vision Pro көзілдірігінің негізгі мүмкіндігі – пайдаланушыны виртуалды әлеммен байланыстыру. Осылайша қолданушы шынайы және виртуалды әлем үйлескен ғаламды тамашалай алады. Қарапайым функциясының бірі – фото, видео түсіру болса, экранда IMAX өлшеміне дейінгі кинотеатр режимі бар. Vision Pro арқылы Magic Keyboard, Magic Trackpad және microLED дисплейлерімен жабдықталған, тіпті 23 миллион пиксельдегі мөлдір суретті бейнелейді.

Инновация мен сән

ІТ саланың қарқынды дамуы сән әлеміне де әсер етті. 1946 жылы дизайнер Кристиан Диор мен кәсіпкер Марсель Буссак құрған Dior сән үйін білмейтін адам жоқтың қасы. Міне, дәл осы француздық сән үйі сатып алушыларына жаңа көзілдірік ұсынды.

Америкалық Ray-Ban компаниясымен коллаборация нәтижесінде Meta WayFarer өнімі дайындалды. «Әр сәттен ләззат ал» девизімен ұсынылған күннен қорғайтын көзілдірікте инновация мен стиль біріккен. Мәселен, айналаны фото немесе видеоға түсіруге арналған камера, жарық диоды, көзілдірікті басқаруға арналған сенсорлық аймақ және дыбыс деңгейін реттейтін батырма бар.

Трендқұмарлық немесе қажеттілік?

2007 жылға оралсақ. Дәл сол жылы Apple компаниясы Iphone ұялы телефонының алғашқы моделін шығарды. Қарапайым байланысқа арналған құрылғының бағасы да, өзі де қолжетімсіз дүниеге айналды. Жыл сайын жаңа моделі жарық көретін компанияның тауарларына көңілі толмайтындар бар. Бірі көлемін, бірі бағасын айтады. Бүгінде жаңа моделі 600 мың теңгеге бағаланса да, екінің бірінде – Iphone. Иә, мұны заман талабымен байланыстыруға келеді.

«Сапалы телефон – сапалы контент» деседі қоғам. Алайда қажеттіліктен аттап, құмарлыққа берілген жастар трендтен қалмас үшін алып жатқаны рас. Жинаған қаражаты болса мейлі, несиеге алғаны, әлі алатыны қаншама. Жоғарыда аталған кемі 1,5 млн теңгені құрайтын көзілдірік мәселесі де қажеттілік емес, құмарлыққа айналмасын білмейміз.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!