«Цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылдау моделі» баяндамасы жарияланды. Осы модель бойынша алынған зерттеу нәтижелерінің негізінде 2022 жылдың соңына дейін Қазақстанда Орталық банктің цифрлық валютасын енгізу туралы қорытынды шешім әзірленеді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жоба моделінде цифрлық теңгенің технологиялық іске асырылуын, әлеуетті экономикалық пайдалар мен шығындарды, жүйені реттеу мүмкіндіктерін, сондай-ақ экожүйені дамыту әлеуетін бағалау бойынша зерттеулер қамтылған. Талдау құралдары ретінде технологиялық эксперименттер, экономикалық модельдеу, мүдделі тараптармен дизайн-сессиялар қарастырылған. 2022 жылдың 4-тоқсанында нарыққа қатысушылармен және тұтынушылармен Цифрлық теңгенің технологиялық платформасын өтпелі тестілеу жоспарланған, – делінген хабарламада.

Банк мамандарының мәліметінше, зерттеу нәтижелерін объективті түсіндіру мақсатында тәуелсіз халықаралық сарапшылар мен халықаралық қаржы ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен «Цифрлық теңге» жобасының Консультативтік кеңесі құрылды. Қаржы нарығының қатысушыларымен цифрлық теңгенің экожүйесін құру да жобаны дамытудағы табыстылықтың маңызды факторы болып табылады. Осы мақсаттар үшін коллаборативті алаң – Digital Tenge Hub құрылды, оған нарық қатысушылары, инфрақұрылымдық ойыншылар, халықаралық серіктестер қатысады.

Цифрлық теңгені енгізу, оның ішінде офлайн төлеу мүмкіндігі арқылы төлем мен қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.

Цифрлық теңге инфрақұрылымы қаржы нарығына қатысушылар мен мемлекеттік органдар үшін қосымша құралға айналады, бұл смарт-контракт технологиясы негізінде инновациялық қызметтерді құруға мүмкіндік береді. Болашақта цифрлық теңгені енгізу трансшекаралық төлемдердің тиімділігін де еселейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Ұлттық банкінің төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы Бинур Жалелов елімізде цифрлық теңгеге қатысты шешім қабылданып, оны біртіндеп енгізу жаспарда бар екені туралы айтқанын жаздық.