Иә, әлем қолданатын әлеуметтік желі жүйесінде қазақ тілі жоқ. Сондықтан тіл жанашырлары алаңдатқан мәселеге атүсті қарамай, шиеленістің шешімін табуға кірісті. Осы ретте жағымда жаңалықтың көңілге қуаныш ұялатқаны рас. Яғни қазақ тілі телеграмда ресми тілдер қатарына қосылды. Бұған дейін желідегі қазақ тілі тек сілтеме арқылы beta нұсқа түрінде таратылған. Ал қазір iOS пен Android жүйе қолданбасында және браузер нұсқасында бар. Ол үшін қолданбаның баптауындағы «Тіл»деген тармаққа кіріп, тізімнен «Қазақша» дегенді таңдайсыз. Айта кетейік, қазақ тілі телеграмға түркі тілдері арасында түрікше мен өзбекшеден кейін үшінші болып қосылды. Игі іске мұрындық болған негізгі аудармашы Мұрат Кәрібай, QazaqGrammar мен QazaqshaJaz’дағы белсенділер.
– Каспи банкоматтары мен терминалдарының әдепкі тілі қазақша болды. Енді қазақша таңдаған соң 20 секундтан кейін орысшаға ауысып кетпейді. О бастан қазақша интерфейсі тұрады. Бұрын банкомат маңында тұрсаң, оны қазақша пайдаланып жатқан адам жоқ дерлік еді. Қазір ары-бері жүргенде қазақша пайдаланып тұрған адамдарды жиі байқап жүрмін. Демек, барлық жерде әдепкі тіл ретінде мемлекеттік тілді қойса, оны пайдаланушылар саны бірден артады деген сөз. Өткенде Choco компаниясының өкілі Мухоряпов кейсінен кейін қазақша интерфейсті пайдаланатындар саны 13% дейін артты деп айтып еді. Банкоматтан бастап, кез келген қызмет түрін қазақша пайдаланыңыздар. Достар мен туыстарды қазақ тілін пайдалануға үгіттеңіздер. Әр батырманы басқаныңыз – статистика, әр таңдауыңыз – бизнестің шешіміне әсер етеді, – деді QazaqshaJaz қозғалысының өкілі Жалғас Ертай.
Көңілді марқайтар жаңалық легі мұнымен толастамақ емес. Осы қарқыннан таймасақ,, тіл туралы тартысқа да тоқтам болар. Тиісінше қолдану аясы кеңейсе құба-құп. Елімізде «Тіл-Қазына» КЕАҚ-ның IT-мамандары қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыратын Telegram-бот әзірлеп, іске қосты. Бұл инновациялық бот коммуникация саласындағы үлкен жаңалық және ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін, сондай-ақ қазақ тіліндегі ақпаратқа тез қол жеткізгісі келетіндерге жаңа мүмкіндік. Яғни, мicrosoft Azure интеграциясы арқылы Telegram-бот қазақ тілінде жазылған мәтінді жоғары деңгейде дыбысқа айналдырып, түрлендіре алады. Бұл қазақ тіліндегі кітаптарды, жаңалықтар мен мақалаларды, оқу материалдарын және басқа да мәтіндерді түрлі жағдайда пайдалануға мүмкіндік туғызады. Осыған орай, пайдаланушылар аталған ботты өз контактілеріне қосып, оған бірден қазақ тіліндегі мәтінді жіберу арқылы жаңа функционалды қолдана алады.
Ботты Телеграм каналында @kztts_bot атауы арқылы табуға болады. Бот мәтінді жылдам әрі сапалы дыбыстап, пайдаланушыға аудиофайлды кез келген уақытта тыңдай алатындай етіп қайта жолдайды. Демек бұл цифрлық коммуникациялар дәуірінде қазақ мәдениетінің дамуы мен сақталуына ықпал етеді деген сөз.
– Басқа желіге қарағанда телеграмды жиі пайдаланамын. Арнайы арна ашып, оны тұрақты жүргізудемін. Күнделікті оқиғамен бөлісіп немесе ой-толғам жазып тұрамын. Егер сауатты жазба тіркелушінің көңілінен шықса уақытты текке шығындамағаным. Телеграмның қазақ тілінде іске қосылғаны ерекше әрі қызық болды. Әр батырманың өз тілінде жазылғаны басқаша әсер етеді. Алдағы уақытта өзге желі жүйесіне де ана тіліміз жүктелсе жақсы болушы еді, – деді Б. Асылбекқызы.
Әлеуметтік желі мен интернет пайдаланушылар жетіп артылады. Тіпті кейбірі салдарынан сан соғып қалады. Алаяқтықтың құрбанына айналып, жалған жарнамадан жапа шеккендер аз емес. Мұны да назарға алған басшылық тиімді жолын қарастырып, заң қабылдады.
– «Онлайн платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға президент қол қойды. Мұндай құжат Орталық Азия елдерінде алғаш рет қабылданып отыр. Еуропалық Одақтың Digital Services Actдеген заңнамасына негізделген құжаттың басты мақсатының бірі – қаржы пирамидасы және басқа да интернет алаяқтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жалпы бұл заңдағы ерекшелік бізде Қазақстанда қаржы пирамидасы бойынша алаяқтық артып кеткен болатын. Бұл заң соның алдын алады, кез келген қазақстандық тұтынушы сайтқа кіріп, жарнаманы оқыған кезде ол жарнама жалған ба, қандай ақпараттар берілген, оны инфлюенсер берген бе, оны сайттың иесі тексеріп көрген бе бәрін біле алады, – дейді сарапшы Айгерім Құсайынқызы.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі де мәлімдеме жасады.
– Әлеуметтік желілер негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналды. «Қоғам тынысының барометрі» атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті. Мәселен, күні кеше ғана Reuters Institute жариялаған биылғы «Дижитал жаңалықтар есебі» бойынша, әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайған, – деді ол.
Қорытындылай келе бұл заң әлемдік әлеуметтік желілердің интерфейсін қазақшалау, инфлюенсерлердің жарнамасын таңбалау, заңсыз контентті неғұрлым тиімді модерациялау мәселелерін де реттемек.

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!