Осыдан төрт жыл бұрын Сырдария ауданындағы Бесарық ауылына жақын «Сасықкөл» көлін облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы арқылы жалға алдық. Аумағы 77 гектарды құрайды. Бүгінде оның тыныс-тіршілігін дамытуға шама-шарқымыз келгенше атсалысып келеміз.

Су айдынын таза ұстау, көлді терең­дету, маңайындағы қатты өсімдіктерді шабу, тағысын тағы жұмыстары бар. Қыс мезгілінде мұзды ойып, балық­тың қырылмауына жол бермеу де біздің міндетке кіреді. Сондай-ақ жыл сайын күріш егістігінде қалған шабақ­тарды құтқарып, көлге әкелеміз. Мә­се­лен, биыл 13500-ге жуық шабақ түрі біздің көлге жіберілді. Жал­пы, мұнда сазан, дөңмаңдай, ақ амур, қызылқанат, шортан, табан, жы­лан­бас, күміс түстес мөңке, торта, ақмарқа, қылыш балық пен көксерке секілді тұқымдары тіршілік етеді. Жылына көлден негізгі шартпен 886 келі балық аулануы тиіс.

Осы тұста бір мәселенің шеті көрі­неді. Көл маңында арнайы қорғау белгісі бар ақпараттық тақтайшалар орнатылады. Десе де, Қытайдың зиян­ды ау-торын жайып, тоқпен соғып, қап-қап балықты бірден қармап қа­луды құп көретіндер азаймай тұр. Та­би­ғат қорғаушылары болса, заңға ба­ғын­бағандардың құрал-сайманын тәркілеп, тәртіпке шақыруға тырысып жатыр. Қолға түсіп, айыппұл арқала­ғандардың да аз еместігін естиміз. Биыл­дың өзінде облыста 20 қылмыс­тық іс қозғалған екен.

Айтпағым, бұлай жалғаса берсе, балықтың қарасын көруге зар бо­лып қалар түріміз бар. Бақсақ, ба­лыққа қамқорлық маңызды кө­рінбеуі мүмкін, алайда ол да та­биғат байлығы. Әрі табыс көзі. Бір жағынан денсаулыққа пайдалы, құ­нарлы өнім. Сондықтан табиғат жанашыры ретінде әрбір адам заңсыздықтың зардабы көп екенін ескере жүрсе деймін…

Бақытгүл ПАЗЫЛОВА,

«Жолдасбек» шаруа

қожалығының төрайымы