Сырдың суы сирақтан аспай жүргеніне бірнеше жыл. Егін егіп, еңбек еткен шаруашылық иелеріне обал-ақ. Алайда өткен жылы жазда мәселеге дер кезінде мемлекет тарапынан маңыз беріліп, судың жетіспеушілігі алдын ала болжанды. Нәтижесінде сырбойылықтар сусыз қалған жоқ. Биыл жағдай қалай болмақ? Мәселе уақытылы шешімін тапқанмен, жыл мезгіліне сай туындайтын айтып келмес апаттың бірі – су басу қаупі өзекті боп отыр. Өзеннің қазіргі жағдайы мамандардың да алаңдаушылығын тудыруда. Ашып айтсақ, қазір Сырдарияға жоғары су арналарынан секундына 600 текше метр су келіп жатыр. Сондықтан қызыл судан келетін қауіп бар.

Сырдарияны мұз толықтай басқаны бәрімізге мәлім. Тіпті, кей жерлерде оның қалыңдығы 44 сантиметрден де асады екен.
«Қазір облыс көлемінде 29 елді-мекенді су басу қаупі төніп тұр. Соған байланысты аймақта 60 эвакуациялық жинақтау, 78 эвакуациялық қабылдау пункті орналасқан. Өзенге жақын жерде тұратын тұрғындар арасында тұрақты түрде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Сырдарияның жағдайы жіті бақылауда», – дейді Қызылорда облыстық ТЖД бөлім бастығы Бейбітхан Спанов.
Бүгінгі таңда Сырдарияға жоғары су арналарынан секундына 600 текше метр су келіп жатыр. Бұл бірнеше апта бұрынғы көрсеткіштен сәл төмен. Дегенмен төтеншеліктер қауіп әлде де бар екенін жасырмайды. Өйткені дарияның су өткізу қабілеті 500-550 текше метр шамасында. Қолайсыз ауа райының салдарынан Шиеліден Арал ауданына дейін өзенде мұз толық ұстасып жатыр. Оқыс жағдайдың алдын алып, мол суды тиімді пайдалану жолы жауапты мамандар тарапынан қарастырылуда. Яғни, аудандардағы каналдарға су жіберіліп жатыр. Жаңа егін науқаны басталған кезде бұл шаруаларға біраз көмек болып, өткен жылғы қуаңшы­лық­тың орнын баспақ. Осылайша жаңа жылдағы су қарқынының шаруалардан жақсы нәтиже көрсететін сыңайы бар.
– Өзім Шиелі ауданының тұрғынымын, ауылымыз дарияның жанында орналасқан. Әрине, тасқыннан қорқамыз, сақтық шараларын қолға алдық. Әкімшілік қызметкерлері өзеннің жағасына құм түсіріп берді. Мамандармен бірге қаптауға көмектесудеміз. Жаздыгүні осы суды қажет етеміз, ал қыстыгүні мүмкіндігінше қорғанамыз, – дейді ауыл тұрғыны Сабит Ережеп.
Қазір Ақлақ су торабынан Кіші Арал теңізіне секундына 153 шар­шы метр су жіберіліп жатыр. Алдағы уақытта жоғары су арналарынан келетін судың көлемі 700 текше метрге дейін артады деп күтілуде. Алайда мамандардың айтуын­ша, жауаптылар мол суды облыс аумағынан жоспарлы түрде өткізіп жіберуге дайын. Бірақ сақтықта қорлық жоқ.

Аделина Мәделханқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!