Қырғызстанда 2023 жылдың 1 мамырынан бастап электр энергиясына жаңа тариф енгізіледі. Мұндай қаулыны Қырғызстан министрлер кабинеті қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Қырғызстан министрлер кабинетіне сілтеме жасап.

Құжатқа сәйкес, тапшылық жағдайында халықты электр энергиясымен сенімді және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2015 жылдан бері өзгермеген тарифті 1 кВтсағ үшін 77 тыйыннан 1 сомға дейін (шамамен 3,94 теңгеден 5,12 теңгеге дейін) 29,9%-ға қымбаттату ұсынылған.

Бұл ретте сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың ай сайынғы көлемінің шекті шегі 700-ден 1500 кВтсағ-қа дейін ұлғаяды, осы лимиттен асқан жағдайда 1 киловатт-сағат үшін 2,16 сом (11,05 теңге) ақы алынады.

Биік таулы аудандарда және шалғай аудандарда тұратын ел азаматтары үшін электр энергиясын ай сайын 1500 кВт.сағ жеңілдікпен тұтыну шегі орнатылмайды.

16 жасқа дейінгі балалары бар және «уй-булого комок» ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақы алатын аз қамтылған отбасылар үшін электр энергиясына тариф бұрынғы деңгейде 50 тыйын/ кВтсағ (шамамен 2,56 теңге), тұтыну лимиті айына 1 500 кВтсағ дейін сақталады.

Электр энергиясына тарифтер жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып өзгеретін болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!