Үкімет қаулысымен «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі..

«Киіктердің ауыл шаруашылығына тигізетін зиянын барынша азайту және  ақбөкендердің  Орал популяциясының мекендеу аумағын сақтау мақсатында Батыс Қазақстан облысында «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты (бұдан әрі – резерват) және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы (бұдан әрі – қорық) құрылды», – деп жазылған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми сайтында

«Ащыөзек» мемлекеттік табиғи қаумалының ауданы 314504,1 гектарды, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының ауданы 343040,1 гектарды құрайды. 

Жоғарыда аталған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Батыс Қазақстан облысының Бөкейорда, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының аумағында орналасқан.
Резерват қызметіне қаржылық қолдау және ғылыми сүйемелдеу көрсетілетін болады.
Киіктердің дүниежүзілік таралымының 90%-дан астамы Қазақстанда мекендейді. Олардың – Бетпақдала, Орал және Үстірт секілді үш популяциясы бар.

«Бүгінде Орал популяциясының саны 801 мың басты құрайды. Бұл жайылымдар мен суаттар үшін ауыл шаруашылығы жануарларымен киіктердің бәсекелестігінің артуына алып келді. Сондай-ақ, ақбөкендер ауыл шаруашылығы дақылдарын таптап жатыр», – деп хабарлайды министрліктен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!