Жалағаш ауданында биыл 19 800 гектар жерге күріш дақылының тұқымы себіліп, толық суға бастырылды. Су тапшылығына байланысты күріш дақылы 600 гектарға қысқартылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев баяндады.

– Қазір жоспарланған жаздық бидай, мақсары, жоңышқа дақылдары 100 пайыз орналастырылып, күздік бидай, ескі жоңышқа күтімге алынды. Сонымен қатар межеленген 500 га картоп, 1000 га көкөніс және 1200 га бақша дақылдары толық егілді. Биыл жылдағыдан күріш дақылының көлемі қысқарып, суды аз қажет ететін 93 га жаздық бидай, 72 гектар жүгері, 30 гектар жаздық арпа, 443 га мақсары, 445 га жаңа жоңышқа дақылдары орналастырылды, – деді Алтынбек Дәрібаев.

Ауданда егінді сумен қамтамасыз ету үшін 53 насос қондырғысы іске қосылды.

– Енді облыстық бюджеттен 4 насос қондырғысы сатып алынады. Қазіргі таңда, Жаңаталап және Шаменов ауылдық округтеріне насос қондырғылары жеткізілді. Алда 20 маусымға дейін тағы 2 насос жеткізіледі, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жұлдызай Айтжанова.

Егістікке тіршілік нәрін тұрақты беру үшін магистралды каналдардан су алу кестесі жасалды.

– Жалағашта жоспар бойынша секундына 40 текше метр су алу керек болса, бүгінде 30 текше метр келуде. Осыған орай, барлық аудан әкімдігі мен шаруашылық арасында келісім жасалып, график бекітілді. Ұзақтығы 5-6 күннен аспайтын болады. Кезекке қойған кезде мысалы, оң тармаққа су берілетін болса, сол тармақты нөлге дейін жауып тастамайды. Тек су деңгейі төмендейді, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының су шаруашылығы нысандарын пайдалану бөлімінің басшысы Айдос Асанбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!