Дегенмен елорда халқы бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып кеткен.

Сенат депутаты Нұрлан Бекенов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында елордадағы су тапшылығы мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сенатордың сөзінше, елорданы сумен жабдықтау Астана су қоймасы арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ су қоймасы 1969 жылы салынған және 500 мың адамға есептелген болатын. Дегенмен елорда халқы бұл көрсеткіштен әлдеқашан асып кеткен.

«Қаланың қарқынды дамуына, сондай-ақ халық санының үнемі өсіп отыруына байланысты су тұтыну көлемі де жыл сайын артып келеді. Астана су қоймасының ресурстары толық сарқылған жағдайда, төтенше жағдайлар туындаған кезде елорда үшін балама су көзін салу арқылы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажет. Осылайша, бүгіннен бастап халықты сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешудің балама жолдарын қарастырып, жоспарлау керек”, – деді  Нұрлан Бекенов.

Депутаттың айтуынша,  Нұра жер асты суы кен орнын игеруді және оның ұзақ мерзімді пайдалану нәтижесінде апатты жағдайда тұрған инфрақұрылымын қайта жаңғыртуды қолға алу керек. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының үкіметке Бұзылық су қоймасын салу туралы ұсынысты зерделеу және енгізу жөніндегі тапсырма бергенін еске салды. Сенатор Бұзылық су қоймасының құрылысы жүктемелердің шарықтау шегі мен су тасқыны қаупін азайтуға, Есіл өзенінің ағынын барлық ұзындықта реттеуге және Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының қажеттіліктері үшін су қорларын ұлғайтуға мүмкіндік береді деп есептейді.

«Тұрғындарды сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ елорданы сумен қамтамасыз етудің қосымша көзін салу келешегін ескере отырып, Нұра және Бұзылық су қоймаларында қысқа мерзімде қайта жаңғырту мен қажетті жұмыстарды жүргізу қажет. Астана қаласын сумен жабдықтаудың балама көздерін игеру жөніндегі жұмысты жеделдетіп әрі жалғастыру керек», – деді сенатор. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!