Қызылорда облысында судың жыл сайын азайып келе жатқандығына байланысты ауыл шаруашылығы саласы әртараптандыруды қолға алды.

Тіршілік нәрін аз қажет ететін және үнемдеу мақсатында соңғы технология мүмкіндіктері пайдалануда. Мәселен, тамшылатып суару әдісімен 3 мың гектарға қызанақ өсіру, жаңбырлатқыш жабдықтарды қолдану арқылы 10 мың гектарға жоңышқа және 87 гектарға жүгері өсірілуде.

«РЗА» шаруа қожалығы жаңбырлатқыш құрылғысымен 87 гектар жерге сүрлемдік жүгері егу жобасы қолға алды. Ол үшін алдымен шетелдік жаңбырлатып суару жүйесін орнатты. Спринкерлік жүйе бойынша 2 метр тереңдікке дренажды құбыр жүргізілген. Ол шайылған тұзды суды егістіктен шығарады және жерасты суларының көтерілуіне кедергі болады.

«Бір сағатта 1 шаршы метрге 8 литр су кетеді. Бір жағы суды үнемдеу, тұзды жуу үшін 24 сағат суардық. Тыңайтқыш, аммофос, гербицидін төгіп, 400 тоннадай малдың қиын төктік. Соқамен жыртып, тегістеп, тырмалап жүйеге келтіріп, дайындадық. Әр гектарынан 450 центнер өнім алсақ деп отырмыз. Таңертең және кешкілік суарылып, әбден бапталған мал азығы 1200 бас сиыр өсірілетін тауарлы сүт фермасына беріледі», – дейді шаруа қожалығының төрғасы Жеңіс Қарабалаев.

«Судың тапшылығына байланысты аздап егіс көлемін қысқартып отырмыз. Аудан бойынша биыл 17685 га жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жоспарланып отыр. Оның ішінде 6637 га күріш егіледі», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Қуатов.

Тамыздың соңында жүгері орылып алынады. Орнына қара бидай дәні себіледі. Оның өнімі ерте көктемде жиналады. Осылайша, әртараптандыру бағыттары жүзеге асырылмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!