Орман өрті абайсызда жағылған от, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағайдан, ауа температурасының өте жоғары болуынан пайда болады. Сондай-ақ, кейбір азаматтардың табиғат аясында демалып, жаққан оттың толық өшірілмеуі, сөнбеген темекі қалдықтары, құрғақ шөптің маңайында қалған шыны бөтелкелердің әсерінен де тұтанады. Бұл ‒ көбіне құрғақшылық кезеңдерде, ерте көктем мен күз мезгілінің аралығында пайда болатын апат.

«Барсакелмес» мемлекеттік қорығында дала өртінен орман қорын сақтау шаралары жыл сайын үздіксіз ұйымдастырылады. Төтенше жағдайлар қызметі және қорық маңына жақын орналасқан мекемелермен бірлескен жұмыс жоспары құрылып, ерікті өрт сөндіруші командалар жасақталады. Әр командаға арнайы көлік, өрт сөндіретін құрылғылар беріледі.

Осы мақсатта қорық маңындағы елді мекендер мен ауылдық округ тұрғындарына да үгіт-насихат жұмыстары жиі жүргізіледі. Үнпарақтар таратылып, арнайы дәріс оқылады. Сондай-ақ орманды өрттен сақтауға шақыратын қорық ішіндегі аншлагтар да жаңартылады.

Бүгінде қорық аумағына кіретін «Бегім Ана» ескерткіші маңына өрт қауіпсіздігін бақылайтын бекет ұйымдастырылған. Арнайы бекетте инспекторлар мен өрт сөндірушілер белгілі уақытпен кезекшілік қызметін атқарып, орталыққа телефон арқылы мән-жайды баяндап тұрады.

Мұндағы басты мақсат – дала өртін болдырмау, табиғи байлықты сақтау. Өрт желдің күшіне, бағытына қарай өршиді. Ол пайда болған жағдайда өсімдіктер мен жануар түрлерінің азаюына және жойылуына әсерін тигізетіні белгілі. Ағаш қорын кемітумен қатар оның өсуін де нашарлатады. Жалын шарпыған ағаш қурайды, жел, дауылда сынғыш келеді.

Сол үшін табиғат аясында ұйымдастырылған демалыста және басқа да уақытта өрт қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керек. Өрт оқиғасы байқалған жағдайда құзырлы органдарға ертерек хабарлап, оның кең көлемде таралмауына ықпал жасау – әрбір азаматтың табиғат алдындағы міндеті.

Ғалымжан БАЗАРБАЕВ,

«Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің инспекторы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!