Әлемді шарлаған індеттен арылудың бірден бір жолы-екпе салдырту екенін дүние жүзі мойындап отыр. Осы орайда тұрғындарды коронавирусқа қарсы екпе салдыруға белсене атсалысуға шақырамыз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында №3 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Жанерке Жақсылық мәлімдеді.
«Адамдардың көпшілігі вакцинаны ешқандай ерекше белгісіз өткізеді. Ал, кей адамдарда инъекция орнында аздап ауырсыну, қызару немесе ісіну, әлсіздік болуы мүмкін. Кейде дененің қызуы көтерілуі, аздап қалтырау, жүрек айну және лимфа түйіндерінің шамалы ұлғаюы мүмкін. Мұның бәрі иммунитетті қалыптастырудағы қалыпты реакциялар. Қазіргі уақытта вакцинацияланған адам басқаларға қауіп төндірмейді.
Вакцинаның екінші компонентін салдырмаса, адамда иммунитет қалыптаспайды. Өйткені екеуінің құрамы екі түрлі. Сондықтан бір-бірінсіз адамның бойында иммунитет қалыптаспайды. Екінші компонентін міндетті түрде салдыру керек.
Соңғы уақытта өңірдегі вирус деңгейінің күрделеніп, үнділік Дельта штамм белгілерінің таралуы себепті көпшілікті сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Қазір вирустың мутацияланған белгілері анықталуда. Індетті жеңу үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастырып, тұрғындарды белсенді түрде екпе егу жұмыстарына шақырамыз»,-деді Жанерке Алмасқызы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!