Әлем дамуының жаңа тірегіне айналған «Жасыл экономика» екені сөзсіз. Бұл қоршаған ортаға зиян келтірместен, адамзатты өмір сүруге қажет ресурстармен қамтамасыз етудің төте жолы.

Әй­т­­­кен­­мен «Тас дәуірі тастың таусылғандығынан аяқталған жоқ» дегендей, мәселе  елімізде  көмірсутегі  қорларының  аздығы мен  көптігіне  байланысты емес. «Жасыл экономиканың» адамзат үшін маңызын жаңалықтарға қарап аңғаруға болады.
Оған қоса, Президент Қ.К.Тоқаев халыққа Жолдауында энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет екеніне тоқталған болатын. Иә дүниенің назарын аударған тақырыпты тарқатуға және еліміз қол жеткізген жетістіктер мен кемшін тұстарды таныстыру үшін, саланы сараптап көрдік.

– Бүгінде облыс аумағында жиынтық қуаты 89 мегаватт болатын 9 күн электр станциясы жұмыс істейді. Оның үшеуі ірі, шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынған. Атап айтқанда, Шиелі ауданында орналасқан қуаттылығы 50 мегаваттық қазақ-британ компаниясына тиесілі «Байконур-Солар» күн электр станциясы, Жалағаш ауданындағы франциялық «Total Eren» компаниясына тиесілі қуаттылығы 28 мегаваттық күн электр станциясы, Жаңақорған ауданындағы «Hevel» компаниясына тиесілі қуаттылығы 10 мегаватт электр станциясы. Сондай-ақ Шиелі ауданында «Тесис» ЖШС күн электр станциясын салуды жоспарлауда. Қазір қажетті жер учаскесі бөлінген (80 га), жобаны 2025 жылы іске қоспақ, – деді Қызылорда облыстық энергетика басқармасының баспасөз хатшысы.

Алдағы 5 жылдаэнергиятұтынужәнеоныңшығынынабайланыстынегізгікөрсеткіштердікемінде 15 пайызғаазайтутуралыПрезиденттапсырмаберді.

– «Жасыл экономиканы» дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы – жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде, – деді Президент.

Жаңа Экология кодексі және Көміртек бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданғанын еске сала кетейік. Мемлекет басшысы елімізде бұл бағытта көп жұмыс атқарылғанын айтты. Кейінгі 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өскен.

Өткен жылы «РИО + 20» саммитінен кейін «жасыл экономикаға» ауысу бойынша стратегияны іске асыруға бағытталған тұжырымдама әзірленген болатын. Онда бірінші кезекте экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған міндеттер тізімі жасалды. Осы міндетті орындау уақыты да нақты бекітілген еді. Бірінші кезең – 2013-2020 жылдары қорларды пайдалануды оңтайландыру және табиғатты пайдалану қызметінің тиімділігін арттыру. Сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру кезеңі. Яғни, осы уақыт аралығында инфрақұрылым толықтай құрылуы керек деген меже көзделген.

– 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көзі іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек, – деді Президент.

Сонымен қатар тағы бір аталған бағыт – сутегіден қуат өндіру ісін дамыту болды. Мемлекет басшысының айтуынша, қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады. Ең бастысы, елімізде шикізат қоры жеткілікті.

– Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді парниктік газ шығарындыларына арналған квотаны саудалау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керек, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Негізінен, жасыл энергетикаға қатысты бүкіләлемдік бастамаларды еліміз әрқашан қолдап келеді. 2050 жылға қарай энергетикалық секторды толық көміртексіздендіру туралы Париж келісімі қабылданған болатын. Бұл – Париж қаласында өткен БҰҰ климат өзгерісі жөніндегі конференцияда әлем елдерінің басшылары қабылдаған, климат өзгерісі туралы әлемдегі тұңғыш заң тұрғысынан бекітілген жаһандық келісім. Мұны 2015 жылы 12 желтоқсанда 196 тарап қабылдап, 2016 жылы 4 қарашада күшіне енген. Бұл процесте жаңартылатын энергия маңызды рөл атқарады.

Расында «Жасыл экономика» – ауқымы өте кең ұғым. Топырақ, тыңайтқыштардан бастап қалдық өңдеуге дейін барлығын қамтиды. Бұл – адамзаттың табиғатқа зиян келтірмей, өзінің де тіршілік етуіне, өмір сүруіне тиімді жағдай жасауының алғышарты.

2030 жылға қарай өндірілетін энергияның 30 пайызын сарқылмайтын, қалпына келетін энергия көзінен, 2050 жылға қарай өндірілетін энергияның 50 пайызын осы көздерден алу туралы мақсат бар. Сонымен қатар 2020 жылы өткен Париж келісімінің 5 жылдығына арналған онлайн саммитте жолдаған үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі жағынан бейтарап мемлекетке айналады деп мәлімдеді.

Энергия көздерінің көлемі

Жасырып жабатыны жоқ, минералдық ресурстар – мұнай, газ және көмір ел экономикасы үшін аса маңызды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Үкімет баламалы энергия емес, қазба отын көздерін дамытты. Алайда географиялық орнымызға байланысты қалпына келетін энергия көздерін дамытуға үлкен әлеуетіміз бар. Бұл бағытта ресми деректерден өсім бар екенін байқауға болады. Елімізде қалпына келетін энергия көздеріндегі электр стансаларының жалпы белгіленген қуаты 2,5 ГВт-қа дейін өскен.

Электр энергиясының жалпы генерациясы өткен жылы сағатына 112,8 миллиард киловатқа жеткен, оның 5,1 миллиарды – жаңартылатын энергетика еншісінде. Яғни, күн және жел электр стансалары, шағын ГЭС және биогаз қондырғыларын өндіру көлемі. Үлкен көрсеткіш деуге келмес, дегенмен жоспарымыз жақсы.

Қазір қалпына келетін энергия көздерінің ішінде елімізде ең көп қуат желден алынады. Бүгінде елімізде күн энергиясын өндіру жел энергиясын өндірудің үштен біріндей екен, ал 2035 жылға қарай айырмашылық жеті есеге артуға тиіс. Біздегі жел энергиясының ресурстары бұған толығымен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Қазақстанның жел әлеуеті жылына 1 триллион 820 миллиард киловатт-сағаттан асатыны айтылған. Ел аумағының жартысына жуығында желдің жылдамдығы 30 метр биіктікте секундына 4-5 метрге жетеді. Ең жоғары жел әлеуеті Каспий теңізі аумағында – Атырау және Маңғыстау облысымен қатар Солтүстік, Оңтүстік Қазақстанда бар. Дегенмен әлеуетіміз әлі қолданыла қойған жоқ. Ел энергожүйесінің батыс аймағында жел энергиясын өндіру 2022 жылы сағатына 301 миллион киловатт (күн энергиясы – небәрі сағатына 3,2 миллион) болды. Солтүстік аймақтың көрсеткіштеріне тоқталсақ, сағатына 1255,3 млн киловатт – жел электр стансалары өндірісінің көрсеткіші, ал сағатына 554,8 миллион киловатт – күн электр стансалары. Оңтүстік аймақта бұл көрсеткіштер сәйкесінше сағатына 805,5 миллион киловатт және сағатына 1196,7 миллион киловатт.

Байқасақ, күн энергиясы орасан зор әлеуетке ие, әсіресе күн жылына 2200-3000 сағатқа дейін жарқырап тұратын оңтүстік өңірде. Жазда еліміздің оңтүстігі тікелей күн радиациясын алады. Бұл – ең жоғары қуаттың 83-96 пайызы. Демек, Оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясына сұранысты орындауға жеткілікті. Салыстыру үшін Вьетнамдағы орташа көрсеткіш – 2200 сағат, Қытайда – 2500 сағат, ал Германия, Ұлыбритания, Норвегия және Жапонияда жылына 1000-нан аз екенін айта кетейік.

Алғаш рет 2012 жылы Жамбыл облысында 0,5 мегаватт энергия өндіретін «Отар» күн электр стансасы салынды. Одан соң Алматы облысының Сарыбұлақ ауылында қуаттылығы 52 киловатт болатын тағы бір күн электр стансасы іске қосылды. 2019 жылы Алматы облысы Қапшағай қаласында қуаты 100 мегаватт болатын «Нұрғиса» күн электр стансасы жұмысын бастады. 2019 жылы Қарағанды облысында Қазақстандағы қуаты 100 мегаватт болатын күн электр стансасы да іске қосылған болатын. Еліміздің аймақтарында желден энергия алатын флюгерлер, күннен қуат алатын панельдер бар екенін білеміз. Көріп, естіп, оқып жүрміз. Дегенмен олардан қаншалықты қуат алып жатқанымыз туралы мәлімет сирек айтылады. Қазір барлығы 2388 мегаватт қуат беретін қалпына келетін энергия көздерінің 130 нысаны жұмыс істеп тұр екен. Оның ішінде 46 жел электр стансасы, оның қуаты – 957,5 мегаватт. Қуаты 1149 мегаватт болатын 44 күн электр стансасы. 280 мегаватт болатын 37 су электростансасы нысаны, 1,82 мегаваттық 3 биоэлектростанса объектісі.

Өңірлер бойынша жеке-жеке қарастырар болсақ, ел бойынша ең көп үлес Алматы облысына тиесілі, ал ең аз ҚЭК үлесі – Қостанай облысынікі. Ал БҚО мен Павлодар облысында бірде-бір ҚЭС жоқ.

Жыл басында еліміздің жасыл энергетиканың белгіленген қуаты шамамен 2400 МВт болды. 2022 жылы жалпы жиынтық қуаты 385 МВт болатын 12 ҚЭК жобасы іске асырылған, 2023 жылы қуаты 276 МВт болатын 15 ҚЭК жобасы іске қосылған.

– Энергетикалық кешенді жоспарлы орнықты дамыту мақсатында 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім бекітілді, оған сәйкес жаңа қуат көздері екі есеге жуық өседі деген болжам бар, – деп мәлімдеген еді бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов.

Электр энергиясын өндіру болжамына сүйенсек, 2035 жылы жел мен күннің жалпы генерациядағы үлесі шамамен 15 пайыз болмақ. Бұл дегеніміз – сағатына 152,4 миллиард киловаттың 19,6 және 2,9 миллиард киловаты. Сәйкесінше, көмір генерациясының үлесі 46,5 пайызға дейін төмендеуге тиіс.

Жалпы ҚЭК объектілерін салуға шетелдік және отандық инвесторларды тарту жұмысы жүріп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, жыл сайын еліміздің энергия жүйесінде электр энергиясын өндіретін ҚЭК үлесі мысықтабандап болса да, өсіп келе жатқаны осыған байланысты.

Рекордтық көрсеткіш

Өткен жылғы жаңартылатын энергия көздерінің жаһандық жағдайы туралы REN21 баяндамасына сүйенсек, Ресейдің Украинаға басып кіруімен шиеленіскен энергетикалық дағдарыс тұрақты және арзан энергия көзі ретінде жаңартылатын энергия көздеріне көбірек назар аударуға ықпал етіпті.

Жаңартылатын энергия көздерін енгізу тұрақты түрде артса да, 2021 жылы түпкілікті энергия тұтынудың тек 12,6 пайызы болған, ал қазба отындары 78,9 пайыз, атом энергиясы мен дәстүрлі биомасса 8,5 пайыз деңгейде тұр.

Бірқатар ел жаңартылатын энергияның экономикалық және әлеуметтік артықшылықтары көп екенін мойындап отыр. 2022 жылдың соңына қарай 128 елде жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы экономикалық мақсат белгіленген, дегенмен тек 31 елде 100 пайыз жаңартылатын энергия көздері бойынша мақсат қойылыпты, олардың көпшілігі 2050 жылға арналған. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді деген де тұжырымдар бар. 2021 жылы әлем бойынша жаңартылатын көздер саласында жұмыспен қамту 12,7 миллион жұмыс орнына жетіпті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Сыр еліндегі сапа

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «CNNP Rich Energy Corporation Limited» компаниясының өкілдерімен кездесіп, аймақ үшін маңызды инвестициялық жобалар туралы айтқаны есімізде. Аталған компания ел аумағында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып, электр энергиясын өндіру жобаларына қызығушылық танытқан еді.

Аймақ басшысы Сыр өңірінде баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігі мол екенін жеткізді.

– Облысымыз географиялық орналасуы мен климаттық жағдайына байланысты күн және жел энергиясын өндіруде зор әлеуетке ие. Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл экономика» бағытындағы перспективалық жобаларды әрқашан қолдаймыз. Мамандардың зерттеуінше, өңірімізде жылына 300-ден астам ашық, бұлтсыз күн болады. Аймақ географиялық жағынан да желді белдеуде орналасқан. Облыстағы күн ұзақтығы жылына 3000 сағатқа дейін және күн энергиясын дамытудың энергетикалық әлеуеті жылына 32000 млрд. кВт/сағ., ал жел энергиясы жылына 2 700 млрд. кВт/сағ. құрайды. Бизнес ахуал мен инвестициялық әлеуетті жақсарту – аймақтың басым бағыттарының бірі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Мұнан бөлек, облыс әкімі инвесторларға қолайлы жағдай жасалып, Үкімет тарапынан ауқымды инвестициялық преференциялар ұсынылғанын, жаңа өндірістерді орналастыру үшін өңірде барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымы жеткізілген арнайы 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайтынын атап өтті.

Өз кезегінде «CNNP Rich Energy Corporation Limited» компаниясының өкілдері аймақ басшысына алғыс айтып, әріптестік орнатуға ниет білдірді.

Айта кетейік, тіркелген капиталы 2,2 миллиард юаньды, яғни 310,1 млн АҚШ долларын құрайтын «China National Nuclear Corporation (CNNC)» және «China National Nuclear Power (CNNP)» платформасы таза энергетикалық жобаларды дамытуға, құрылысын салуға және пайдалануға маманданған.

Компания қызметінің негізгі бағыттарына жел, күн, сутегі энергиясы, геотермалдық энергия, жинақтау энергетикасы, зарядтау станциялары кіреді.

Түйін. Қытымыр қыста табиғи газбен қамтылмаған аймақтар көмір түсіріп, әлі күнге от жағып әлек. Бұл – жыл сайынғы әуре-сарсаң. Алыпсатарлар да бұл «мүмкіндікті» пайдаланып кетуге тырысып бағады. Көмірдің «қаймағы» – сыртқа, қаспағы «іште» қалатыны тағы бар. Басқасын былай қойғанда, осы көріністен соң жасыл энергия, жаңа қуат көзі халыққа фантастикалық фильмнің элементіндей көрінетіні анық. Не десек те, жоспарымыз жақсы. Ілгерілеу бар болғанымен, айтарлықтай деуге келмес. Орындалмаған жоспарлардың аяғы сұйылып, соңында ұмытылып тынатыны да жасырын емес. Бірақ әлем жүзін бұрған жасыл энергия көзіне, жасыл экономиканы дамыту көшіне ілесе алсақ, еңсеміз тіктелері анық.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!