Солтүстік Қазақстан облысында жаңадан салынған асфальт жол екіге бөлініп қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тұрғында көптен күткен жолдың сапасыз салынғанына шағымданып, асфальттің фотоларын әлеуметтік желіде жариялады.

Жаңа асфальт Айыртау ауданындағы «Саумалкөл-Сырымбет-Қарақамыс-Светлое» автомобиль жолына төселген.

Фотода қара асфальттің шетінен бөліне бастағанын көруге болады. Тұрғындардың кейбірі жаңа жолдың астына негіз ретінде тас төселмегенін айтуда.

30 шақырымдық бұл аудандық маңызы бар автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған.

Алдағы екі жылда 26,8 км асфальт төселуі тиіс.

Айыртау аудандық әкімдігі әлеуметтік желіде тарап кеткен фотоның астына жазба қалдырды.

«Саумалкөл-Сырымбет-Қарақамыс-Светлое» аудандық маңызы бар автомобиль жолында мердігерлік ұйым құрылыс жұмысын жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта жұмыс аяқталған жоқ, сондықтан бұл жол әлі қабылданып, пайдалануға берілген жоқ. Бұл учаскеде жолдың бұзылған жерлері бар. Техникалық қадағалау оны анықтап, мердігерге дереу жою туралы ескерту берді. Жақында жаңа асфальт бұзып алынып, орнына жаңасы төселеді», – делінген хабарламада.

Биыл аумақта 705 км жол жөнделмек. Оның 110 км – республикалық маңызы бар, 480 км жергілікті және 115 км – 47 елді мекеннің ауылішілік жолдары. Жол жөндеуге қазіргі таңда 40 млрд теңге бөлінген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!