Ауданымызда орын алған қуаңшылық жағдайындағы ахуалды тұрақтандыру мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бірқатар нақты шаралар қабылдануда. Бірінші кезекте көктемде қыстан әлсіреп шығып, өлген 553 бас  жануардың өлекселері актіленіп, арнайы құрылған  ветеринариялық топпен жойылды. Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі әлсіреген жануарларды ветеринариялық топпен оңалту шаралары жүргізілді. Ауылдық округтерде пада мәселесі күшейтіліп, жағасы ұйыққа айналған суаттардың басына кезекшілік ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде мал өлімін тоқтатуға септігін тигізді. Сондай-ақ, аудандағы мал басы қайта түгенделіп, белгіленген нормативке сәйкес алдағы қысқа қажетті жем-шөп мәселесі пысықталды.

Бүгінде аудандағы мал басына қажетті 9095 тонна шөптің 22 пайызы яғни, 2032 тоннасы тасымалданып, бұл жұмыстар жалғасуда (103 310 пресс, 50 тн жем). Сондай-ақ, алдағы қысқа шөп азығын дайындау мақсатында шөп оратын ерікті бригадалар тобы жасақталды. Қазіргі таңда аталған бригадалар көршілес Сырдария, Жалағаш, Қармақшы және Қазалы аудандарынан арнайы Арал ауданына бөлінген шабындық жерлерді оруға дайындық үстінде.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданындағы шаруа қожалықтары арқылы қуаңшылық жағдайда ауданымызға көмек ретінде тегін шөп әкелу мәселесі келісілді. Бұдан бөлек, ауданның 30 белсенді жастарынан құралған арнайы еріктілер жасағы аудан территориясындағы шабындық жерлерді сол маңайдағы шаруаларға шауып, жеткізіп беруге көмектесуге дайын. Аталған шара Жетес би және Қаратерең ауылдық округтерінен бастау алмақ (дегенмен пішен шөп орымы шөптің пісуіне орай 20 шілдеден басталады) .

Жалпы ауданнның территориясы шөптің шығымына байланысты үш аймаққа бөлінді. Атап айтқанда 13 елді мекен қызыл аймақ, 6 елді мекен сары аймақ, 4 елді мекен жасыл аймақ болып белгіленді. Атап өту керек, өткен аудан әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың  алдын алу жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес ауданда төтенше жағдай жариялау туралы біржақты шешім қабылданып, аталған шешім облыстық және аумақтық мемлекеттік органдардың келісімдерінің негізінде ҚР-ның Әділет министрлігінің ашық НҚА порталында ағымдағы жылдың 24 маусымында жарияланды және 12 шілдеде министрлікпен бекітіледі деп жоспарлануда.

Осы орайда, Сырдария бойындағы бірқатар каналдарды тазалау, су тоспаларын салу, елді мекендердің территорияларынан  су ұңғымасын іске қосу және ең бастысы шөп бағасын тұрақтандыру мақсатында шаруа қожалықтарының тасымалға кететін шығындарын яғни, жанар-жағармайын өтеу қолға алынады. Жалпы бұл бағытта атқарылатын шаралар аз емес.

Өзге де атқарылып жатқан және қабылданған шешімдер жөнінде толыққанды ақпарат қосымша тұрақты хабарланып отыратын болады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!