Биыл елордада көкөніс өнімдерінің бағасы елеулі деңгейде өсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл басынан бері көкөніс өнімдерінің бағасы елеулі деңгейде өсті, яғни пияз, картоп және сәбіз бағасы көтерілді. Сонымен қатар, қант бағасы да өсті», – деді Е. Балтаев қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында.

Барша әлемде азық-түлік бағасының өсуі байқалып отырғанына тоқталған ол, ФАО мәліметі бойынша азық-түлік тауарларына баға индексі былтырмен салыстырғанда маусым айында 20 пайыздан астамға деңгейге өскенін айтты.

«Бұл тұрғыда басты себептердің бірі ретінде геосаяси ахуал мен логистикада тауар тізбегінің бұзылуын атап өтуге болады», – деді ол.

Сонымен қатар басқарма басшысы әлеуметтік маңыздағы тауарлар елдің ішкі өндірісі есебінен қамтамасыз етіліп отырғанын, алайда құс еті және қантпен, ірімшікпен қамту тиісті деңгейде емес екенін атап өтті. Бұл тұрғыда жетіспейтін көлем импортталып келеді.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!