ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикалық бюджеттің кірісі мен шығысы туралы болжамын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісінде «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы қаралып жатыр.

«Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың жоспарлы жылдарға арналған параметрлерін қалыптастыру кезінде Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджет саясаты тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттері орындалды. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері бюджет саясатының кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін жинақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыру бағдарын ескере отырып жасалды», – деді Ұлттық экономика министрі Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның болжауынша, республикалық бюджет кірістері 2023 жылы биылғы нақтыланған жоспарынан 37%-ға артады.

Республикалық бюджетке қосымша түсімдер кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайту бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар есебінен қамтамасыз етіледі.

«Ал республикалық бюджет шығыстары 2023 жылғы 21 трлн теңгеден 2025 жылы 22,7 трлн теңгеге дейін біртіндеп ұлғаяды деп болжанып отыр. Жалпы ішкі өнімге қатысты олардың 2023 жылы 17,4%-дан 2024-2025 жылдары 16%-ға дейін төмендеуі болжанады», – деді министр.

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі 2027 жылға дейінгі мұнай бағасы, инфляция, экспорт бағалары мен жалпы ішкі өнім көлеміне болжамдарын айтқан еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!