Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

KAZINFORM – Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Қаңтар-наурыз айларында елдегі сыртқы сауда айналымы 15,8 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 6,2%-ға өсті.

Өзбекстан Статистика агенттігінің ақпаратына сай, бүгінгі таңда көршілес мемлекет әлемнің 184 елімен сауда-саттық жасайды.

Үш айдың қорытындысы бойынша елдің басты сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемелекет арасындағы тауар айналымы 3 млрд доллардан (жалпы көлемнің 19%) асты.

Одан кейінгі орында сауда-саттықтың 17,7% үлесі тиесілі Ресей тұр. Бұл елмен арадағы импорт-экспорт көлемі 2,8 млрд доллар болды.

Сонымен қатар көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндеді. Біздің ел мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 937,7 млн долларға (жалпы көлемнің 5,9%) жетті.

Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан Қазақстанға 294,8 млн доллардың тауарын экспорттап, 642,9 млн доллардың тауарын импорттаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!