Өмірдегі үлкен өзгерістер күтпеген жерден басталады. Бір қарағанда, жай ғана қызығушылық болып көрінген іс уақыт өте келе адамды жаңа белеске жетелейді. Бүгін баяндағалы отырған кейіпкеріміздің де тойтабақ пен көрнекілік құралдарын жасау кәсібіне келуі осындай ұмтылыстан басталған. Екі баланың анасы атанып бесік тербеген Кәмшат Бекділдақызы тек бір әулеттің берекесін кіргізіп қоймай, кәсіпті де қатар алып жүр.

Кәмшат Бекділдақызының негізі мамандағы мұғалім болса да, бұл салаға әлі күнге қадам басқан емес. Кішкентай атқамінер ұлдары ес білгенше аталған салада қызмет етуді болашақтың еншісіне қалдырған. Бірақ бұл тұлға ретінде дамуды кейінге қалдырды деген сөз емес. 2022 жылдың қаңтар айында сәби сүйіп, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан ол үйде отырған уақытын пайдалы өткізуге тырысып келеді. Бос уақытында әлеуметтік желілерді қарап жүріп, тойбастар мен тойтабақ жасайтын парақшаларға қызығушылық танытады. Тіпті осы бағыттағы дайын шаблондары бар бірнеше арнаны сатып алғаны да уақыт ете келе пайдасына жарады. Алайда бірден жұмысқа кірісіп кетпей, алты ай уақыт ештеңе жасамай, идея іздеуге тырысып бақты.– Алғашында бұл кәсіпке жай ғана қызығып қарадым. Үйде жүргенде бір нәрсемен айналысқым келетін. Бала күтімімен отырған әйел бала тәрбиесі мен үй тірлігіне беріліп, кейде өзін ұмытып кетеді ғой. Осындай сәттерде мен де өзімді бір нәрсеге бағыттағым келді. Сол қызығушылық кәсіп бастауға түрткі болған шығар, – дейді кейіпкеріміз. Оның кәсіпке алғашқы қадам жасауына жақындарының қолдауы да ерекше ықпал еткен. Іштей бизнес жасауға бел буған ол бірде енесі мен жолдасына тойтабақтардың суреттерін көрсетіп, осы іспен айналысқысы келетінін айтады. Жақындары оның бұл бастамасын қолдап, көп ұзамай қажетті құралдың алғашқысы – принтер да сатып алынады. «Жұмысымды нәтижелі жасауыма жолдасым мен енемнің көмегі көп болды. Сол кісілердің қолдауынан кейін көрнекілік жасауға білек сыбана кірістім. Қайным екеуміз нарықты зерттеп, өзімізге қолайлы принтерді таңдадық. Сөйтіп, 2022 жылдың маусым айының ортасында жұмысымды бастадым», – дейді ол.

Жас ананың көрнекілік жасауға келуі де кездейсоқ емес. Мектепте мұғалім болып еңбек ететін енесінің ұжымдастары уақыт өте келе түрлі көрнекіліктерге тапсырыс беріп бастаған. «Келініңіз тойтабақ жасайды екен, бізге де осындай көрнекіліктер жасап берсе» деген ұсыныстар оның бұл бағытқа деген қызығушылығын арттыра түседі. Бастапқыда ол тек дайын шаблондармен жұмыс істеп, дизайн жасауды кейінге қалдырып жүреді. Себебі көрнекіліктерді ламинаттау үшін қажетті құрал да ол кезде болмаған еді. Сондықтан жаңа бағытты зерттеп, жұмыс барысын біртіндеп үйренуге тура келеді. Кейін жас кәсіпкердің үлкен енесі де тәрбиеші болған соң, түрлі көрнекіліктердің суреттерін әкеліп, принтерден шығарта бастайды. Осылайша тапсырыстардың аясы кеңейе түседі. Ал алғашқы тапсырыс кейіпкеріміздің есінде ерекше сақталыпты.– Ең бірінші тапсырысым – «Қош келдің, Дария!» деген жазуы бар мерекелік безендіру баннері болды. Ал көрнекілік бойынша алғашқы тапсырысым «Мектебім – мейірім мекені» деген тақтаға арналған жазу еді. Алғашқы кезде, әрине, қобалжу болады. «Тапсырыс берген адамның көңілінен шыға ма? Дұрыс жасалды ма?» деп ойлайсың. Бірақ екі-үш тапсырыстан кейін адамдардың «Рақмет», «Маған ұнады», «Әдемі болыпты» деген сөздерін естігенде ерекше қуанып қаласың, – дейді ол. Бүгінде Кәмшат дайындайтын туындылар қатарында тақта безендірулері, фоторамкалар, топперлер, дидактикалық ойындар, додекаэдрлер, дипломдар, алғыс хаттар және басқа да көрнекілік құралдары бар. Әсіресе баланың қызығушылығын оятып, белгілі бір тақырыпты жеңіл әрі түсінікті жеткізетін материалдар жасауға басымдық беріп келеді. Бұл жұмыста дайын үлгіні қайталап шығу жеткіліксіз. Әр тақырыпқа өзіндік ізденіс қажет. Кейіпкер де идея іздеу барысында түрлі әлеуметтік желілерге жүгінетінін жеткізді. «Өзімнің ойымда пайда болған дизайн үлгісін Pinterestтен, Instagram-нан, VK сынды әлеуметтік желілерден қарап, толықтыра түсемін. Кейде басқа ұлт өкілдерінің жасаған көрнекіліктерін де зерттеймін. Бірақ көргенімді сол күйінде көшіріп алмаймын. Барынша өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға сай етіп жасауға тырысамын. Кейде бір ғана идеяны жүзеге асыру үшін бірнеше күн кетеді. Тіпті жасап болған соң өзіме ұнамай қалатын кездер де болады», – дейді жас кәсіпкер. Оның айтуынша, бір тапсырысты дайындауға кететін уақыт та әртүрлі. Егер дайын шаблон болса, қажетті жерлерін өзгертуге бір-екі сағат жеткілікті. Ал жұмысты басынан аяғына дейін өзі жасайтын болса, бірнеше сағаттан бір күнге дейін уақыт кетуі мүмкін. Себебі сапалы әрі тартымды сурет пен фон іздеудің өзі уақытты талап етеді. Үйден кәсіп жүргізудің өзіне тән артықшылықтары да бар. Бала қасыңда, үйдің тірлігін де қатар алып жүруге болады. Кейде жұмыс пен отбасы арасындағы уақытты үйлестіру қиын болғанымен, өзіңе ұнайтын іспен айналысу ерекше

қуаныш сыйлайтыны рас. Бұл пікірге кейіпкерімізде толықтай келісетінін жеткізді.

    «Үй жүріп жұмыс істеудің маған ұнайтын тұсы – үйдің тірлігін бітіріп, балаңды жаныңда ұстап отырып та табыс таба аласың. Кейде тыныштықта, кейде теледидар көріп отырып тапсырыс қырқасың. Әрине, кейде бәріне үлгермей қалатын кездер де болады. Бірақ өзің таңдаған жұмыспен айналысудың өзі адамға қуаныш береді», – дейді К.Әбжами.

Кейіпкер «кәсіп бастау үшін міндетті түрде үлкен қаражат қажет»  деген пікірді жоққа шығарды. Оның ойынша, ең бастысы – адамның ниеті мен әрекеті маңызды рөл атқарады.

     «Бизнесті бастап кетуге қомақты қаражат міндетті емес деп ойлаймын. Басында қолыңда бар мүмкіндікті пайдаланып бастау керек. Идеалды жағдайды күте бермей, бар нәрсемен әрекет ете бастаған дұрыс», – дейді ол.

     Кәмшаттың кәсіпті бастау жолында ерекше есте қалған бір оқиғасы бар. Бірде WhatsApp-та таныс апай одан белгілі бір жазуды қалай орналастыру керегін сұрап, көмек алады. Кейіпкеріміз ешқандай ақы күтпей, жай ғана көмектескісі келеді. Арада біраз уақыт өткенде әлгі кісі оның шотына ақша жіберіп, «Алғысым болсын, тәттімен шай ішіңіз» деп жазғанда кейіпкеріміз адамдардың алғаусыз көңіліне риза болғанын айтады.

      ₋ Мен ол кезде көмек сұраған адамнан ештеңе күтпедім, тек көмектескім келді. Бір кезде телефонымды қарасам, жаңағы жұмыстың ақшасын төлеп жіберіпті. Осындай сәттер адамға ерекше әсер етеді. Жасаған қарапайым көмегіңнің өзі біреуге қуаныш сыйлап жатқанына қуанасың, – дейді ол.

   Қазіргі таңда жас кәсіпкер осы саланың толық қалыптасқан маманы болуға талпынып келеді. Ара-тұра жұмысы тоқтап, біраз уақыттан соң қайта жалғасатын кездері болып тұрады. Дегенмен ізденіс пен үйрену процесі бір сәтке де тоқтаған емес.

    Әңгімелесу барысында кейіпкеріміз бала күтіміндегі әйелдердің үлкен арманын кейінге қалдырмай, өзіне қызық дүниені іздеу керегін баса айтты. Осы сәтте жас кәсіпкерден бес жылдан соң өзін бизнес саласында қалай елестетінін де сұрадық.

    ₋ Адамда ниет болса, өзі қалаған жетістікке жете алады. Сол үшін үнемі дамуға ұмтылу керек. Өзіңе қызық нәрсені іздеп, жаңа дүниелерді үйренуден қорықпау қажет.

     Бес жылдан кейін қазір өзім үйреніп жүрген білімді басқа адамдармен бөлісіп, қоғамға пайдам тиетіндей деңгейде болғым келеді. Ең бастысы – заман талабынан қалмай, үнемі ізденіп, дамып отырғым келеді, ₋ дейді К.Бекділдақызы.

     Бала күтіміне арналған демалыста басталған жас ананың қызығушылығы осылайша жаңа кәсіпке ұласты. Бұл – бір күнде келген жетістіктің емес, ниеттен, қолдаудан, ізденістен және алғашқы қадамнан басталған жол. Кейіпкердің тәжірибесі көрсеткендей, кейде өзіңе жаңа мүмкіндік ашу үшін үлкен қаражат немесе мінсіз жағдай емес, қызығушылық пен бастауға деген батылдық қажет.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!