Бүгінде бизнес саласында жастардың қарасы қалың. Бұрын тұрақты жұмысқа орналасу басты мақсат болса, қазір өз кәсібін ашып, тәуелсіз табыс табу трендте тұр. Әсіресе, цифрлық технологияның дамуы, мемлекеттік қолдау бағдарламалары жас кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік екені рас. Алайда бизнес бастар алдында кез келген жас «қай саланы таңдау маңызды?» деген сауалға жолығады. Бүгін осы тақырыпты кеңінен тарқатуды жөн көрдік. 

Онлайн бизнес  ̶  келешектің кәсібі

      Зерттеулер көрсеткендей, бизнесті бір саладан іздемес бұрын, адамның қабілет пен қызығушылығын және нарықтағы сұранысты ескерген дұрыс. Себебі бір адам үшін табысты болған кәсіп екінші адамға сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан бизнестің бағытын таңдау кезінде осы факторларға баса назар аударған жөн.

       Қазіргі таңда қызмет көрсету саласы  ̶  ең қолжетімді бағыттың бірі. Бұл бизнесті бастау үшін көп жағдайда үлкен инвестиция қажет емес. Ең бастысы белгілі бір дағдыны меңгеріп, жауапкершілік арқалай алу керек. Мысалы, графикалық дизайн, SMM қызметі, видеомонтаж, фотография, мобилография, аударма қызметі, репетиторлық, бухгалтерлік немесе заңгерлік кеңес беру  ̶ жоғары сұранысқа ие салалар қатарында. Әлеуметтік желілердің дамуына байланысты мұндай қызметтерге жыл сайын қажеттілік көбейіп келеді. Себебі бір ғана ноутбук пен интернеттің көмегімен үйден шықпай-ақ тұрақты табыс табуға болады.

    Цифрландыру дәуірінде интернет арқылы кәсіп жүргізудің тиімді тұсы көп екенін айттық. Осы тұста жалға алынатын кеңсенің немесе үлкен дүкеннің қажет болмауы онлайн бизнес бастаушыға үлкен көмек екені сөзсіз. Әрі бұл салада тұтынушыны жергілікті қаладан ғана емес, елдің кез келген өңірінен табуға мүмкіндік бар. Интернет-дүкен ашу, маркетплейстер арқылы сауда жасау, әлеуметтік желіде өнім сату, цифрлық өнімдер әзірлеу, онлайн курс ұйымдастыру, блог жүргізу және жеке бренд қалыптастыру сынды онлайн бизнестің бірнеше түрі бар. Демек табыс табамын деген адам үшін ешқандай кедергі жоқ.

    Айта кету керек, ақпараттық технологиялар  ̶  ең перспективалы сала. Әлемде IT саласы қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, жастардың цифрлық технологияға қызығушылығы ұзақ мерзімді кіріс әкелуге мүмкіндік береді. IT бағытындағы мобильді қосымша әзірлеу, веб-сайт жасау,  бағдарламалық қамтамасыз ету, жасанды интеллект негізінде жұмыстар, киберқауіпсіздік қызметтері, автоматтандыру жүйелері сынды кәсіптер болашақта да ең қажетті сала болып қала береді. Әрі бұл  ̶ халықаралық нарыққа шығу мүмкіндігі жоғары сала.

Кішкентай идея қалай үлкен компанияға айналады?

     Ауыл шаруашылығы десе көз алдымызға кеңге созылған егіс даласы немесе жайылымдағы төрт түлік елестейтіні рас. Алайда бұл салада шағын кәсіптен бастап, табысты бизнеске айналдыруға болатын бағыт көп. Мысалы жылыжай немесе омарта шарушылығы, құс өсіру, көкініс пен жеміс баптау, сүт өнімдерін дайындау сөзімізге дәлел болады. Қазақстан  ̶ аграрлық әлеуеті жоғары мемлекет. Сондықтан бұл салада еңбек етемін деген жастар үшін мүмкіндік көп.

     Егер бастапқы капитал жоғары болса, жастарға шағын өндірісті де қолға алуға болады. Соңғы жылдары отандық өнімге деген қызығушылық артып келеді. Бұл бағытта жиһаз жасау, ұлттық сувенирлер шығару, кондитерлік өнімдер, жартылай дайын тағам өндіру, табиғи косметика салаларына сұраныс бар. Бұл саланың бір артықшылығы өнімге тұрақты сұраныс қалыптасқан жағдайда бизнестің ауқымын кеңейтуге болады.

     Соңғы жылдары Қазақстанда ішкі туризм де қарқынды дамып келеді. Демек бұл салада да жастардың алатын үлесі бар. Мысалы туристік гид, авторлық турлар ұйымдастыру, этнотуризм, қолөнер бұйымдарын сату қызықты әрі табысы жоғары қызмет қатарына кіреді. Сонымен қатар шығармашылық бағыттағы бейнеөндіріс, анимация, музыка, подкаст жасау, дизайн және контент өндірісі де болашағы зор салалардың қатарына кіреді.

     Көптеген кәсіпкер алғашқы қателікті «қай сала көп табыс әкеледі?» деген сауалдан бастайды. Алайда «мен қандай мәселені шеше аламын?» деген ой бизнестегі бағытты тез айқындауға көмектеседі. Сол үшін бизнес бастамас бұрын нарықты зерттеу, бәсекелестерді талдау, мақсатты аудиторияны анықтау, қаржылық жоспар құру, шағын көлемде сынақ өткізу, клиенттердің пікірін ескеру маңызды.

     Ең бастысы бір жұмысты қолға алғанда бірден үлкен қаражат жұмсауға асықпау қажет. Көптеген табысты компаниялар шағын жобадан басталған. Сала мамандары бастапқы капитал аз болса, кәсіпті SMM агенттігі, мобилография, репетиторлық, онлайн дүкен, фриланс қызметтерінен бастауға кеңес береді. Егер капитал орташа болса, кофехана, фастфуд, гүл дүкені, жылыжай, наубайхана, балалар орталығы бизнесін қолға алу қажет. Егер инвестиция көлемі жоғары болса, өндіріс, IT компания, логистика, агробизнес, білім беру орталығын ашуға болады.   

      Қазір «бизнестің тиімді саласы болады» деген әмбебап ұғым жоқ. Егер бағыт дұрыс таңдалса, үздіксіз білім алынса және нарықтағы сұранысты тап басса табыс та арта түседі. Қазір интернет арқылы әлемдік нарыққа шығуға, инновациялық жобаларды іске асыруға және өз идеясын табысты бизнеске айналдыруға барлық жағдай жасалған. Сол үшін кәсіпті үлкен қаражатпен емес, нақты жоспармен және кішкентай қадамнан бастау маңызды. Тарихқа көз жүгіртсек, кез келген ірі компания бір кездері шағын идеямен дүниеге келген. Тәуекелге бел буып, өз мүмкіндігіне сенген жас кәсіпкер ғана ертең ел экономикасына дамуына үлес қосатын табысты бизнес иесіне айнала алады.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!