Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы өтті. Биылғы жиын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналды. Шараға түрлі салада еңбек етіп жүрген жас мамандар қатысты. Форум Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға арналған үндеуінен басталды.

«30 жыл – халқымыз үшін тарихи белес. Біз осы уақыт ішінде ата-бабамыздың асыл арманын орындап қана қоймай, оны баянды ете білдік. Қазақстанды әлем таныған, жаһан мойындаған іргелі мемлекетке айналдырдық. Бұл – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Мен Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялаған тұста елімнің келешегі жарқын, халқы бақуатты, жастары бақытты болсын деп армандадым. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, лайықты өмір сүруі жолында аянбай еңбек еттім. Бүгінде сол арманым орындалып отыр. Тәуелсіздік жылдары біз дамыған елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті жаңа буын тәрбиеледік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жастарына.

Форум аясында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сыйлықтың биылғы иегерлерін ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев пен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева марапаттады. «Дарын» сыйлығы биыл да 10 номинация бойынша берілді. «Журналистика» номинациясы бойынша лауреаттар қатарында жерлесіміз Ғалымжан Кеңшілік те бар.

Ғалымжан Кеңшілік – облысымыздағы белсенді жастардың өкілі. Ол ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесте, «Қазақстан КВН одағында» жоба менеджері қызметін атқарды. «7 арна» телеарнасында «Күнбастар», «Qazaqstan» телеарнасында «Бүгін жексенбі» бағдарламаларының жүргізушісі, «Аялаған Астана» жобасының редакторы болды. Сондай-ақ, «Хабар 24» телеарнасында жүргізуші болып қызмет атқарды. 2019 жылдың ақпанынан «Qazaqstan» РТРК» АҚ-да «Tańsholpan» бағдарламасының жүргізушісі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!