Таң. Қызылорда уақытымен 7:24
Көшенің бәрі толған көлік, асығыс үстіндегі адамзат. Ал мен, студент екенімді дәлелдеп автобустың артқы орындығына жайғастым. Неге екенін менен жақсы білесіздер. Межелі жеріңе жеткенде түспеуіңе рұқсат. Әдеттегідей емес, бүгін адам саны аз, қызық. Тұрып келе жатқан ешкім жоқ, ғажап көрініс.

Терезеден қаладағы көрініске тамсана қарадым. Қаланы жаңбырдан кейінгі хош иіс, жер бетіне нұр боп шашылған күннің шуағы сұлу етіп тұр. Самал жел есіп, жаңа шыққан шөптің басын тербетіп қояды. Күн сәулесіне шағылысып жарқырап тұрған таңғы шықтың жанынан тыныш өту мүмкін емес. Осы бір әсем сөздің қандай мағына беретінін білесіз бе? Таңертеңгі жарықта, шөпте шық тамшылары кішкентай гауһар тастар сияқты жарқырайды. Оның сипаты кіршіксіз таза сезім секілді, бұзып, жоғалтып алудан қорқасың. Адамның жүрегі осы таңғы шық секілді кіршіксіз таза әрі сұлу болса бәріміз бақытты болар едік. Бақыт деген әркімнің түсінігінде әртүрлі. Мысалы М.Шаханов: «Бақыт деген немене бұл, немене екен, немене
Мен шықпаған заңғар шың ба, мен мінбеген кеме ме?» – деп шырқап, одан кейін бақыттың қанағатта екенін түсінген болса, ал М.Мақатаев:
«Үміт үзбей іздейді
олар,
тыңдап сол бір жақұтты,
Оны алыстан іздемегін,
жүректен тап бақытты!»-, десе керек. Ал мен айтамын, бақыт- ол сенің қазіргі сәтің. Тек сол сәтті бағала, бүгініңмен өмір сүр. Біз адасып бақытты көп іздейміз. жасымыз жас асып, берекеміз қашып, шаршап шалдығып, қайратсызданып кетеміз. Негізінде біз бақытты іздеу идеясымен әуре болып жүргенде, қасымызда жүрген бақытты байқамай, оны өзімізден жалықтырып алатын сияқтымыз. Бақытты махаб­бат­тан, жұмыстан, жетіс­тіктерден, әлі келмеген “ертеңнің” еншісінен іздейміз де жүреміз, бірақ ол ала­қанды жылытқан күннің сәулесінде, талынан желі үзген жапырақта, ішіңді бір мезет жылытып өткен ыстық шәйда, жалғыздықты серік еткен серуенде, езу тарта жымиятын күлкінің астарында жасырынып жатқан шығар.
Қапсағай тауды төңкеріп іздеп жүрген бақытыңды байқамай қалма .

Мерей СЕКСЕНБАЙ,
Қорқыт ата атындағы ҚУ
2 курс студенті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!