27 наурыз Халықаралық театр күні. Бұл — тек киелі сахна төрінде жүрген жандардың ғана емес, барша руханият жанашырларының ортақ мерекесі.

Мәдениет пен руханият саласынан театр ұғымынан алшақтату мүмкін емес. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов «Театр — хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген баға берген.

Тарих деректеріне сүйенсек, театр өнері Сыр бойынан бастау алған. Мұхтар Әуезовтың «Еңлік- Кебек» пьесасы ең алғаш Сыр театрының сахнасынан көрініс табуы да кездейсоқтық емес.

Тәуелсіздік алғалы осы уақытқа дейін елімізде жаңа 20 театр ашылса, Орал, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Өскемен, Шымкент, Талдықорған қаласында 8 театрға жаңа ғимарат салынды. Жыл сайын театр сахналарында әр түрлі жанр мен бағытта 12 мыңға жуық спектакль қойылады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Оның 52-сі мемлекеттік, 4 ұлттық ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары бар.

Мемлекеттік 52 өнер ошағының 3-еуі опера және балет театры, 5-еуі балалар мен жасөспірімдер театры, 7-еуі қуыршақ театры, 24-і драма театр (оның ішінде 3-еуінде қазақ және орыс труппасы бар), 11-і музыка-драма және комедия театры, біреуі жастар және біреуі сатира театры.

Қызылорда облысының орталығында орналасқан Нартай Бекежанов атындағы қазақ-музыкалық драма театрына 2019 жылы академиялық дәрежесінің берілуі театр ұжымының орасан еңбегінің бағалануы деп білеміз.

Сыр театрының ұжымы еліміздің мәдениет, руханият саласына үздіксіз үлес қосып, әлемге танылды. Театрдың бүгінгі тынысы — ертеңгі тарих. Ұлт құндылықтарын насихаттап, рухани жаңғыру жолында тарихтың бет-бедерінен тағылымы мол дүниелерді көрермен назарына ұсыну — ұлтымыздың рухани темірқазығын сақтау. Осындай ұлы істерге дара да сара жол салып келе жатқан Сыр театрының ұжымына сәттілік тілейміз!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!