Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова белгілі жырау, фольклортанушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмасбек Алматовпен кездесті.

Аймақ басшысы жыраулық өнерді дамытушы, мәдениет жанашырының шығармашылығы арқылы қазақ өнерінің дамуына қосып жүрген сүбелі үлесін ерекше атап өтті.

«Сіз адамзаттың рухани мұрасын зерттеп, оны ұрпақ игілігіне асыру жолында аса зор істер атқарып, ұстаздық жасап келе жатырсыз. Түркі халықтарының ортақ ғұламасы Қорқыт ата мекен еткен топырақта туып, Сыр елінің ғана емес, қазақ жұртының рухани мұрасын, жыршылық дәстүрін жоғары деңгейге көтердіңіз.
Талапты жастарымыздың эпикалық жыр мектебінен өтіп, ұлт мұрасын жалғастырушы өнерпаз ретінде танылуына сіңірген еңбегіңіз зор. Біз сізбен әрдайым мақтанамыз, өнеріңізді құрмет тұтамыз»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Басқосу барысында Сыр елінің жыраулық өнерін одан әрі дамыту, шығармашылық мұраларды насихаттау мәселелері қозғалды. Өз кезегінде Алмасбек Алматов облыс әкіміне Қызылорда қаласында «Түркі халықтарының өнер академиясын» ашу туралы ұсыныс жеткізді. Себебі өнер академиясы арқылы жыраулық өнерді жалғастыруға ниетті жастарға академиялық білім беру арқылы мәдениет жанашырларын шығару және өнерді зерттейтін мамандарды даярлауға мүмкіндік туады. Сонымен бірге «Қорқыт ата: жыр керуені» атты 2 томдық энциклопедияның аудио-видео нұсқасын шығару туралы ұсынысын жеткізді. Мұнан бөлек, Сыр елінде дәстүрлі түрде өтетін «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін ЮНЕСКО көлемінде өткізу туралы бастама көтерді.

Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова өнерді дәріптеуге бағытталған ұсыныстардың маңызды екенін алға тартып, жыраулық мектептің сабақтастығын жалғау бағытында сырбойылықтардың ортақ іске мүдделі екенін тілге тиек етті.

«Түркі тілдес, бауырлас халықтар достығының шығармашылық зертханасын қалыптастырып, халықаралық деңгейдегі дәстүрлі өнер саласының оқу-ағарту және ғылыми орталығына айналуды мақсат тұтатын Академия ашу ұсынысыңыз орынды. Пысықтап қарап, қажетті жұмыстарды саралайтын боламыз.

Ал, екінші ұсынысыңыз бойынша, Сыр сүлейлерінің мұраларын жинақтап, аудио энциклопедия етіп шығару арқылы біз болашақ ұрпаққа үлкен құнды дүние аманаттаймыз. Сондықтан да ұсынысыңызды жүзеге асыруға ниеттіміз. Сонымен бірге «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фестиваліне қатысты идеяңыз пандемия жағдайы тұрақталған кезеңде мүмкін болатындықтан, алдағы уақытта ескеріп қарайтын боламыз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жиын соңында Алмасбек Алматов облыс әкіміне аудио нұсқасымен әзірленген «Ер Едіге» жыр-жинағын табыс етті.

Айта кетейік, Алмасбек Алматов қазақтың жыраулық өнерін Жапония, Түркия, Франция, АҚШ, Италия, Швейцария, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан елдерінің өнер сүйер қауымына таныстырып келеді.
«Шыңғыснама» тарихи-дастанының, «Жыр керуені» жинақтарының авторы.