Биылғы мектеп түлегі ретінде кім болам деген сұрақ төңірегінде ұзақ ойланған жоқпын. Өйткені жазу өнеріне ынтық болдым, журналист болсам деген тілекпен өстім.

Ұлт тарихының данасы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың жазу өнері жайында айтқан сөзі көңілімде мәңгі жатталып қалды. «…Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда небір ғаламат жаңалық ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы – мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ, иманды да ибалы, парасатты да етті. Шын мәнінде, Ғылым, Дін, Мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді» деген керемет ой-толғамы көне тарихтың күмбірі болып жеткен жазу өнерінің адамзат баласы үшін қаншалықты құнды, қаншалықты бай мұра екенін дәлелдей түскендей.

Рас, бүгінде әлеуметтік желілер, YouTube арналар, т.б. арқылы тез танылуға болады. Дикторларының әдемілігімен, дауыс ырғағымен тәнті ететін телевизия әлемі де бүгінде сайт платформалары арқылы дамудың жаңа кезеңіне көшіп отыр. Радиодан да сазды әуендер төгілгенде диджей болып, әсем үніңмен, тыңдаушының көңіл-күйін дөп басып, әдемі де ақылды ойлармен баурап алғың келеді. Бұрын ақпарат таратудың бірден бір жолы болған мерзімді басылымдар да заманауи дамудың – медиакеңістікте өміршең болып, тыныс-тіршілігін жалғастыру үшін жаңа дәуірді бастан кешіп жатыр. Ақпарат тарату кеңістігіндегі мобилиграфия, таргет, SMM, т.б. ұғымдар тіпті журналистикада жұмыс істеу үшін журналист болудың аса маңызды емес екенін алға тартып отырғандай көрінеді кейде. Бірақ мен бұған онша келіспеймін. Өйткені қай уақытта кәсіби маман – ең қымбат маман болып қала береді. Сондықтан журналистикадағы жаңа тенденцияны жетік біліп қана қоймай, жазу өнерін жете меңгерген маман болғым келеді.

Арманыма жетемін деп сенемін.

Мәдина ҒАЛЫМҚЫЗЫ,

                                                                  Қ.Мұхамеджанов атындағы

                                                                  мектеп гимназиясы

                                                                  Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!