Бүгінде тағам дайындаудың сан түрі бар. Қаласаңыз, есігіңізге дейін дайын асты әкелетін немесе үйіңізге келіп, тамақ әзірлейтін қызметті пайдалану қолжетімді. Әсіресе, саны артқан жартылай дайын тағамдардың жұмысбасты адамдарға пайдасы орасан. Қазалылық Әйгерім Нұржігіт те осы салада кәсіп бастап, ісін дөңгелетіп отырған табысты жан. Кәсіпкер бүгінде өзінің «Келінжан» асханасында жартылай дайын тағам әзірлеу ісін қолға алып, тұтынушылардың қолдауына ие болуда.

Жас кәсіпкер алдымен салалық білімін жетілдіруді арман еткен. Осы мақсатта «Бастау-Бизнес» жобасын аяқтап, кәсіпке қажетті дағдыны игеруге мүмкіндік алды. Кейін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізген. Кәсіпкер алған қаражатына пеш пен тоңазытқыш секілді құралдар сатып алып, алғашқы қадам жасай білді. Бүгінде «Келінжан» асханасының иесі 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аталған асханада манты, тұшпара, болгар бұрышынан пісірме секілді астан бөлек, тәтті бәліш пен дәмді торт дайындалады.

Жалпы, еңбек пен талапты тұмар еткен Әйгерім – мемлекеттік қызметші. Дегенмен, ол бұл саламен шектелмей, ұзақ жыл қосымша курстардан тәжірибе жинап, астың, тіл үйірер дәмдінің түр-түрін жасауға бейімделуге талпынған. Содан болар, жас кәсіпер сүйікті ісін әрмен қарай дамытуды көздейді.

– Ас үйде жүріп, тағам дайындаудан жалықпаймын. Ғаламтор желісіндегі рецепттермен танысып, көрген-білгенімді жүзеге асыруға талпынамын. Әсіресе, түрлі тағам, дәмді торттарды. Бірер жыл бұрын хоббиді бизнеске айналдыру жайлы ой келді. Өйткені, бұл – тынығуға септесетін керемет әдіс. Тек шабыт керек. Қазір еңбектің арқасында ойдағыны жүзеге асыруға мүмкіндік алдым. Мемлекет қолдауы да қанаттандырды. Өнімдерді дайындап, технологиясына жіті мән беріп, сатылымға шығарамыз. Ұялы байланыстың дамыған кезеңі болғандықтан, көбіне әлеуметтік желі арқылы тапсырыс көп. Баға да қолжетімді. Ол – шағын ауданның өзінде істің көзін тауып, табысқа жетуге болады деген сөз, – дейді жас кәсіпкер.

Кейіпкердің айтуынша, шағын асханаға сұраныс жоғары. Әсіресе, мереке күндері тапсырыс саны артатын көрінеді. Сапалы тағамның құнын білетін аудан тұрғындары да «Келінжанға» келуін жиілеткен. Әркез ұқыпты да сапалы қызмет көрсететін асханаға тұтынушылардың алғысы зор.

Бір қызығы, уақыт тапшылығы мен жұмысбастылықтың салдарынан тез даярланатын тағамды тұтыну артты. Бұл орайда зерттеушілер қарқынды қатыру технологиясынан өткен тағамдардың бойында барлық қасиет пен дәрумен сақталатынын айтып, тұтынуға кеңес беруде. Оны арнайы ерітіп, күтіп отырудың қажеті жоқ, сыртындағы нұсқаулық бойынша қуырып немесе қайнатып, бірден пісіре беруге болады. Сондықтан тұтынушы талабын дөп басқан Әйгерімнің кәсібі табысты болуда.

Б.ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!