Әдетте жастар отбасын құрған сәтте «екі жарты бір бүтін болды» деген сөзді жиі естиміз. Бірақ психолог Динара Болаттың пікірінше, екі жарты бір бүтін бола алмайды. Әр адам өз алдына бүтін тұлға болуы тиіс. Алғашында құлаққа тосын естілгенмен, психологтың пікірі де орынды. Отбасында әр адам білімді, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасса, шаңырақтың бақытты болатыны анық. Сондықтан бүгін жас отбасылардың білімін арттыруға көмектесетін кітаптар жайлы айтамыз.
ОТБАСЫ ӨЗІҢНЕН БАСТАЛАДЫ
Түркияда жүз мыңнан астап оқырманға тарайтын «Менің отбасым» журналы бар. «Отбасы өзіңнен басталады» ‒ сол журналдың ең үздік нәтижесі. Неге десеңіз, журналдың «Пайдалы кеңестер» айдарымен жарық көрген мақалалар ішінен 33 кеңес таңдалып, кітапқа жинақталған. Сондықтан бұл кітап жас отбасындағы татулық пен берекені сақтауға көмектеседі дейді мамандар.

ДАЙЫНДЫҚСЫЗ ҮЙЛЕНБЕ
Қандай да бір іске дайындықсыз кірісуге болмайтыны сынды отбасын құру үшін де үлкен жауапкершілік керек. Отбасын құрудың алғышарты «өз адамыңды» табу болатын болса, «қандай жар іздейсің, оның бойындағы мінез бен әдет қандай болуы керек?» деген сұрақтардың қойылуы заңды. Автор осы сұрақтарға жауап бере отырып, отбасындағы түсінбеушіліктің алдын алады. Ақан Мергембайдың 10 жыл бойы жүргізген зерттеуінің нәтижесінде жазылған бұл кітап жастар үшін пайдалы екені сөзсіз. Себебі кітапта отбасындағы ұрыс-керісті болдырмау жолдары мысалмен түсіндіріліп, тапсырмалар арқылы оқырманға толыққанды баяндалады.

БАҚЫТТЫ ОТБАСЫНЫҢ СЫРЫ
Жас отбасы бір күнде бақытты бола салмайтыны анық. Уақыт өткен сайын берекеге бөлейтін сыйластық пен татулық бірте-бірте қалыптасады. Мамандардың пікіріне сүйенсек, отбасында жұбайлардың бірі білім алып, екіншісі оған көңіл бөлмесе, бірін-бірі түсінуі қиындай береді. Ал екеуі бірдей заман ағымымен дамыса, әңгімелесу де оңай. Отбасылық өмірде кездесетін қиындық, кикілжіңдердің себебі мен шығу жолдарын ұсынған Ариф Өзуткудың бұл кітабын Мөлдір Төлепбергенқызы қазақшаға аударған. Отбасы атты «тұтас ғылымды» түбегейлі зерттеуге тырысқан автор жар таңдаумен қатар бала тәрбиесіне дейінгі барлық құндылықтарды қамтыған.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ