Сыр елінің дарынды перзенті Батырхан Шөкеновтің өнері, жас әншілерге үлгі. Әлеуметтік желіде де өнерпаздың шығармаларын жаңа бағытта өңдеп, өзгеше әдіспен жеткізе білген таланттар қатары артып келеді. Сыр өңірінде дәстүрлі Батырхан Шөкеновті еске алу, оның сыршыл иірімге толы әрбір туындысын насихаттау бағытындағы «Отан-Ана» байқауы да осы үрдістің жалғасы. Биыл да аталған сайыс жоғары дәрежеде өтіп, ән әлеміндегі жаңа есімдер белгілі болды.

Батырхан Шөкеновтің 60 жыл­дығына арналған «Отан-Ана» рес­публикалық әншілер конкурсы бұған дейін де ұйымдастырылған болатын. Республикалық конкурс 2 бөлім бойынша өтеді. Байқаудың негізгі талабы – қатысушылар жанды дауыста өнер көрсету керек. Әр кезеңінде жас таланттар вокалдық мүмкіндігін паш етіп, көптің ықыласына бөленуге тырысады. Жылдар бойы байқаудың мән-маңызы артқанын қазылар алқасының құра­мы мен қатысушылар санынан аңғару қиын емес. Биыл байқауға халықаралық конкурстардың лау­ре­аты, композитор Ринат Гайсин, Сыр елінің тума­сы, ҚР Мәдениет саласының қайраткері, әнші Мәдина Сәдуақасова, Құрмет орденінің иегері, мәдениет саласының үздігі Қайрат Баекенов және халықаралық байқаулардың лауреаты Сәбит Ұлықпанұлы қазылық етті.

Расында, дәстүрлі байқауға қатысуға ниет білдірген дарындар қатары жыл санап артуда. Мәселен, биыл «Отан-Ана» республикалық әншілер конкурсына 20 өнерпаз қатысты. Олар Батырхан Шөкеновтің репертуарынан ән орындап, өзара сайысқа түскен болатын.

Байқаудың ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Батырхан Шөкеновтей талантты тұлғаны өмірге әкелген анасы Дилара Ибрагимқызына Сыр халқы атынан құрмет білдіріп, иығына зерлі қамзол жапты. Жиылған әнсүйер қауым өнер көгінде биікке самғаған Батырханның анасына құрмет-қошеметін көрсетті. Әншінің қазақ мәдениетіне қосқан үлесіне баса назар аударған облыс әкімі қатысушыларға сәттілік тілеп, Батырхан Шөкеновтің есімі мәңгі Сыр жұртшылығының есінде екенін жеткізді.

2 кезеңге созылған сайыста әншілер әр бағытта шығарма орындап, мүмкіндігін көрсетуге тырысты. Байқауда Б.Шөкеновтің әндерінен бөлек қазақ және шетел туындылары да шырқалды. Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналған үміткер­лер өзара мықтыны анықтау бәсекесінде барын салғанын көрдік. Б.Шөкенов секілді кез келген жанрда, кезкелген образда судағы балықтай еркін көсілген көптеген әнші тыңдарманның сүйіктісіне айналып үлгерді.

Осылайша, тартысты бәсеке мәресіне жетіп, үміткерлер жүлделі орындарды бөлісті. Конкурс нәтижесі бойынша бас жүлдені қызылордалық Ақбота Құснадин жеңіп алды. І орынды алматылық Алмагүл Батталиева алды. ІІ орынды Нұр-Сұлтан­нан келген Айдын Жұмабаев иеленді. Ал ІІІ орын­ды Аягөз Аралбайқызы, Азамат Бекбергенов, Жанасыл Елубаев, Айдана Риза өзара бөлісті. Шара соңында әділ қазылар ұйымдастырушылар мен Батырхан Шөкеновтің шығармашылығын дәріптеуге үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіріп, дәстүрлі байқау жалғасын табатынын атап өтті.

– Батыр ағамыздың құрметіне ұйымдастырылған республикалық байқау жоғары деңгейде өтті. Бұл байқауға қатысушы өнерпаздардың барлығы дерлік мықты. Себебі Батырхан Шөкеновтің шығармашылығындағы әндерді орындау кез келген өнерпаздың қолы­нан келмейді. Сондықтан Сыр перзентінің шығармашы­лығы, әндері, қайталанбас тұлғасы ешқашан өшпейді. Сыр елінің төрінде өтіп жатқан байқау әрі қарай жоғары деңгейде жалғасатынына сенемін. Ұйымдастырушыларға ерекше алғыс білдіремін, – деді Ринат Гайсин.

Берен  ШАҒЫРОВ