Бүгінде қалалық мәдени және демалыс паркі өз жұмысын бастады. Бұл қызылордалықтардың қуанышын еселей түсті. Себебі ата-анаға бала-шағасын серуендетіп, көңілді кештің куәсі болуға кезекті мүмкіндік туды. Бұған қоса дәмді тоқаш пен балмұздақты да, кәуәптің кез-келген түрін де осы жерден табасыз.

Байқап қарасақ, былтырғыға қарағанда өзгерістің көп орын алғанын аңғару қиын емес. Аттракциондар көбейген. Батутта ойнап жүрген балақайлардың жүзінен қуаныш көрінеді. Ата-ана да шат-шадыман күйде жүр. Қалалық паркте түрлі ойындар мен қызықты жарыстар өткізіліп тұрады екен. Мысалы, кішкентай балаларға арналған шар ату, секірмек, баскетбол, балық аулау, лабиринт секілді ойындар бар, олардың қызығушылығын ояту мақсатында жеңімпазға түрлі ойыншықтар сыйлыққа беріледі. Ең қызығы, тек балаларға ғана емес, ересектерге де түрлі аттракциондар бар. Қала тұрғындарының айтуынша,«Пират», «Zik-Zak», «Айналмалы шар», «Американская горка» әсерлі.

– Қалада қыдырып, емін-еркін серуендейтін жер аз. Парк ашылған бойы келдім. Екі күн сайын келіп тұрамын. Достарым да осында. Бұл жақта балаларға ойнайтын көп жер бар. Баға қалтаға қонымды. Қатарластарымыздың дені осында. Олар би билеп, ән айтып парктің сәнін кіргізеді. Сонымен бірге концерттер жиі түрде өткізіліп тұрады, – дейді қала тұрғыны Ералы Қасиет.

Аттракциондар 250 теңге мен 500 теңге аралығында. Жалпы есеп бойынша ішінде 100-ден аса түрлі ойын-сауық құрылғылары бар екен. Әрі мұнда футболсүйер жастар жиі бас қосады.

Аружан СЕРІКБАЕВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

Суреттерді  түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!