фото: ашық дереккөзден алынды
Отыз бес жыл ақ жейде мен тіліп кетердей қыры бар қара шалбар киіп, жайлы креслода жұмыс істедім. Сол уақытта «менен асқан білгіш жоқ, мен кез келгеннің ойын оқып, пиғылын біліп қоямын» деп кеудемді аспанға көтеретінмін, мойындаймын. Бірақ қолымдағы қағаз рөлге, шаң түспейтін бренд туфлиім ыңғайлы сүйретпеге ауысқанда бөтен біреуді таныпбілуден асқан оңай іс жоқ екенін ұқтым. Ең қиыны − айнадағы адамды тану екен…
Жақында елу деген жасқа аяқ бастым. Бүгінге дейін қолда билік те, ақша да, лауазым мен құрмет те болды. Шын құрметті қайдам, бірақ одан басқасының барлығы болды. Күнделікті жиналыс пен есептен шаршадым ба екен, білмеймін, барлығын тастап, жұрт мініп жүрген кобальтті тізгіндеп, кейінгі екі жылда нәпақамды таксиден таптым.
Таксидің бір қасиеті бар екен. Мұнда рөлдегі адамды ешкім адам деп көрмейді. Содан болар кобальттың ішінде түрлі шындық ашылады. Телефонмен ұрысады, жылайды, біреудің сыртынан ғайбат айтып күледі, оп-оңай сатып кетеді, кешіреді, сезімін білдіреді. Иә, мұның бәрі бір көліктің ішінде болатын жағдай. Ал мен… менің ойым – жұмыста, көзім – жолда, қолым – рөлде, бірақ жан дүнием мен жүрегім – жолаушыда. Иә, бастапқыда жұртты аяп, кеңес айтатынмын. Ал қазір таңғалмаймын. Себебі түрлі адам, түрлі тағдыр, ең сорақысы түрлі пиғыл бар.
Сол күні де әдеттегідей таңғы жетіде көлігімді тазалап, қосымшаға кірдім. Аспан жылап тұрған еді. Қала тып-тыныш. Бір уақытта алғашқы тапсырыс түсті. Жасы жиырма бестің ар жақ, бер жағындағы екі жігіт «Досым, сенікі қате ғой» деп жанжалдасып жайғасты. Сәлемімді қабыл да алмады, менің баржоғыма да зер салмады. Айнадан бақылап қоямын, мас емес. Қабағы түсіңкі отырған жігіт телефоннын қайта-қайта ашып, қайта жабады. Бір кезде жанындағысы шыдамай:
− Хабарлас дедім саған. Осы сенікі не әдет екен, ей? Шешеңмен ұрысып, не көрінді?
− Ештеңе…
− Ештеңе болса, онда неге бұртиып отырсың? Ешнәрсе білмеймін, хабарлас мамаңа, не болса да сенікі дұрыс емес.
− Ой, сен-ақ осы мені кінәлай бересің.
− Досым, мен сені білемін. Сол үшін айып отырмын. Жігіт ауыр күрсінді.
− Кеше түндегі жағдай ғой.
− Сосын?
− Ой, тасташы, ұсақ дүние. Айтқым келмейді.
Ұсақ дүние… адамның ең үлкен өкініші көбіне осындай ұсақтан басталмайтын ба еді?
− Сен де қызықсың. Ана деген біреу-ақ қой. Бір ауыз сөзін көтере алмасаң несіне бала болып жүрсің? Ертең өкінесің, әкелші, өзім-ақ хабарласамын.
Осы секілді ұзақ диалогтың арасында әлгі жігіт ақыры досын анасына хабаласып, кешірім сұрауға көндірді. Мен тыныш қана бақылап келемін. Жігіттің сөз саптауына қарасаң, өмір көрген адамдай, дауысы орнықты, сөзі салмақты, ақылға қонымды дүние айтып отыр.
Алғашқы аялдамаға да келдік. Анасымен ренжіскен жігіт көліктен түсті де, сәл еңкейіп:
− Кешке үйге кел, мамамен бірге шай ішеміз, − деді күлімдеп.
Көлік қайта жүрді. Енді артқы орындықта бір ғана жолаушы қалды. Жаңбырдың тамшыларын сыпырғыш әрі-бері итеріп, алдыңғы терезені тазалап жатыр. Әттең-ай, адамның жанын тазартатын сыпырғыш бар ма екен?
Жігіт үнсіз отыр. Сәлден кейін телефоны қайта-қайта шырылдады. Экранға көзім түсіп еді, жігіт жалт қарап, қоңыраудың дауысын өшірді. Телефонның ар жағындағы адам қайта соқты, ол басып тастады. Үшінші, төртінші, бесінші…
«Не болды екен» деп ойлап үлгіргенім сол еді, алтыншы рет шырылдағанда әлгі жігіт ашумен тұтқаны көтеріп:
− Мама!…
Дауысы әлгіндегі жұмсақ үн емес.
− Не болды тағы? Жұмыстамын дедім ғой! Неге мазамды ала бересіз?! −деп тұтқаны лақтыра салды.
Әлгінде ғана бөтен ананың көңілін жұбатқан жігіт өз анасына бір ауыз жылы сөз де айта алмады. Қызық. Жоқ… өкінішті. Сол ашумен ол да діттеген жеріне келіп, ақшасын төлеп, түсіп кетті.
Иә, әр жолаушыдан көрген-түйгеніміз көп, түсініп һәм білетініміз де жетіп жығылады. Мысалы әлгінде мектептің жанынан тапсырыс түсті. «Жасөспірім шығар» деп едім, қателеспеппін. Көк түсті мектеп формасын киген, сөмкесін асынған арық қыз келіп отырды. Есікті жапқандағы қимылының өзінде бір жасқаншақтық бар.
− Сәлеметсіз бе, аға! Дауысы әрең естілді.
− Сәлем, қызым.
Мекенжайды қарап ем, қаланың шет жағындағы ықшам аудан екен. Әдетте оушылар көлікке мінсе, телефон ақтаратын. Бір-біріне видео көрсетіп, күлетін. Ал мына қыз терезеден көз алмады. Жүзіне қайта-қайта қарамауға тырыстым, бірақ айна бәрібір көрсетеді екен. Кірпігінің ұшында кеппеген жас тұрды. Жылаған. Шыдай алмаған соң жағдайын сұрадым. Алғашында барлығы жақсы дегендей жылы жауып қойды. Кенет өзі әңгіме бастадады.
− Аға…сіздің қызыңыз бар ма?
Сұрағы тосын болды.
− Бар.
− Ол мектепте оқығанда ешкім мазақтамады ма?
,Мен жауап беруге асықпадым.
− Неге сұрадың?
Қыз сөмкесін құшағына қысып алды.
− Бүгін сыныптастарым күлді.
− Не үшін? Жанарын төмен түсіріп, «телефон» деді жай ғана үнмен. Мен еріксіз алдыңғы панелдегі өз телефоныма көз салдым.
− «Әлло» дейтін телефоның қандай еді?
Ол қалтасынан ескі, шеті мүжілген, сызаты бар телефонды көрсетті.
− Осы…. − Жұмыс істей ме?
− Иә − Онда мәселе неде?
− Олар «мұндай телефонды музейге өткізу керек. Жаңа телефон алуға шамаң жетпейді» деп күлді, − деді ерінін тістеп.
Ал тағы бір сыныптасы ата-анасы жайлы айтып, күлкі етіпті. Оны естігенде бар ашу-ызам жиналып, өзімді басқара алмадым. Себебі бүгін айтылған бұл сөз баланың ертеңіне де әсер етеді емес пе!? Әкесі – құрылысшы, ал анасы ауруханада еден жуады екен. Ол мұны қысылмай айтты. Міне, сол кезде қыздың емес, әлгі балалардың кедей екенін түсіндім. Сыныптастары ақшаға емес, тәрбиеге мұқтаж, адамдықтан ада еді.
Қызды үйінің алдынан түсіріп, біразға дейін қарап тұрдым. Жаңа ғана жанарын сүртіп түскен балақай есіктің алдына жеткенде жүгіріп барып, анасын құшақтады. Алыстан анық көрінбесе де, анасының қызын бауырына басқанын байқадым. Көлікті қайта от алдырып, үнсіз жүріп кеттім.
Кешкі қала да адам секілді шаршайды екен. Көшедегі шамдар бірінен соң бірі жанып, күн бойы асыққан жұрт үйлеріне енді тарап жатты. Мен де үйге жеттім.
Күнде түрлі тағдырға куә боламын, сан қилы мінез бен сан тарау өмірді көремін. Бірін мақтап, енді бірін даттап үлгіремін. Ал бүгін бірінші рет айнаға қарадым. Елуді еңсерген шақта айнадағы адамды танымайтынымды түсіндім. Ал сіз ше, оқырман?
Аман ЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!