фото: ашық дереккөзден алынды

Бір ағамыз бар. Өңі кетіп, жыртылуға айналған қоңыр сөмкесін тастамайды. Аптасына бір мәрте мал базарға барады. Соған қоңыр сөмкесін арқалай, көк жигулиді оталдырып тартып отырады. Ол сөмкені кейде ұмытып кетсе, орта жолдан үйіне қайтып, «мен бүгін базарға барсам, жолым болмайды» деп, дөңбекшіп жатып алады. Ырымы шығар… Мал базарға бармаса «басы ауырып» қалатын сол ағамыз есіме түсті. Шіркін, бүгін базардың төрінде, «қане, бер, інім. Берекесімен бер» деп, біреудің алақанын сартылдатып тұрған шығар…

Кейде осы Жаппасбай көшесіндегі мал базар әлгі ағамның қоңыр сөмкесіндей көрінеді. Неге дейсіз бе?! Жаңа сөмкенің жүзін алуға шамасы жететін сол ағамыз, әлі күнге сол қоңырын арқалап жүреді. Ал өңі қашқан мал базарды жаңасына көшіре алмағанымыз елдің есінде шығар… Осыған жұрт үйреніп қалған. Қою көлеңке, жаңбырлы күні балшыққа иленіп жатады. Оның үстіне, көліктер кептеліп, сыймай жатады. Тіпті бар ғой, қажет кезінде әжетханасына барсаңыз, ол жерде қажет орындау былай тұрсын, қарап тұру мүмкін емес. Әйтсе де, халықтың осы базардан кеткісі жоқ. Бәлкім, олжаға кенеліп, несібесі осы жерде артқан шығар… Қоңыр сөмке мен мал базарды мен осылай ұқсатамын.

Жә, не керек, қарбаласты көзбен көріп қайтуға жолға шықтым. Ауылдан Әбекең жолбасшы болса, Ғабекең – алты айдан бері мініске жарамды жорға ала алмай жүрген жан.

– Өткен қыста екі жүз елу бес мыңнан екі тай алғанмын. Біреуі қатырмады, екіншісі салмақты жақсы берді. Пайдасынан шықтым, – деді Ғабекең.

Пайдасынан шыққаны сол, бордақылап, тұтынушыны етпен қамтамасыз еткені. Біздің ауыл мал шаруашылығына қолайлы. Тек қазір жайылым мәселесі қылаң беріп тұр. Ал малазықтық дақылдардан қор жинап алып, арық-тұрық тайды сатып алып, семіртіп, дәмді етті тұтынушыға жеткіземін дегенге жақсы. Оның үстіне, облыс орталығының дәл іргесінде.

Мал базардың дәл аузында Шиеліден келген газель тоқтады. Үстіндегі тайлары да жақсы екен.

– Қанша? – деді Ғабең.

– Болары 330 мың теңге.

Ғабең қымбатсынды. Базардың ішінен көрермін деп бара жатқанда әлдекімдер саудалап, көлік үстіндегі алты бас тайды 325 мың теңгеден қағып алды. Базарға дейінгі иесі сыртта қалды да, ішке басқа адамдар жетектеп кетті.

Біз көпшіліктің ортасына түскенде әлгі алты бас тайды саудалап жатыр екен. Бұл жерде олар келесі қолға өтті. Бағасы – 345 мың теңге. Ғабең тұнжырап кетті. Әлгіде қымбатсынған тайларының бағасы аукциондағыдай көтеріліп барады. Бағаның тоқтар түрі жоқ. Енді алты тайды шеткерек апарып байлады да, жібін ауыстырып тастады.

Базарды айналып жүрміз. Қалтадағы қаражатқа келер мал көрінбейді. Кәдімгі бір-бірінің алақанын сартылдатып жатқан саудагерлер. Алушының да қарасы қалың.

– Кетті, – деген дауысты естідік.

Әлгі алты тай жақтан шыққан дауысқа елең ете қалдық. Бұл жолы иесін санағанда төртінші адамға кетті. Иә, 360 мың теңгеге кетіпті. Әр данасы.

Ғабеңнің ұнжырғасы түскен. Менсінбеген тайының құны артып барады, ә дегендегі баға енді жоқ. Он бес минут сайын бағасы өзгеріп сала берді. Осы жолы ол амалсыздан алу керегін түсінді.

– Қане, ағажан, қанша деп тұрсың?

– Бауырым, 375 мың теңге бересің де, ала бересің.

– Қой, бауырым, жаңа 360-қа алдың. Араға бес минут салмай, бес мың теңге қосып тұрмын. 365 мың теңгеге бере ғой…

– Жоқ, аға, келмейді. Берер жерім 370 мың теңге.

– Тіфу, – деді Ғабең.

– Мен мұны алып, 4-5 ай жемдеймін. Қаншама еңбек. Содан кейін мен бұдан қанша пайда табамын? Кері кетемін ғой.

Ғабеңнің жан дүниесіндегі алай-дүлейді түсініп отырмын. Шикізатты қымбатқа алдым екен деп, өнімнің бағасын көтере алмайсың. Тұтынушың дереу теріс айналады. Оның үстіне, бұрын жарты жілік деген болатын. Екі адам бір жілікті алып, бөліп алады. Қазір бір жілік етіңіз 70 мың теңгеден әрі асты. Үшке, төртке бөлгісі келетіндер бар. Ол бағаны көтергісі келсе, халықтың не жазығы бар?!

Ғабең жылқы жақты айналып өтіп, сиыр жаққа бас сұқты. Мұнда да баспақ деуге аузың бармайтын бұзаулар үш жүз мың теңге деп қарап тұр. Әбекең осы кезде сауын сиырлар қарап жүрген. Кәріқұртаң, желінінде сүт қалмаған сиырларды 500 мың теңге деп қарап тұр. Бұрын миллионы барлар бай еді, миллионға сол «көкем айтқан» екі сиырды аласыз да тынасыз.

– Қанша? – деді бір мүйізі жоқ тоқал сиырды нұсқап.

Анау «600 мың» деп қарап тұр.

Басын қасып тұрып қалды. Артынан төрт-бес адам тізіліп тұрды. Алдыңғысы:

– Әй, інім, алмасаң, былай тұр. Біз де саудаласайық, – деді.

Алғысы келіп тұр. Бірақ қымбат. Алмайын десе, алатын адам табылады. Көзді жұмды да, қол алысты. Екі сиырды қатарынан бір миллион екі жүзді санады да, жетектеп кетіп барады.  

– Әбеке, ана бір жерде құнажын байтал тұр екен. Нәті ұрғашы ғой. Арзандау болар. Сұрап көрелік, – деген Ғабең жол бастады.

Апырай, байтал сатып тұрған әрі кетсе оныншы сыныпта оқитын бала екен. Ол да өз ісіне берік екен.

– Ағалар, аламын десеңіз, 420 мың теңге. Алмаймын десеңіз, жолыңызды білесіз, – деп қатты да қалды. Ғабең, қатты ойланды.

– Інім, 375 мың теңге. Бер, енді, ойланба.

– Аға, мал ірі. Мен емес, менің денеме қарап бермей-ақ қойыңыз, малға қарап беріңіз. Өтсе, өтті, өтпесе, алып кетемін.

Ғабең баланың қолын қатты ұстап алған. Әр ұрған сайын бес мың теңгеден қосып, 385 мыңға бір-ақ жетті.

– Інім, бере ғой…

– Аға, берер жерім 390 мың теңге. Ғабең түнеріп кеткен. Әлгінде шағын тайды алдына келіп тұрған жерінен алып қала алмаған ол енді мініс ат аламын деді. Тайдан үмітті үзген. Сиырдың бағасын көріп, талып түсе жаздады.

 Базардың ортасында жүрісіне қарап, көрген көз сүйсінетіндей сүлік қара жылқыны мініп жүрген баланы көрді.

– Мен іздеген жылқы осы болар… Қанша деп тұрсың? – деді шылбырдан ұстап тұрып.

Әлгі бала міз бақпады.

– Аға, 800 мың теңге. Таза қанды емес, бірақ сол таза қандыңа төтеп береді. Жолда қалдырмайды, – деді.

Ғабең теріс бұрылды. Ол енді біразға дейін базарға бара қоймайтын шығар…

Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!