Қарағандыда жиһаз жасатпақ болған бір топ адам алданып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Жиһаз жасатамыз деп ақшасынан айырылған азаматтар наразылық білдірді. Әзірге 15 адам күдіктінің үстінен полицияға шағымданған. Бірақ алаяққа алданғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін.

“Арыз жаздық. Бүкіл ұжым болып жаздық. 10 адам болды ол кезде. Осы бір-екі күнде тағы 5 адам табылды. 15 адам болды. Бұл біз білетін адамдар ғана мүмкін басқа да адамдар бар шығар. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Бірақ тергеу өте нашар деңгейде жүргізіліп жатыр. Өйткені тергеушінің жасы 22-де ғана. Ол барлық өз жұмысын жүргіземіз дейді, бірақ алдыға ешқандай қадам жоқ”, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Зарина Мұхтарова.

Алданған азаматтар өзін жиһаз шеберімін деген адамның үйіне жиналды. Бірақ үйі оның анасына, ал қалған дүние мүлкі жұбайы мен туыстарының атына рәсімделген екен. Оның үстіне ол ресми келісімшарт жасасып, ақшаны арнайы есеп-шотқа аудартқан. Ол зардап шегушілерден 500 мыңнан 1 жарым миллион теңгеге дейін алған. Арызданушылардың айтуынша, бұдан ақшаларын 2016 жылдан бері ала алмай жүргендер бар көрінеді. Өйткені бәрі ресми түрде рәсімделгендіктен, іс қылмыстық емес, азаматтық құқықтық негізге ауыстырылған. Тіпті сот шешімі шыққанымен, оның атында тәркілейтін дүниесі жоқ. Сондықтан, алданғандар қылмыстық іс тиянақты тергеліп, күдікті тиісті жазасын алса дейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!