Әзиза ІЗІМ,

«Tubeteikaz» жобасының авторы:

Қазір ұлттық киімдерді заманауи стильде кию − трендте. Әсіресе, қазақы нақыштағы сәнге жастардың қызығушылығы жоғары. Бүгін біз жаңа бастаманы қолға алып, «Tubeteikaz» жобасын жарыққа шығарған Әзизамен тақия тігу барысы жайында әңгіме өрбіттік.

− Әзиза, ұмыт қалған ұлттық бас киімнің бірі − тақияны қолданысқа қайта енгізуіңізге не әсер етті? Бастаманы қолға алған сәтпен бөлісіңізші…

− Тақияны төрт жыл бұрын киіп бастадым. Қазір тақияға үйренгенім соншалық мүлде жалаңбас жүргім келмейді. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың кітабын оқып, сұхбатын тыңдап,  «қазақ қыздары бұрын тақия киген» деген сөзін естіген кезде сол ой менің есімнен шықпай жүрді. Сол уақытта маған қазақы әшекей­лер, тарихи кинодағы қазақ кейіпкерлерінің киімдері де ерекше ұнайтын. Жалпы әжемнің қолында өскен соң қазақылыққа жақын болдым. Студент кезімде қазақ қыздарын басқа ұлттарға жиі ұқсататынын байқадым. «Неге біздің ерекшелігіміз білінбейді?» деген оймен өзім тақияны тігіп, киіп жүруді әдетке айналдырдым. Негізі бірінші мамандығым – дефектолог, әлі күнге дейін балалармен жұмыс істеймін.

− Тақияны тігуге қандай мата түрі қолданылады? Бір тақияны тігуге қанша уақыт қажет?

− Бір тақияны толық тігіп шығуға бір күн жетеді деп айта алмаймын. Себебі матаны қию, оны үйлестіріп тігу, тақияның формасын келтіру, кейін қайта үтіктеу де біраз уақытты алады. Ал маталардан бархат, велюр, экобылғары қолданылады.

− Қазір жастардың ұлттық дүниелерге қызығушылығы жоғары. Осы орайда тақияға деген сұраныс қай деңгейде екенін сұрағым келіп отыр…

− Қазір иллюстраторлардың еңбегінде тақиялы қыздар жиі бейнеленген соң көпшіліктің көзі үйрене бастады. Бұрын тақия киіп жүрген кезімде адамдар маған біртүрлі қарайтын. Ал қазір трендтегі стиль, мода саналады. Тіпті шолпы тағудың өзі жастардың арасында сәнге айналды.

− Команда болып жұмыс істейсіздер ме? Тақиялардың қазіргі бағасы қандай?

− Иә, біз қазір команда болып жұмыс істейміз. Бастапқыда жанымда ешкім болмаған. Бүгінде командада тарихшы, тігінші, темірмен жұмыс істейтін шеберлер, фотограф және сайт жұмысын жүргізетін қызметкер бар. Ал тақиялардың бағасы 12-25 мың теңгеге дейінгі аралықта.

− Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!