SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, отандық актерлер Рүстем Жаныаманов пен Жанаргүл Жаныаманованың үлкен ұлы Нұрмұхамет Жаныаманов қайтыс болды. Қаралы хабарды продюсер Гүлнұр Мамасарипова әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.

Ол марқұмның ата-анасына көңіл айтып, отбасының ауыр қайғысына ортақтасатынын жазған.

«Рүстем Жаныаманов пен Жанаргүл Жаныаманова тұңғыш ұлы Нұрмұхаметтен айырылып қалды. Перзент қазасы – орны толмас қайғы. Мұндай сәтте жұбатар сөз табудың өзі қиын. Бекем болыңдар, біз сендермен біргеміз», – деп жазды продюсер.

Қазіргі уақытта Нұрмұхаметтің қайтыс болуына не себеп болғаны ресми түрде хабарланған жоқ. Бұған дейін берген сұхбаттарының бірінде Рүстем Жаныаманов ұлының денсаулығына байланысты мәселелер болғанын айтқан еді.

Марқұммен қоштасу рәсімі 2 маусым күні Алматы облысындағы Жамбыл ауылында өтеді.

Рүстем Жаныаманов пен Жанаргүл Жаныаманова – қазақстандық кино мен театр өнеріндегі танымал жұптардың бірі. Олар үш бала тәрбиелеп отырған. Рүстем Жаныаманов көрерменге әсіресе Келінжан телехикаясындағы Қылышбек рөлі арқылы кеңінен танылды. Биыл актер Үйлену оңай мелодрамасына да түскен болатын. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!