Алматы облысындағы Гүлдала ауылында газ құбырларындағы қысымның жоғарылауы салдарынан тұрғындардың үйлерінде жарылыс болып, өрт шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: stan.kz

Кris_p_talgar Instagram желісінде жарияланған жазбаға қарағанда, таңғы төрттен кейін ауыл тұрғындары газдың ағып жатқаны туралы хабарлай бастаған.

“Екі үйде қатты жарылыс болды. Зардап шеккендер бар, олар ауруханада жатыр. Басқа үйлерде газ плиталары мен ас үйлер өртенді. Билік өз парақшаларында тек екі ғана бүлінген үй туралы хабарлайды, бірақ шын мәнінде олардың саны көп”, – делінген хабарламада.

Әкімдіктің мәліметінше, оқиға 17 желтоқсан күні сағат 06:15-те Байтұрсынов көшесі, 67-үйде және 08:20-да Сүйінбай көшесі, 34-те болған. Жарылыс газ-ауа қоспасының жарқылынан шыққан.

Жарылыс салдарынан төрт адам зардап шегіп, зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Алдын ала себеп – табиғи газ құбырындағы қысымның көтерілуі. Оның себебін анықтау үшін оқиға орнына мамандар жөнелтілді.

Орын алған жағдайға байланысты аудан әкімі Танат Айдарбеков оқиға орнына барып, зардап шеккен отбасылардың жағдайымен танысты. Сондай ақ, Гүлдала ауылдық округі әкімінің аппаратына және аудандық Төтенше жағдайлар бөліміне алдын-алу шараларын ұйымдастырып, тұрғын үйлерді аралап, тексеру жұмыстарын қолға алуды тапсырған.

Қазіргі уақытта «Тауекел-Н-Алғабас» газ шаруашылығы мекемесі Гүлдала ауылындағы тұрғын үйлерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!