Миллиондаған адамның тағдырын, үмітін, қуанышы мен көз жасын тоғыстырған төртжылдық мундиаль мәресіне жетті. Тарихта ерекше із қалдырып, алғаш рет бірлесе қабылдаған АҚШ, Канада және Мексика елдеріндегі бәсеке айтулы рекордтарға толы болды. Ел болып алты апта бойы талқылаған аладоп бәсекесін кеңінен талқылағанды біз де құп көрдік.

Турнирдің басты ерекшелігі – қатысушылар санының 32-ден 48 командаға дейін артуы. FIFA бұл өзгеріс арқылы әлемнің көптеген еліне мүмкіндік беруді көздеді. Алғашында бұл шешімге күмәнмен қарағандар аз болған жоқ. Кейбір сарапшылар ойын сапасы төмендейді, турнир ұзаққа созылып кетеді деп болжады. Алайда чемпионат аяқталған соң бұл пікірдің басым бөлігі өзгерді. Жаңа формат футбол картасын кеңейтті. Бұрын әлем чемпионатына жолдама ала алмай жүрген мемлекеттер жаһандық додада бақ сынап, өз деңгейін көрсетті. Бұл әлем футболындағы географиялық теңгерімнің біртіндеп қалыптасып келе жатқанын аңғартты. Көрермен үшін бір ғана көңіл көншітпес жайт – сүреңсіз кездесулердің көбеюі. Өйткені командалардың деңгейі бірдей емес. Дегенмен мұндай мүмкіндікке алғаш рет ие болған ел аяқдопшылары мұндай пікірмен келіспейді.

ИСПАНИЯ – ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТЫҢ ЖЕҢІСІ

Әңгімені төрт жылдықты кубокпен түйіндеген Испания құрамасынан бастайық. Көпшілік Испанияны фавориттердің қатарына қосқанымен, олардан дәл осындай нәтиже күтпеген еді. Кейінгі он жылда испан футболында үлкен өзгеріс жүрді. 2010 жылғы алтын буын кеткен соң ұлттық құрама бірнеше турнирде тұрақсыз өнер көрсетті. Алайда федерация жастар академияларын жаңартып, ойын философиясын заман талабына бейімдей алды. Осылайша биылғы әлем чемпионатында Испания дәл осы еңбектің жемісін көрсетті.

Алғашқы Кабо-Вердемен топтағы ойында тең дәреже тіркелгенімен, олар артынша Уругвай мен Сауд Арабиясын қапы қалдырды. Топтан бірінші орынмен шығып, чемпиондық жолында тұрақты әрі сенімді ойын көрсетті. Плей-офф кезеңінде алдымен Аустрияны 3:0 есебімен ұтқан команда кейін, Португалияны 1:0, Бельгияны 2:1 есебімен жеңді. Жартылай финалда Францияға қарсы өткізген кездесуде 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша, испаниялықтар шешуші ойынға дейін қорғаныста да, шабуылда да өздерінің мықты екенін дәлелдеді. Ал екінші жақтан Аргентина жартылай финалда Англиядан 2:1 есебімен басым түсіп, қатарынан екінші әлем чемпионатының финалына шықты. Сондықтан Испания мен Аргентина арасындағы ақтық сынға қызығушылық жоғары болды. Бір жағында допты бақылауға, қысқа әрі дәл пасқа негізделген испандық футбол тұрса, екінші жағында тәжірибесі мол, соңына дейін күресетін Аргентина құрамасы болды. Сонымен қатар бұл кездесу футболдың екі буынының бәсекесі ретінде де қабылданды. Бір жақта 39 жастағы Лионель Месси болса, қарсы бетте өзі түлеп ұшқан Ла-Масия жарқын түлектері өнер көрсетті.

Финалдың негізгі уақытында есеп ашылған жоқ. Испания допты көбірек бақылап, қарсылас қақпасына жиі шабуылдады. Аргентина негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, жылдам қарсы шабуыл арқылы мүмкіндік іздеді. Аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес бірнеше қауіпті соққыны қайтарып, командасын ұзақ уақыт ойын ішінде ұстап тұрды. Кездесудің тағдырын қосымша уақыт шешті. 106-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ферран Торрес Нико Уильямс пен Педро Порро бастаған нәтижелі шабуылды голмен аяқтады. Бұл финалдағы жалғыз әрі чемпиондықты сыйлаған гол болды. Испания қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, 2010 жылдан кейін араға 16 жыл салып әлем чемпионы атанды. Ал осы ойында гол соғылмай, барлығы пенальти сериясында шешіліп, Месси бастаған чемпиондар жеңімпаз атанса, нағыз әділетсіздік болар еді. Финалда сүреңсіз өнер көрсетіп, жетістікке жетуде футбол заңы да қаламайды. Сондықтан түбінде барлығы испандықтардың пайдасына шешілді.

Испанияның жеңісін бір футболшының ғана еңбегі деп айтуға болмайды. Команданың басты күші бірлігі мен жүйелі ойыны болды. Бас бапкер Луис де ла Фуэнте әр футболшының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жұлдызды есімнен гөрі ортақ тәртіпке сүйенді. Испания финалда допқа 65% иелік етіп, қарсылас қақпасына 12 дәл соққы бағыттады.

АРГЕНТИНА ТАҒЫ ТӘНТІ ЕТТІ

Бұл мундиальда әлемнің экс чемпионы Аргентина құрамасы өз жанкүйерлерінің үмітін толық ақтады. Тәжірибелі ойыншылар мен жаңа буын футболшыларының үйлесімі команданы финалға дейін алып келді. Әр матчта мінез көрсеткен аргентиналықтар қиын қарсыластарды жолдан тайдырып отырды.

Топтық ойындардағы жағдай әу баста жеребе тартылғаннан белгілі болған. Дәл солай алғашқы кездесуде Алжирді 3-0, одан соң Австрияны 2-0, Иорданияны 3-1 есебімен жеңіп, топта көш бастап шықты. Қызығы сол, үш кездесуде әлемді аяғына телмірткен Лионель Месси 6 гол соғып, таң қалдырды. Плей-офф ойындарында турнирдің жаңалығы болған Кабо-Вердемен иық тіресті. Айқын басымды аргентиналықтарда болған, дегенмен барлығы қосалқы уақытта шешілді. Одан кейінгі жағдай тіпті қиын болған. 1/8 ойынында Салах бастаған Египет құрамасы күтпеген жағдай тіркеп, негізгі уақыттың 80-ші минутына дейін 2-0 есебімен басым тұрған. Алайда Ромеро артынша Месси, сосын Фернандес үсті-үстіне гол соғып, матч тағдырын 12 минутта шешіп тастады. Бұл тамаша камбэктен кейін әлем желіде әңгіме желдей есті. «Аргентинаны сүйреп жатыр, чемпион қылғысы келеді» деген секілді ағылған ақпараттан көз сүрінді. Десек те олар өздерінің жеңісті жорығында дәлелдеуге болатын кездесудің алда тұрғанын білмейтін еді.

1/4 ойындық кездесу. Европадағы қорғанысы мықты құрамалардың бірі Швейцария жігіттерімен жол түйісті. Мұнда да негізгі уақыт тең тіркеліп, қосымша уақытта 3-1 есебімен жеңіске жетті. Біз айтып отырған кездесуі күні туды. Томас Тухелдің шәкірттері жолына түскенді жайпап, атарға оғын сайлап отырған. Скалони екеуін қатар қойсақ, жолдары оңай болмаған бапкерлерді көреміз. Бұған дейін бірнеше финалда жолы болмай кеткен ағылшындықтар, ойынға сақадай сай болды. 60 минут алаңда лайықты қарсылық білдіріп, шабуылды үдете түскені бар. Осылайша Гордон тамаша гол соғып, финалға бір аяғымен шығып қойған. Міне, осы тұста неге екені белгісіз Англия құрамасы түсініксіз шешімге бет қойды. Барлығы бірдей қорғанысқа түсіп, доп тек аргентиналықтарда болды. Құлады, сүрінді, оңнан келгенін баспен, солдан келген шабуылды аяқпен шығарып отырды. Алайда мұндай қамалды 85-ші минутта Мессидің пасынан кейін Энсо Фернандес бұзып-жарды. Тамаша голдан кейін сенімділікке ие болған аяқдопшылар алаңда еркін көсілді. Сәтті пас алмасу ақырында тағы да Мессидің аяғына жетіп, оң аяғымен айып алаңына доп жеткізді де, қосалқы құрамнан шыққан Лаутаро Мартинес басымен тамаша гол соқты. Соған дейін сыр бермеген қақпашы Пикфорд ақырында мұндай соққыларға дайын болмай шықты. «Қуан, Аргентина!» деп ән салған жігіттері осылай жеңісті жұлып алды. Ал шешуші жағдай бізге мәлім.

Ашығын айтуымыз қажет, Аргентина құрамасының ойыны көпшілікке ұнай қоймады. Алаңда мінезбен қарсыластарды қиратып, төрешінің қалтасынан сары қағаз шығаруға итермелейді. Оның арғы жағында финалдағы кездесуден соң Парадестің не істегенін ел біледі.

ЕУРОПАНЫҢ ҮСТЕМДІГІ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ

Кейінгі әлем чемпионаттарына көз жүгіртсек, шешуші кезеңдерде еуропалық құрамалардың тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін байқаймыз. 2026 жылғы мундиаль да осы үрдісті өзгертпеді. Жартылай финалда Испания, Франция және Англия ойнаса, Латын Америкасынан тек Аргентина ғана бұл кезеңге жетті. Бұл кездейсоқтық емес.

Еуропа елдері кейінгі жиырма жыл бойы футбол ғылымына, медициналық дайындыққа, аналитикаға және балалар академияларына миллиардтаған қаржы құйып келеді. Нәтижесінде олардың ұлттық құрамалары жоғары деңгейдегі ойыншыларды үздіксіз шығарып отыр.

2026 жылғы әлем чемпионаты тағы бір маңызды өзгерісті көрсетті. Қазіргі футболда жұлдыздардың көп болуы жеңіске жетудің кепілі емес. Командалар жоғары прессингке, әмбебап ойыншыларға және позициялық ойынға көбірек мән бере бастады. Қорғаушылар шабуылды бастайды. Жартылай қорғаушылар бірнеше қызметті қатар атқарады. Шабуылшылар қорғаныста да жұмыс істейді. Басқаша айтқанда, қазіргі футбол толыққанды командалық ойынға айналды.

Мұнымен қоса осындай ойындар жаңа буынның дәуірі басталғанын айқындады. Бұған дейін де әрбір әлем чемпионаты жаңа қаһармандарды дүниеге әкелді ғой. Бұл жолғы мундиаль да бұл дәстүрден жаңылған жоқ.

Жас футболшылар қысымнан қорықпай, шешуші сәттерде жауапкершілікті өз мойнына алды. Кейбірі әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналса, енді бірі алдағы он жылдықтың басты ойыншыларының қатарына қосылатынын дәлелдеді. Яғни Ламин Ямаль, Пау Кубарси секілді жастар әлем футболының болашағы кімдердің қолында екенін көрсетті. Ерекше есте қалғаны финалдан кейін Месси мен Ямальдың құшақтасқан сәті өткен дәуір мен жаңа кезеңнің символындай әсер қалдырды.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ

2026 жылғы мундиаль тек спорттық емес, экономикалық тұрғыдан да рекорд жаңартқан турнир болды. Туризм, қонақүй бизнесі, әуе қатынасы, жарнама және телехабар тарату құқықтары миллиардтаған долларлық айналым қалыптастырды. Үш мемлекетте мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, инфрақұрылымға салынған инвестиция ұзақ мерзімді экономикалық пайда әкелетін жобаға айналды.

Футбол бүгінде әлемдегі ең ықпалды индустриялардың бірі екенін бұл чемпионат тағы бір дәлелдеді. Ал енді мұндайдан Қазақстан қандай сабақ алады?

Ашығын айтайық, әлем чемпионаты аяқталған сайын қазақстандық жанкүйерлердің көкейінде бір сұрақ тұрады: біз бұл деңгейге қашан жетеміз?

Жауабы қарапайым болғанымен, жүзеге асыруы күрделі. Бірінші кезекте балалар футболын түбегейлі дамыту қажет. Екіншіден, кәсіби бапкер даярлау жүйесін күшейту маңызды. Үшіншіден, клубтардың инфрақұрылымын халықаралық талаптарға сәйкестендіру керек. Төртіншіден, футболды қысқа мерзімді нәтиже емес, ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастыру маңызды.

Білеміз, Испания, Франция немесе Аргентина бір күнде чемпион болған жоқ. Олар ондаған жыл бойы қалыптасқан жүйенің нәтижесін көріп отыр. Қазақстан да дәл осындай жүйелі бағытты таңдағанда ғана әлем чемпионатына тұрақты қатысатын мемлекеттердің қатарына қосыла алады. Бұл жолғы бізді қуантқан жаңалықтың бірі – келесі төрт жылдық мерекесіне 64 команданың қатысуы. Ал бұл біздің ел үшін үлкен мүмкіндік. Әлем чемпионатына жолдама алып, жер-жаһанға ел аты шықса әрбір қазақстандық үшін үлкен мәртебе. Келесі мундиаль қайда өтеді десеңіз, алғашқы кездесулерді Парагвай, Уругвай, Аргентина қабылдайды. Одан соң ойындар Испания, Португалия, Марокко елдерінде өтіп отырады.

Қорытынды. 2026 жылғы әлем чемпионаты футболдың өзгеріп жатқанын анық көрсетті. Жаңа формат өзін ақтады. Жас ойыншылар жауапкершілікті өз қолына алды. Тактикалық футбол жаңа деңгейге көтерілді. Физикалық дайындық пен технология бұрынғыдан да маңызды рөл атқарды.

Айта кетейік, турнир қорытындысында Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родри әлем чемпионатының үздік ойыншысы атанып, «Алтын доп» жүлдесін иеленді. Үздік қақпашыға берілетін «Алтын қолғап» Испания қақпашысы Унаи Симонға табысталды. Ол жарыс барысында жеті кездесуде қақпасына гол жібермеді. «Үздік жас ойыншы» атағын испаниялық Пау Кубарси алды. Ал турнирдің ең үздік сұрмергені Франция шабуылшысы Киллиан Мбаппе болды. Ол әлем чемпионатында 10 гол соғып, екінші рет қатарынан «Алтын бутсы» жүлдесін жеңіп алды. Мбаппе бұл көрсеткіш бойынша сегіз гол соққан Лионель Мессиді артта қалдырды.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!