Ағылшын тілін меңгеру – жай ғана қосымша қабілет емес, білім мен мүмкіндіктің жаңа есігін ашатын маңызды құрал. Әсіресе IELTS халықаралық емтиханы көптеген талапкер үшін жоғары оқу орнына түсуге, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға және шетелде білім алуға жол ашады. Алайда бұл тестке қалай тиімді дайындалуға болады? Қандай әдіс нәтиже береді? Осы сауалдарға жауап алу үшін IELTS пәнінен оқытушының тәжірибесіне сүйендік.
Кейінгі жылдары жастардың ағылшын тілін үйренуге деген қызығушылығы айтарлықтай артқан. Ақерке Ағыбайдың айтуынша, ол ай сайын шамамен 30-40 студентті IELTS емтиханына дайындайды. IELTS сертификаты беретін артықшылығы көп.
Қазіргі талапқа сәйкес, IELTS емтиханынан 6.0 ұпай жинаған оқушы ҰБТ-дан қосымша 50 балл алады. Бұл ЖОО-ға түсу жолындағы бәсекелестікті жеңілдетіп, талапкердің мүмкіндігін арттырмақ. Екіншіден, университетке түскеннен кейін академиялық ұтқырлық бағдарламасы арқылы бір семестр бойы шетелдік оқу орнында білім алуға жол ашылады.
Дегенмен жоғары нәтиже бір күнде келмейді. Кейіпкердің пікірінше, IELTS-ке дайындалудың басты қағидасы – өз- өзіңді алдамау. Көптеген оқушы тек сөз жаттаумен немесе грамматиканы қайталаумен шектеледі. Алайда мұндай тәсіл ұзақ мерзімді нәтиже бермейді. «Құр сөзді жаттай беру – ең үлкен қателіктің бірі. Тілді өмірде қолданбасаң, жаттағаның тез ұмытылады», – дейді ол.
Ақеркенің айтуынша, IELTS емтиханы төрт негізгі дағдыдан тұрады: тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым. Табысқа жету үшін осы төрт бағытты қатар дамыту керек. Бір дағдыны жетілдіріп, екіншісін назардан тыс қалдыру емтихан нәтижесіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан күн сайын әрқайсысына уақыт бөліп, жүйелі түрде дайындалу қажет.
Тілді меңгерудің тағы бір тиімді жолы – оны күнделікті өмірде қолдану. Кейіпкер студенттеріне халықаралық тілдік платформалар арқылы шетел азаматтарымен сөйлесуді ұсынады. Әсіресе «HelloTalk» секілді қосымшаларда түрлі елдің тұрғындарымен тілдесіп, еркін әңгімелесу тілдік кедергіні жоюға көмегін тигізеді. «Сен оқыған нәрсеңді сол сәтте қолданып көрсең, миың оның қажет екенін түсінеді. Сонда ғана жаңа ақпарат ұзақ уақыт есте сақталады», – дейді оқытушы.
Оның тәжірибесінде студенттердің қызығушылығын сақтауға арналған ерекше тапсырмалар да бар. Мәселен, күніне небәрі он жаңа сөз жаттау ұсынылады. Бірақ ең маңыздысы – сол сөздерді жаттап қана қоймай, оларды өмірде қолдану. Студенттер жаңа сөздерді пайдаланып қысқа бейнеролик түсіреді немесе достарына сұрақ қойып, сөйлесу барысында қолданады. Бұл әдіс сөздік қорды табиғи түрде байытып, сөйлеу машығын қалыптастырады. «Тіл – тек кітаптағы ереже емес, ол – қарым-қатынас құралы. Сондықтан оны жаттаудан бұрын, күнделікті өмірде қолдануды да үйрену керек», – дейді маман.
Кейбір студенттердің жетістігі дәл осы жүйелі еңбектің нәтижесі. Оның шәкірттері арасында бастапқыда IELTS-тен 5.5 ұпай алып жүрген жастар күнделікті практика жасап, барлық тапсырманы уақытылы орындаудың арқасында нәтижесін 6.5 баллға дейін көтергендер аз емес. Бұл – тұрақты еңбек пен дұрыс әдістеменің жемісі.
Әрине кез келген дайындық барысында шаршау, жігердің төмендеуі немесе өз мүмкіндігіне күмәндану секілді кезеңнің болуы орынды. Мұндайда адамның алға жетелейтін ең үлкен күші – мақсаты мен арманы. Кейіпкердің сөзінше, қызығушылықты сақтап тұратын ең мықты құрал – болашақта осы еңбектің міндетті түрде ақталатынына деген сенім. «Арманыңа жететініңе сенсең, күнделікті дайындық та ауыр көрінбейді. Сол сенім ғана адамды тоқтатпай, алға жетелейді», – дейді ол.
Шын мәнінде, IELTS – тек емтихан емес, адамның тәртібін, табандылығын және жауапкершілігін сынайтын белес. Жоғары нәтиже кездейсоқ келмейді. Ол күн сайынғы ізденіс пен үздіксіз еңбектің, қателіктен қорықпай қадам жасаудың нәтижесі. «Тамшы тама берсе – тас жарады» демекші, күн сайынғы аз ғана қадам уақыт өте келе үлкен жетістікке айналады.
Фариза ТУРЕХАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
